Руханият • 06 Наурыз, 2020

Қандай қызық көктемменен кездескен...

944 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қандай қызық көктемменен кездескен –

Бақыттан жылаған.

Күрсіндіріп, күз келгенін сезбестен,

Күнге ұнаған...

Қандай қызық көктемменен кездескен...

 

Қандай қызық

көктемменен

кездескен –

Қимай қарасқан.

Ақыл-ойдың ну орманын

кезбестен,

Адасқан...

 

Қандай қызық орамалмен кездескен –

Сүрткен көзіңді.

Һәм шығару ертең ерер сөзді естен

Және өзіңді.

 

Қандай қызық орындықпен кездескен –

Теңізге қараған.

Тіршіліктің тізіміне енбестен,

Сағат санаған...

Қандай қызық ағынменен кездескен –

 

Алыс сүйреген.

Берекесіз дүниеден безбестен,

Қайта билеген.

 

Қандай қызық жапырақпен кездескен –

Жаңа таңы атқан.

Көшелерде күндіз-түні көз көшкен

Күліп баратқан...

Қандай қызық қызғалдақпен кездескен –

Саған терілген.

Содан кейін самал желге жолда ескен

Жақсы көрілген.

 

Қандай қызық теңізбенен кездескен –

                                         тұзды су алған.

Ешкімге де, ештеңеге сенбестен,

Қуанған...

Гүлнар САЛЫҚБАЙ

  

...Көктем келді көкке жазып атыңды,

Бір өзгеше нұрлы аспан...

Беу, жүрегім, неге сүйдің, ақынды,

мұң басқан...

 

Көктем келді

құс қанатты

ән болып,

әуеніне елітіп,

жапырағыма

жан қонып,

қыс самайым ерітіп

 

Жанарымды осып

өтті жыр қамшы

оянды да қыз-үміт,

тағдыр атты

шатырымнан

 бір тамшы

құлап түсті үзіліп...

 

бір ғажайып орнай қалып қыр жақта

бұл-бұл ұшып өткен күн...

Мені бастап бара жатыр бір баққа

Ханзадасы көктемнің!

 

Сол бір бақта адасулар жоғалса,

аспанынан төккен мұң....

Мен өзіңе жолыққанша

О, қанша

қарашаны өткердім...

Елена ӘБДІХАЛЫҚОВА

 

Ханамиде,

Сакура гүлдегенде,

Шие ағашын мадақта,

Күнде кел де,

Жүрегіңе жеткендей бейіш лебі,

Фудзи жақтан жел демі үрлегенде.

Аппақ гүлі ағаштың – ерекше гүл,

Күлкі сыйлар аралға

бөлекше бір,

Сайгётанка арнаған,

Басё – хайку,

«Сакураны саялап, – деп, – өтсе өмір...»

Фудзи тауын бөктерлеп жүрер тірлік,

Ұмытарсың мұңыңды бірер күндік.

Қырғауылдар қиырдан сәлем жолдап,

Беріледі тылсымнан бір еркіндік!!!

Көктем келді – Жыл келді, гүлденді аймақ,

Жадырайды жабырқап жүрген бейбақ.

Сарқырама биіктен түседі ыршып,

Күлтемен қауышар күндерді ойлап...

Күншығыста – сакура гүл жарғанда,

Қол жеткендей болады күллі арманға.

Сакэ ішеді самурай шөлін басып,

Асқақ қарап, Өткінші бұл жалғанға...

Жанат ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ

 

Даланы сүйіп қайтса

таң самалы,

қарағай қаладағы

ән салады…

Жаныңнан пыр-пыр

ұшса аққу-өлең,

Жүректің сезілмейді-ау

шаршағаны…

 

Ақпанның артта қалып дауылдары,

Ақкөңіл бұлттың бәрі ауылдағы –

аңқылдап жауып кетсе Ақтөбеге!.

Жүректің ұмытылар ауырғаны…

 

Бұл көктем…көктем емес, тылсым ба еді?

Бұл өмір өмір емес, қыршын ба еді…

Күркіреп бір найзағай ойнап кетсе –

Жүректің білінбес ед күрсінгені!..

 

Күндердің қызылы не, күреңі не…

Бір дүмпу беріңдерші Жүрегіме!..

Жанна ЕЛЕУСІЗ

 

Бие-бұлттан жылы саумал сауып қыр,

Еріді қар, Күн демінен тауып нұр.

Елжіреген табиғат,

Жаңа жаңбыр

жанарынан

Жасыл көктем

жауып тұр.

Көктемде болар бүкіл

әлемнің тылсымы:

Жыр сыры сонда,

нұр сыры сонда,

бүр сыры...

Дәл бір мендегі мазасыз

жүрек дүрсілі –

Дәу тамшылардың

шатырды тепкен тырсылы.

Тебілетіндей темірдің қанша жазығы?

Тыңдамады оны тұнық тамшының таза үні.

Мендік бір сезім мөлт етіп барып құлады:

«Туған күніңмен, нәзіктіктердің нәзігі!»

Сағыныш түстес көктемгі сәуле сейілі,

Сағыныш түстес мұңайған тамшы кейібі.

Кешір, қызыңның естілмей жатса кей үні,

Мерекеңмен сол, мейірімділердің мейірі!

Өзің секілді жымияды Күн, қарашы!

Жымияйын мен, жылама тек сен, анашым!

Көктемде екен ғой бүкіл әлемнің жұмбағы:

Ана мен қыздың, аспан мен жердің арасы.

Назира БЕРДАЛЫ

 

Төрт-ақ маусым, төрт мезгіл, төрт құбыла,

Талайына пенденің шақ ғұмыр, ә?!

Бір маусымнан көшкенше бір маусымға,

Басыңнан да көшеді бақ құбыла.

 

Бақ көшеді, қонады қайда барып,

Ақын отыр аларып, Айға налып.

Құлагер – қаламына мініп алып,

Қалыңдық іздеп кетті

бойдақ әріп.

 

Аспанда алақанын

жайған Ай-ды,

Алайда ол да бізді

ойламайды.

Қаламын жетектеген

әріп-ақын,

Қағаздың аппақ

тәнін аймалайды.

 

Тағдырдың тісін санап

 кетілмеген,

Келеді ақын тобыр, нөпірменен.

Екі ғасыр өмірге бұрын келіп,

Еліне жаны ашиды жетілмеген.

 

Ес – бүтін, ақыл – аман, сана – сергек,

Өмір өзі жүзіңе салады өрнек.

Бесінші бір маусымды күтіп ақын,

Бейітінің басында қала бермек.

 

Қыс өтер көрпелері құрақтанып,

Көктем келер көзінен шуақ тамып.

Жаз бен Күз, сонан кейін тұрады ылғи,

Тағы да бір маусым бар сияқтанып.

 

Төрт маусым жол тартады кезеңдерге,

Тағдырдың талқысына төзер мен бе?

Беу, ақын, бұ жақта емес, бақи жақта,

Бесінші маусым барын сезем мен де.

Асылзат АРЫСТАНБЕК

 

Имани нұр төгіліп

келбетімнен,

Жанымнан қалап алдым

жыр-мұнара.

Мейірге мұқтаж мынау

жер бетінен,

Мендағы Адам іздеп

жүрмін, аға!

 

Пенде боп адастым ба періштемнен,

Пердесін жаңа аштым ба жалғанымның?

Көрмедім азайғанын мен ішкеннен,

Құнанбай баласынан қалған удың...

Өлең боп көз алдымнан көшті жалған,

Көңілдің тазармады тоты да әлі.

Арзу мен тілегімді естіген жан,

Жазуын жүрегімнің оқымады...

 

Қалдым ба әлдекімнің наласына,

Емес ем сағынышты күзге өкпелі.

...Неге осы көктем келсе аласұрам,

Бір Бақыт келетіндей іздеп Мені?

 

Сол Бақыт келе ме деп мен мұңайдым – 

Көзімде үкілі үміт үлбіреді.

Енеді есігімнен енді қай күн –

Бүгін бе? Ертең бе әлде? Кім біледі?

Бақытгүл БАБАШ

 

Көктем туса көп

іздейтін қыр гүлін,

Менің мұңым түсінгенге 

нұрлы мұң.

Айдыныма ай жүздірген

сәттерде,

Жанарыңның

жарығына сүңгідім.

 

Тауқызы едім бақыты

шың, бағы арай,

Еңсені езер еңістерге

                       қарамай

Сайдан құлап аққан жылға не дейді,

Қайнарбұлақ басындағы қарағай?

 

Мұнартаудың етегінде мұңлы ырғақ,

Шолпан туар шолпысымен түнді ұрлап.

Аспантауға асылатын секілді,

Жұлдыздардың сырғалары сыңғырлап.

 

Жұлдыздарға сен де, мен де жақынбыз,

Жарығынан жаһұт теріп жатырмыз.

Қайнарбұлақ басындағы қарағай,

Аспантаудың етегінде ақын қыз.

 

Ай да жалғыз, мен де жалғыз, ол жалғыз,

Жалғыздықтың жырын талай толғармыз.

Қайнарбұлақ… қарағайдың қасында –

Қарашығы қараөлеңге толған қыз.

Мақпал МЫСА

 

 

Көктемнің айы келеді дей ме?

Үміттімін ғой онда мен.

Жансыздың өзі сенеді

кейде,

Мен де бір бұлақ

болмақ ем.

 

Көктем келеді!

көңілденемін,

Бойымнан шығып қылық мың.

Өзімнен өзім жеңілген едім,

Өзгелерді де ұмыттым.

 

Көктемді ақын жырласын оңды,

Жылғамен аққан суды да.

Қаламым жалғыз сырласым болды,

Құштарлығымды білді де.

 

Тырс еткен тамшы тылсым сыр ұқсам,

Моншақ боп жіпке өтпеген.

Жүрегімді алып қиынға тықсам,

Бір болар едім көппенен.

 

Өлең жазамын «Уақыт» деген,

Қайтара алмай тасқынды.

Құлқынды әрең құлатып келем,

Ақылым айлап аш қылды.

«Қасиет бар» дер тегімде менің,

Тірлікте тінтіп, шоқысам.

Көктем келеді.

...қөңілденемін,

Бір ауыз өлең оқысам.

Салтанат СМАҒҰЛОВА

 

 - Гүлді қойшы... гүл ғой ертең солады...

- Сізді қойшы....

(Адастырар жол əлі)

- Бүгін қай күн?

- Наурыздың сегізі...

- Бəрі жақсы

болады!

 

Қар жауып тұр,

Жұтаңдығын

                         жасырмаққа қаланың,

Ал менің ше?..

Мендегі ескі  жараның,

Бүгін тағы батқандығын жаныма,

Ұқпады ешкім... Үнсіз кетіп барамын...

Білу ауыр саған ол жан бөтенін,

Қаншама жыл қайғымды өзім көтердім...

Алғаш рет гүлге... сосын... сізге де...

Селт етпедім...

Білмейм, неге екенін...

Гүлді аядым жазығы жоқ сыйланған,

Сізді аядым күлген болып қиналған.

Сосын...

сосын...

жүрегімді аядым,

Жоқ бақыттың баянына иланған...

Бір тал гүлін құшақтаған тым мұңлы,

Тағы аяйсың жол қараған құрбыңды.

...Ең дұрысы шай ішіп ап ып-ыстық.

Тәтті ұйқыға арнау керек бұл күнді.

- Гүлді қойшы... гүл ғой ертең солады...

- Бізді қойшы.... (Адастырар жол əлі)

- Бүгін қай күн?

- Наурыздың сегізі...

- Бəрі жақсы болады!

 Айжан ТӘБАРАКҚЫЗЫ

 

Көңiлiмдегi көктемдi күткем...

күткем...

Келмеді.

Қуанып қызыл көйлегiн кидi қыз бiткен –

Жердегі.

 

Гүл өспей жатып семгенi,

Сағына алмаса – ешкімiң.

Кеш, күнiм.

Көктем келді деп қуанды құрбым –

Көрмедiм,

Естiдiм.

 

Кiнәлi мен бе?

Көктем бе?

Көктем ғой...

(ел сенер...)

Шын жазықтының

 кiнәсi – Өзгеде

екен ғой,

Өкпелегiсi келсе егер.

 

Көп гүлдер өспес

орнына өртең – қатенiң.

Қате ұғым,

көктеммен сезім келмейді!

Өткен еридi!

Кешірiм – жалғыз аты Оның.

Құндыз ЖҰБАЕВА