20 Тамыз, 2013

Қостанайда 13 полицейден құралған қылмыстық топ сот алдына келді

287 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Полицейские-1

Қостанайда 13 полицейден құралған қылмыстық топ сот алдына келді. Олардың арасында ұсақ қызметкерлер ғана емес, сонымен қатар облыстық ішкі істер департаментінің қызметкерлері де бар. Бұл туралы «Экспресс-К» газеті жазды.

Мұндай масқараны Ішкі істер министрлігі бұрын-соңды бастан кешкен емес. 13 адамнан құралған бұл ұйымдасқан қылмыстық топ Қостанай облысында есірткі заттарын таратумен айналысып келген. Погон таққан «құбыжықтарды» Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері ұстады. Алдымен торға

Резида Асылбаева, Алевтина Петренко және Надежда Киселева есімді әйелдер түсті. Содан соң шеңбер ширатылып сала берді. Кейін анықталғандай, аймаққа есірткі полицейлердің қатысуынсыз келмейтін болып шықты. Олардың бірі осыған қалқан болса, екіншісі көзін жұма қараған, ал үшіншісі есірткіні айналымға жіберумен айналысқан.

Тергеу қорытындысында 34 қылмыстық іс қозғалып, ол бойынша 37 адам күдікті ретінде өтті. Бұлардың 13-і полиция қызметкерлері екен.

Іс қазір сотқа өткізілген. Дүрбелеңі күшті бұл істі облыстық соттың төрағасы Асылбек Жұмағұловтың өзі қарайтын болыпты. Жақын күндерде бірінші тыңдау өткізіледі.

Құрыш Нұрымбет.