20 Тамыз, 2013

Енді Қысқы Олимпиада Алматыда өтуі мүмкін

321 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда 2022 жылғы Қысқы XXIV Олимпиада ойындарын өткізу жөнінде ұсыныс енгізу мәселесіне арналған алғашқы жиын өтті. Оған Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Ерлан Қожағапанов пен қала әкімі Ахметжан Есімов қатысты.

Алматыда 2022 жылғы Қысқы XXIV Олимпиада ойындарын өткізу жөнінде ұсыныс енгізу мәселесіне арналған алғашқы жиын өтті. Оған Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Ерлан Қожағапанов пен қала әкімі Ахметжан Есімов қатысты.

Жиында Ерлан Қожағапанов Халықаралық Олимпиада комите­тінің сессиясында Олимпиада ойындарын өткізетін қала анықталатынын айтып, қазірдің өзінде оған бірнеше қаланың үміткер болып отырғанын жеткізді. Осы жерде ол Олимпиада ойындары өтетін қала бірнеше кезеңнен өтуі тиіс екенін, әуелі қала өтінішті 2013 жылдың 14 қазанына дейін беріп үлгеру керектігін айтып, содан кейін ғана Олимпиада өткізуді анықтайтын бағалау комиссиясы 2014 жылдың шілде айына дейін өзіне тиесілі жұмыстарды жүргізетінін атап өтті. «Осы кезең­дерден өткеннен соң ғана 2015 жылдың тамыз айында ХОК-тің сессиясы бір қаланы таңдау процедурасын жүргізеді», деді ол.

Алматы қаласының әкімі Олимпиада ойындары өтетін қала­ны таңдау барысында сол елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы ескерілетінін айтты. Онда А.Есімов осы кезге дейін біздің еліміз ЕҚЫҰ Саммитін, Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің съезі мен Қысқы Азия ойындарын тиісті деңгейде өткізгенін, одан басқа спорттың қысқы түрлерінен тұғырдан секіруден Әлем Кубогы кезеңдерінің, допты хоккейден әлем чемпионаты өткенінен хабардар етті. «Ал қазір 2017 жылғы Универсиаданы өткізу үшін тиіс­ті нысандар салынуда. Бұл халық­аралық маңызы бар шараны да біздің ел жоғары деңгейде өткізетініне сенеміз», деді ол. Осыдан кейін қала әкімі Ахметжан Есімов ХОК 2022 жылғы Қысқы Олимпиаданы өткізуге өтініш берген қалалар қатарына Алматыны енгізу туралы жазылған хатқа қол қойды.

Дастан КЕНЖАЛИН,

«Егемен Қазақстан».