...Қызғалдақтай құлпырып желкілдеп өсіп келе жатқан Эльмира анасына «мама, мен десант боламын» дегенде шешесі таң-тамаша қалды.
– Қызым-ау, десант болу ер-азаматтарға тән. Қыз баланың орны басқа. Ойлан, – деді шешесі алабұртып тұрған қызын шашынан иіскеп, бетінен сүйіп.
Ал Эльмира неге екені өзіне де түсініксіз, қажырлылық пен жігерлілікті көп талап ететін ерлер иеленетін мамандықтарға жастайынан құмартты. Бәлкім, бұл мектеп қабырғасында жүргенде спортпен айналысқанынан да шығар. Сондықтан ол бәрібір ер-азаматтарға тән мамандықты таңдады. «Мирас» университетінің заң факультетін бітірген соң облыстық ішкі істер басқармасына қызметке орналасты. Осында жүріп ол болашақ жары Ерлан Макатовпен танысты. Қазір департаментте инспектор болып қызмет істейтін Эльмираның әскери шені капитан. Ал Ерлан әскери полиция қызметкері. Шені – майор.
Жастайынан десант болғысы келетін Эльмира парашютпен бір рет те болса секіруді армандап жүрді. Тіпті, тұрмыс құрып, балалы болғанда да ғажайып та жұмбақ, тылсым сырға толы аспан әлемі оны ұдайы өзіне шақыратын. Ол әуедегі ұшаққа қызыға қарайтын. Өзін сол биікке ойша шығарып үлгереді. Сан-салалы қауырт жұмысының, бітіп болмайтын үй тіршілігінің қалтарыстарынан бос кеңістік тауып, десанттар, парашютшілер туралы көркем фильмдер көргенді ұнатты.
Бір күні Ерлан үйге қуанып келді.
– Сенің бала күнгі арманыңды орындаудың реті келді! Сүйіншіңді дайындай бер, – деген.
– Ол қандай арман?
– Парашютпен секіресің.
– Қашан?
– Ертеңнен бастап жаттығуға барамыз.
– Күтпеген қуаныш адамды ұғынып болмайтын ғажайып бір сезімге жетелеуі де мүмкін. Келіншектің бойында да бір толқын жүгіріп өткен. Бәлкім, ол бала күнгі арманына ойда-жоқта қол жеткізуі шығар. Бәлкім, жұбайының уәдесіне беріктігі жүрегінің нәзік пернелерін шертіп өткендіктен болар.
Бірнеше жаттығудан соң ол көктен жерге құлдилағанда 37 жаста еді. Шын мәнінде бірінші рет парашютпен секіргенде жерге қалай топ етіп түскенін өзі де аңғармай қалды. Ал екінші рет алғашқысынан жоғарырақ биіктіктен тастағанда, ол әуеде төменге байыппен көз салып қарап келе жатыр еді.
– Сондағы сезімімді айтып жеткізе алмаймын. Міне, өзім күнде табаным тиіп жүрген жер ту-у-у төменде мені күтіп жатыр. Көз жетер аймақ түгел көрініп тұр. Аспаннан қарағанда Жер тым әдемі көрінеді екен. Әуеде қалқып келе жатқанда өз-өзіңе деген сенімділік оянады. Еркін де шексіз-шетсіз әлем құшағына кіресіз. Ал төменде сені тілектестерің тағатсыздана күтіп тұрады. Бір ғажабы, қалай парашютпен секіре бастадым, солай бойыма бұла бір күш пайда болды. Бұрын су көрсем, тұншығып қалатындай тартыншақтайтынмын. Қазір анау-мынау өзен-көлдеріңізде еркін жүземін. Тағы бір айтарым, спортпен жас кезден бастап айналысу керек деседі ғой. Бекер. Онымен шұғылдану үшін жас кедергі емес екен, – дейді бізге Эльмира Тағайдарқызы күлімсірей қарап.
Бүгінде Ерлан өзінің қызметімен қатар Парашют спорты федерациясында нұсқаушы. Жастарды парашютпен секіруге үйретеді.
Былтыр Ресейдің Мензелинск қаласында парашютшілердің халықаралық жарысы өтті. Осы жарысқа Эльмира да қатысқан. 3500 метр биіктіктен межеге дөп түсу керек еді. Тәжірибелі парашютші-спортшы келіншек екінші орынды иемденіп, грамота және кубокпен оралды. «Ішкі істер саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Эльмираның Ішкі істер министрлігінен, облыстық полиция департаментінен, облыс, қала әкімдерінен алған марапаттары жеткілікті.
Қазір федерацияда жүзге тарта парашютші бар. Солардың арасында қыз-келіншектер қатарынан Екатерина Юрьевна Савченко екеуі ғана. Екатеринаның да алған асулары көп. Ол да аспан әлеміне ғашық.
Ерлан мен Эльмираның үлкен ұлы Жиһангер ұшқыш болуды армандап жүр. Ол парашютшілерді аспанға алып ұшып жүрген ұшақпен әуеге талай рет көтерілді де. Екінші ұшқыш ретінде штурвалға отырып та көрді. Бәлкім, оның қанында әке-шешесімен келген көк зеңгірге деген құштарлық сезімі бар шығар. Ал Алмаз әлі оқушы. Таңдау алда.
Аққанат-арман парашютші келіншекті алыстарға алып ұшады. Ол өзін аспан қызымын деп санайды. Иә, біз де көктен көрінген көгершін кейіпті келіншекке көк күмбезіне самғай бер, қанатың талмасын деген тілек айтамыз.
Сабырбек ОЛЖАБАЙ