
Солтүстікқазақстандықтар алдында ел ризығын ысырапсыз жинап алу секілді асқаралы
міндеттер тұр
Солтүстікқазақстандықтар алдында ел ризығын ысырапсыз жинап алу секілді асқаралы
міндеттер тұр
Теріскейдің жазы малға да, жанға да жайлы тиген сыңайлы. Жауын-шашынын да, аптап ыстығын да молынан төкті. Ерте көктемнен таңмен таласа тұрып, күн батқанша дамыл таппаған диқан қауымы төккен тердің еш кетпегеніне қуанулы болса, бір жағынан қобалжулы. Астық өндірісіне жаңа ресурс үнемдеу технологиясын қолданудың арқасында 3,6 миллион гектар алқапқа сіңірілген дәнді дақылдар бүгінде жайқала өсіп, масаты кілемдей құлпырады. Алайда, жергілікті синоптиктердің болжауына қарағанда, күздің ылғалды болатын түрі бар. Жауапты науқанға ерте бастан қам жасап, әзірлік шараларын күшейтіп жатқандары сондықтан. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ақпараттары бойынша ораққа 9500-дей астық жинайтын техника қатыспақ. Олар түгелге жуық дайындық сапында тұр. 2400-і жоғары өнімді егіс кешендері саналады. Жыл басынан бері 8,7 миллиард теңгенің 658 техника бірлігі сатып алынды. Күзгі дала жұмыстарын атқаруға 78 мың тонна жанар-жағармай қажет болса, үштен бірі жеткізілді. Бір проблема сапалы астық сақтау саласында туындап жататын. Жыл аяғына дейін 190 мың тонналық 10 элеватор пайдалануға берілмекші. Сөйтіп, астық кәсіпорындарының саны 54-ке жетіп, 3,5 миллион тонна ел ризығын қабылдауға қауқарлы болады. Бұған агроқұрылымдардағы 2,7 миллион тонналық қоймаларды қоссақ, бұл мәселе де біртіндеп шешімін таба бастаған тәрізді. Өсімдік зиянкестеріне қарсы химиялық дәрілеу шаралары мұқият жүргізіліп, түрлі аурулардың өршуіне жол берілмегенін айта кеткен жөн.
Орақ науқанына әзірлік жұмыстарын тікелей өз бақылауына алған облыс әкімі Самат Ескендіров шаруашылықтарды аралап, нақты жағдаймен танысуды әдетке айналдырған. Кезекті бір жұмыс сапарында Есіл ауданында болып, 20 мың га алқапқа жайқалта астық өсірген « Атамекен-Агро-Есіл» ЖШС-нің егіс танаптарын аралап көрді. Оның басшысы Ермекбай Айдарбеков гектар берекелігі 20 центнерден асып түсетінін жеткізді. Бұлардан «Агро-Александровка» серіктестігінің де қалысатын түрі көрінбейді. Былтырғы табыстың бір бөлігін машина-трактор паркін жаңалауға жұмсапты. «Ильинское» агроқұрылымы көп жылдан бері инновациялық технологияларды кеңінен пайдаланып келеді. Содан бері орташа түсім 20 центнерден кеміген емес. 17 мың гектар жерге астық өсіріп отырмыз. 100 миллион теңгеге екі астық кептіргіш қондырғысын орнаттық. Мал шаруашылығымен де шұғылданамыз, деді өз сөзінде серіктестік жетекшісі Александр Бурлев.
Ауданда жұмыс істейтін 81 ЖШС, 200 ШҚ 275 мың гектар алқапқа өсірілген бітік егінді шашпай-төкпей жинап алуға тас-түйін әзір екені бірден аңғарылады.
Аймақ басшысы Қызылжар ауданына қарасты «Әби-Жер» серіктестігінің алқаптарына соғып, бидай мен рапс өсірудің сынақ тәжірибесіне назар аударды. Мұнда израильдық минералды тыңайтқыш көмегімен өнімділікті 5 центнерге дейін арттыру жолдары қарастырылса, Аққайың ауданында қоныс тепкен «Дайындық» шаруа қожалығы әр гектардан кемінде 35 центнер өнім алуға серт еткен.
Самат Сапарбекұлы диқандармен кездесуде Үкімет тарапынан егін орағын ұйымшылдықпен өткізудің барлық жағдайы жасалғанын, жанар-жағармайдың қолжетімді бағамен босатылғанын, Отан қамбасына мол астық құю мақсаты орындалатынын жеткізді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.