Есім ханның үлкен ұлы – Жәнібек сұлтан, екіншісі – Жәңгір хан, ал үшінші ұлы – Сырдақ сұлтан. Т.И.Сұлтановтың пікірі бойынша Есім ханның үлкен ұлы – Жәнібек XVII ғасырдың 30-жылдарының басында хан тағына отырып, ойрат тайшыларымен көп соғысқан және XVII ғасырдың 40-жылдарының басында ойраттармен болған кезекті шайқастың бірінде қаза тапқан. Ал Сырдақ сұлтаннан Хұсрау сұлтан деген ұл туады, оның ұлы тарихтан белгілі – Қайып хан.
Жәңгірдің шын есімі – Жаһангер (парсыша «әлемді бағындырушы, билеуші»). Оның Жәңгір болып айтылуы парсыша есімнің қазақ тілінің ерекшелігіне сай өзгеруінен шығып тұр. Мұндай есім XV-XVIII ғасырлардағы Орталық Азия мен Қазақстан аумақтарындағы билеуші әулет өкілдерінің арасында жиі ұшырасады.
Жәңгір (Жаһангер) ханның есімі шығыс деректеріндегі және орыс тіліндегі материалдарда XVII ғасырдың 30-жылдарының ортасындағы оқиғаларға байланысты алғаш рет кездесе бастайды. Ондағы деректердің мәліметтерінде ол сұлтан лауазымымен айтылады.
Ортағасырлық шығыс дерегі «Бахр ал-асрардың» мәліметтерінде де 1634 жылы Ташкентке жорық ұйымдастырған қазақ сұлтандарының арасында Жаһангердің есімі сұлтан лауазымымен айтылады. XVII ғасырдағы орыс-моңғол қатынастарының деректер жинағында да Жаһангердің есімі кездесіп, онда 1635 жылы оның ойраттармен болған шайқастардың бірінде қолға түскендігі туралы баяндалады.
Ең алғаш Жәңгірдің жоңғарларға тұтқынға түскендігін И.Е.Фишер өзінің Сібір тарихына арналған кітабында жазады. Онда автор 1635 жылы ойраттардың көсемі Батыр хонтайшының Есім ханмен соғысқанын айта келе, оның ұлы Жәңгір сұлтанды жоңғарлардың тұтқынға түсіргенін баяндап өтеді. Автор онда бұл дерегін қайдан алғандығын көрсетпейді. Тарихшының осы материалын кейінгі тарихшылардың бәрі қайталап, И.Е.Фишердің еңбегіне сілтеме береді. 1959 жылы Мәскеуде жарық көрген орыс-моңғол қатынастарының жинағында осы тарихи оқиғаға қатысты мәлімет кездеседі. Ол мәлімет 1635 жылдың 19 шілдесінде Тобольск приказдығының кеңсесінде ойрат тайшысы Абақтың елшілерінен жазылып алынған. Ол мәліметте ойрат тайшыларының бір тобы 1635 жылдың қыс айларында Қазақ Ордасына аттанғандығы, ал Қазақ Ордасы адамдарының ойраттарға жорыққа шыққандығы, екі жақтың бір-бірімен кездесіп қалып, үлкен шайқастың болғандығы, ойраттардың жеңіске жеткендігі, Есім ханның ұлы Жәңгір сұлтанның (деректе Янгир царевич деп жазылады – Б.К.) тұтқынға алынғандығы және сол кезде ол сұлтанның ойраттардың қолында екендігі айтылады. Кезінде Сібір тарихын жазған Иоганн Фишер осы деректі пайдаланған болуы керек, өйткені оның жазғаны мен дерек мәліметі екеуі мазмұндас келеді. Енді осы мәліметке талдау жасап көрелік.
Біріншіден, дерек мәліметі қазақ-қалмақ (ойрат) шайқасының 1635 жылдың қыс айларының бірінде өткендігін, ал бұл кезде Жәңгірдің әлі сұлтан дәрежесінде жүргендігін көреміз, яғни Жәңгір бұл оқиғаға дейін әлі хан тағын иелене қоймаған. Деректе Жәңгірдің Есім ханның ұлы екендігі, Есімнің қазақтың ханы болғандығы айтылады. Бірақ сол жылы, яғни 1635 жылы нақты кімнің хан екендігі жазылмаған.
Екіншіден, Жәңгірдің қалмақтар қолына тұтқынға түсуі – қазақ-жоңғар қатынасындағы аса маңызды оқиғаның бірі болғандығын көрсетеді. Ол туралы жоңғарлардың солтүстіктегі көршісіне хабарланып тұр. Соған қарағанда, Жәңгір сол тұста сұлтан дәрежесінде болса да, қазақ қоғамындағы алатын орны ханнан кем болмағанын немесе ханмен бірдей болғанын байқаймыз. Жәңгір де жоңғар тұтқынында ұзақ отырмай, ерте босатылып, еліне аман-сау оралады.
И.Е.Фишер, одан кейін В.В.Вельяминов-Зернов, М.Тынышпаев, И.Я.Златкин, Т.И.Сұлтанов және тағы басқа кейінгі зерттеушілер Жәңгірді жоңғар тұтқынынан ретін тауып қашып шыққан немесе кездейсоқ сәтті жағдай оның жоңғар тұтқынынан босауына жағдай жасаған деп есептейді. Егер де XVII ғасырдың 30-жылдарындағы жоңғар қоғамының ішкі саяси өміріне терең назар аударсақ, сонда ғана Жәңгірдің жоңғар тұтқынынан қалай босап шыққанын түсінуге жол тапқандай боламыз.
Тарихта Жоңғар хандығының құрылған жылы деп 1635 жылдың есептелетіні белгілі. Ал оған дейінгі кезеңде ойрат қоғамының ішкі саяси өмірі қазандағы қайнаған судай тасып тұрған болатын. Жоңғар тарихының ірі маманы И.Я.Златкиннің дәлелдеп көрсетуі бойынша осы кезеңде ойрат одағына енетін тайпалар арасында күрестер күшейіп, талас-тартыс белең алып тұр еді. Дүрбеттер көсемі Далай тайшы, шорос көсемі Харақұла тайшы, торғауыттар көсемі Хоүрлік, хошоуыт көсемі Хұндүлен тайшы және тағы басқа тайпа көсемдері жеке-дара билікке ұмтылып жатқан-ды. Талас-тартыстардың нәтижесінде торғауыттар – батысқа, хошоуттар – Тибетке қарай қоныс аударады да, ойраттар жерінде шорос тайпасының рөлі артып, жалпы билік осы тайпаның көсемі Харақұлаға көшеді. 1634 жылы ол қайтыс болғаннан кейін Харақұланың ұлы әрі мұрагері Хото-Хоцин Батыр ойрат чулганында (ойрат тайшыларының кеңесі, құрылтай секілді жиын) хошоуыттар көсемі Байбағас тайшымен бірдей дәрежеге ие болады, ал Далай-лама оған хонтайшы титулын береді. Сөйтіп іс жүзінде Батыр хонтайшы ойрат одағының жеке-дара билеушісіне айналады. Батыр хонтайшының билікке келуі қарсаңында Жоңғар хандығының сыртқы саяси жағдайы жалпы алғанда біршама тұрақты болса, ал ішкі саяси жағдайы күрделірек еді. Батыр хонтайшы ішкі саяси өмірде орталықтандырылған хандық билікті нығайту саясатын жүргізсе, кейбір жергілікті тайпа көсемдері орталық хандық билікке бағынбауға, өздерінің феодалдық мәртебесін сақтап қалуға немесе қалпына келтіруге тырысады. Осылайша Жоңғарияның өзінде Батыр хонтайшыға қарсы саяси топ пайда болады. Міне, хонтайшы мен оған қарсы топ арасындағы қайшылық Жәңгір сұлтанның жоңғар тұтқынынан босап шығуына әсер еткен деуге болады. Харақұла тайшы тұсында ойрат чулганың басқарған хошоуыт тайпасының көсемі Байбағас тайшының туған інісі Хұндүлен тайшы – Батыр хонтайшы билігінің күшеюіне бірден-бір қарсы тұрған тұлға-тұғын. Сол себепті де ол хонтайшының көптеген іс-әрекетіне кейде ашық, кейде жабық түрде қарсылық көрсетіп отырады.
1644 жылы Батыр хонтайшымен әңгімелескен Тобольск әкімшілігінің елшісі Г.Ильиннің есебінде Хұндүлен тайшы мен Далай тайшының ұлдарын, Жәңгір сұлтан мен Жалаңтөс батырды хонтайшы өзінің жауы деп санайтынын, Хұндүлен тайшының Жәңгірді қолдап отыратынын және тайшы оны таңдаулы ұлы (названный сын) деп санайтындығын баяндап береді. Міне, осы мәліметтен Жәңгірдің жоңғар тұтқынынан аман-есен босап шығуының себебі нақтылана түседі.
XVII ғасырдың 30-жылдарындағы Жәңгір сұлтанның қазақ қоғамындағы алатын орнын білген Батыр хонтайшының қарсыластары Жәңгірді өлтіртпей, керісінше онымен жақындасуды, одақтасуды ойластырған деуге болады.
Осылайша Жәңгір сұлтан 1635 жылы жоңғар тұтқынынан жоңғарлардың өз қолымен босап, туған еліне аман-сау оралады, жоңғар тайшыларының арасынан өзіне одақтастар тауып қайтады. Бұл одақтастықтың оған 1643 жылғы Батыр хонтайшы әскерімен шайқасында көп көмегі тиеді.
Жалпы, қазақ-жоңғар қатынастарының алғашқы 20 жылдай кезеңіндегі екі жақтың қатысуымен болған ірі оқиғалар саны үшеу. Біріншісі, жоғарыда атап өткен 1635 жылғы қазақ-жоңғар шайқасы және Жәңгір сұлтанның жоңғар тұтқынына түсуі болса, екіншісіне – 1643 жылғы қазақ-жоңғар шайқасы жатады. Ал үшінші ірі оқиға, ол – 1652 жылғы Жәңгір хан қаза табатын шайқас. Қарап отырсақ, осы үш оқиғаға Жәңгір тікелей қатысып, оқиғалардың басында жүрген екен. Жәңгір ханның өміріне қатысты ең көп кездесетін мәліметке – 1643 жылғы шайқас туралы мәлімет жатады. Бұл кезде Жәңгір әлі сұлтан дәрежесінде болатын. Жоңғарияға барып келген орыс елшілерінің есептерінде оның дәрежесін сұлтан деп жазады. Мысалы, 1640 жылы қыркүйек айында жоңғар қонтайшысының ордасында қазақ сұлтаны Жәңгір сұлтанның елшісі болғандығын орыс деректері хабарлайды.
1643-1644 жылғы қазақ-жоңғар соғысы туралы ең алғашқы хабарды Г.Ильин береді. Ол 1644 жылы ақпан айында Батыр хонтайшының ордасынан Тобольскіге қайтып оралып, воевода Куракинге осы соғыс туралы баяндайды. Дәл осы жылы және сол айда Тобольскіге келген ойрат көсемдерінің бірі Абылай тайшының елшісі Бахтыйдың хабарламасында да 1643-1644 жылғы қазақ-жоңғар соғысы туралы айтылып, ол да Г.Ильиннің мәліметін растайды және оны толықтыра түседі. Екі мәліметтің үзінділері И.Я.Златкиннің монографиясында келтіріледі.
Батыр хонтайшының қазақтарға қарсы жорығы 1643 жылдың қысында басталып, 1644 жылдың жазына дейін созылады. Жоңғар билеушісі жағында көптеген ойрат тайшылары, Халха билеушісінің ұлы Омбо-Эрдени болып, жалпы саны 50 мың әскер жорыққа шығады. Бұл жорыққа Жәңгірдің одақтастары Хұндулен тайшы, Далай тайшының ұлдары қатысудан бас тартқанын елші Бахтыйдың мәліметі дәлелдейді. Бір қызығы, Г.Ильиннің дерегінде Батыр хонтайшының Жәңгір сұлтанға қарсы аттанғандығы баса айтылады. Сол кездегі қазақ ханы Жәңгірдің ағасы Жәнібек болса да, ол туралы ешкім де сөз қылмайды. Барлық деректе тек Жәңгір сұлтанның есімі ғана баяндалады.
Жәңгір сұлтан жоңғар әскерінің қазақтарға қарсы дайындығынан хабардар болған сияқты. Мұны Жәңгірдің Хұндулен тайшымен достығының нәтижесі деп білу керек. Жәңгір сұлтан Батыр хонтайшының жорық бағытын да алдын ала біліп, оларға қарсы тұратын ыңғайлы жерді таңдап та алады. Самарқандағы досы Жалаңтөс батырға да хабар жібереді. Өзі 600 адамдық әскерімен жау әскеріне қарсы аттанып кетеді. Жоңғар әскерінің бағытындағы тар тау шатқалының ішінде ор қаздырып, онда мылтықпен қаруланған 300 жасағын қалдырады да, өзі қалған әскерімен қарсы беттегі тастардың артына жасырынады. Хонтайшы әскері ордадағыларға жақындағанда Жәңгірдің 300 жасағы оларға оқ атып бетін қайтарады. Екінші жақтан сұлтанның өзі соққы береді. Шатқалдың өте тарлығынан қалмақ әскері сандық артықшылығын пайдалана алмайды, еркін қимылдауға мүмкіндіктері болмайды. Батыр хонтайшы екі рет шабуыл жасайды, бірақ ол екеуі де ешқандай нәтиже бермейді. Сол кезде Самарқан әкімі Жалаңтөс батырдың 20 мыңдық әскері де келіп жетеді. 10 мыңдай адамынан айырылған жоңғар әскері кері шегінуден басқа амал таппайды. Бұл соғыс Жәңгір сұлтанның атақ-абыройы мен беделін қалай асқақтатса, Батыр хонтайшының беделіне солай зор нұқсан келтіреді.
Орыс елшісі мен жоңғар елшісінің жазбаларына қарағанда, Батыр хонтайшы бұл жорықтан еліне 1644 жылдың шілде айында оралған. Келе сала Жәңгір мен Жалаңтөстен кек алу үшін жаңа жорыққа қатты даярланады. Сонымен бірге 1643 жылғы жорыққа қатысудан бас тартқан Хұндүлен тайшы бастаған қарсылас топты жазалауды да ойластырады. Осыған байланысты ол Кузнецк уезінен көптеген қару-жарақ сатқызып алады. Бірақ неге екені белгісіз, Батыр хонтайшының келесі жылға жоспарлаған Жәңгірге қарсы жорығы жүзеге аспай қалады. Біздің ойымызша, оның екі себебі болған сияқты. Бірінші себеп – Жоңғарияның өз ішіндегі саяси жағдайдың ушығып кетуі болса керек. Хонтайшының қарсыластарын жазалауға кірісуі оны Хұндүлен тайшымен ашық шайқасқа шығуына алып келеді, бірақ хонтайшы өз мақсатына жете алмайды. Мұндай жағдайда қазақтарға қарсы жаңа жорық жасау оны тағы да масқара жеңіліске әкелері сөзсіз еді. Ал екінші себепке жататын жағдайға – осы кезден бастап Жәңгірдің бүкіл қазаққа хан болуы – Батыр хонтайшыны жаңа соғысқа барудан бас тартқызған.
Жәңгірдің дәл қай жылы хан болғаны белгісіз. Осыған байланысты Т.И.Сұлтанов мынадай пікір білдіреді: «Ағасы Жәнібек ханның өлімінен кейін шамамен XVII ғасырдың 40- жылдарының ортасына таман Жаһангер бүкіл қазаққа хан болады». Біз де осы пікірге қосыла отырып, Жәңгірдің таққа отырған кезін 1643-1644 жыл деп санаймыз. Хандық билікке келгенге дейін-ақ қазақ қоғамы ішінде өте зор беделге ие болған Жәңгірдің ағасынан кейін Түркістандағы хан тағын иеленгендігі заңды құбылыс.
1611-1642 жылдары Мауереннахрда билікте болған атақты Имамқұли хан қайтыс болғаннан кейін Бұхара тағына оның інісі Надирмұхаммед хан (1642-1645жж.) отырады. Жәңгір ханның әрі досы, әрі қарулас серігі Жалаңтөс батыр осы жылдары Орта Азияның ірі қалаларының бірі – Самарқан қаласының әкімі болатын. Сонымен бірге ол сол кезеңде Мауереннахрдың саяси өміріндегі ірі көрнекті тұлғалардың бірі болып саналатын. Ол 30 жылдан астам уақыт бойы Имамқұли ханмен жақын болады және аштарханилық әулеттің жас өкілдеріне аталық қызмет атқарады. Оның мұндай қызметі мен беделі Қазақ хандығы мен аштарханилық әулет арасындағы қарым-қатынастарды реттеуге, жақындастыруға көп көмегін тигізеді. Кезінде Есім ханның бір қызы Имамқұли ханға ұзатылса, кейін келе әулеттер арасындағы туыстық байланыстар одан әрі жалғасын табады да, XVII ғасырдың 40-жылдары Жәңгір ханның бір қызы болашақ Бұхара ханы, Жалаңтөс батырдың тәрбиеленушісі Абд ал-Азиз сұлтанға ұзатылады. Жәңгір хан мен Жалаңтөс батыр арасындағы өзара түсіністік пен сыйластыққа, достыққа негізделген қарым-қатынас 1643-1644 жылдан кейін де, яғни Жәңгірдің хан тағын иеленгенінен кейін де терең дамиды. Тіпті ол қатынас екі ел арасындағы саяси байланыстарға да тікелей әсерін тигізеді. Надирмұхаммед ханның үлкен ұлы, Жалаңтөстің шәкірті Абд ал-Азиздің 1645 жылы хан тағына келуіне тікелей болмаса да жанама Қазақ хандығының қатысы бар. Ал одан кейін 35 жыл бойы Абд ал-Азиз ханның тақта отыруына оның қазақ елімен достық қатынастарға негізделген саясат жүргізуі де әсер етсе керек. Осы жерде бір айта кетерлік нәрсе, Абд ал-Азиздің билікке Надирмұхаммед хан тақтан күштеп кетірілгеннен кейін келуі. Жергілікті саяси күштердің Надирмұхаммед ханға наразылығы, (оның ішінде Жалаңтөс батырдың да болуы мүмкін) таққа басқа үміткерлерді отырғызуға алып келеді. Үміткерлер ішінен Жәңгір ханның күйеу баласы және Жалаңтөс батырдың шәкірті Абд ал-Азиз жеңіп шығады. Оған басқа да факторлармен бірге Жәңгір мен Жалаңтөстің ықпалдары да әсер еткен деуге толық негіз бар. Ал Абд ал-Азиз хан билік құрған жылдары қазақтармен қарым-қатынас бейбіт түрде дамиды. Жазба дерек мәліметтерінде екі ел арасында есте қаларлықтай соғыстар, ұрыс-шайқастар кездеспейді. Мұндай бейбіт қатынастардың бастауында Жәңгір ханның аштарханилық әулетпен жүргізген бейбіт, туыстық саясаты жатыр деп толық сеніммен айта аламыз.
Кейбір тарихи әдебиеттерде 1652 жылғы қазақ-жоңғар соғысы жеке, екі ел арасындағы кезекті соғыстың бірі деп қарастырылады. Мәселеге тереңірек үңілсек, оның 1643 жылғы қазақ-жоңғар соғысының жалғасы екендігіне көз жеткіземіз. Бұған дейін жоғарыда айтып өткеніміздей, 1643-1644 жылғы жеңілістен кейін Батыр хонтайшы Жәңгірден кек алу үшін жаңа соғысқа дайындалады. Ол үшін оған алдыменен Жоңғариядағы Жәңгірдің одақтастары – Хұндүлен тайшыны, Далай тайшының ұлдарын жеңу керек болатын. Жоңғарияның екі саяси серкесі арасындағы келіссөздер нәтиже бермей, қатынас ушыға түседі де, ақыры 1646 жылы ол әскери қақтығысқа әкеп соқтырады. Жәңгір ханның одақтасы сол қақтығыста 250 адамынан айырылады да, шегінуге мәжбүр болады. 1647 жылы Зая Пандита соғысушы жақтарды татуластыруға күш салады. Оларды бір-бірімен жолықтырып, бетпе-бет сөйлестіреді. Бірақ ол ойдағыдай нәтиже бермейді.
Одан кейінгі жылдары жоңғар тайшылары арасында бірнеше жылға созылған қақтығыстар Батыр хонтайшыға қазақтарға қарсы аттануға қолбайлау жасайды. Бірақ та жоңғар билеушілері жаңа жорыққа даярлығын тоқтатпайды.
Батыр хонтайшының қазақтарға жорығы ақыры 1652 жылы жүзеге асады. Оған қарсы Жәңгір ханның өзі қазақ әскерін бастап шығады. Бірақ дерек мәліметтері ұрыстың қалай жүргені туралы баяндамайды. Тек Батыр хонтайшының одақтасы, хошоуыт тайпасының көсемі, Очирту-Цецен ханның 17 жастағы ұлы Галдамның Жәңгір ханды өлтіргенін ғана айтады. И.Я.Златкин дерек мәліметіне сүйеніп, Жәңгір хан жекпе-жекте Галдамнан жеңіліп өлтірілді деп жазады. Бірақ мұндай мәліметке сене қою қиын. Өйткені ұрыс басталар алдында жекпе-жекке тек екі жақтың мықты, сенімді батырларының ғана шығатыны белгілі. Ал Жәңгір ханның қалай қаза тапқаны туралы біз, өзіндік ойларымызды ортаға салып көрелік.
1643-1644 жылғы соғыста орасан көп қолмен жеңіліс тауып, масқара болған Батыр хонтайшы 1652 жылғы жорықта қалай болса да Жәңгір ханды өлтіруге бел буған. Сол үшін де ол арнайы мерген-садақшылардан адамдар даярлап, оларға ұрыстың қызған кезінде қазақ ханының жанына мүмкіндігінше жақын барып, өлтіруді тапсырған. Бұл тапсырманы жоғарыда есімін атап өткен 17 жастағы Галдам орындап шыққан.
Енді бір-екі ауыз сөз, Жәңгір ханның ұрпақтары туралы болмақ. Қолымызда бар материалдар Жәңгір ханның екі қызы және үш ұлы болғандығын айтады. Оның басқа да ұл-қыздары болуы мүмкін, бірақ олар жөнінде ешбір деректе айтылмайды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Жәңгір ханның деректерде кездесетін екі қызының бірі – аштарханилық Абд ал-Азиз ханға, екіншісі – Шығыс Түркістандағы шағатайлық Абдоллах ханның ұлы Жолбарыс ханға ұзатылады.
Жәңгір ханның ұлдарының үлкені – Аппақ (Абақ) сұлтан. Жәңгір ханның тұсында оның қазақ елшілігі құрамында Шығыс Түркістанға барғаны Шах Махмұд шоростың дерегінде айтылады. Келесі ұлдарының бірі – Тәуекел сұлтан. Ол қазақ тарихында – Тәуке, Әз Тәуке деген есіммен қалады. Тәукенің де әкесінің хандық билігі тұсында алғаш рет қазақ елшілігімен Шығыс Түркістанға барғаны белгілі. Ш.Құдайбердіұлының материалдарында Жәңгір ханның тағы бір ұлының есімі аталады. Оның есімі – Уәлибақи. Ол Үргеніштегі Ғайып ханның қызынан туған делінеді және қалмақ әйелден туған Тәуке әкесінен соң таққа отырғанда, өкпелеген Уәлибақи Үргеніштегі Ғайып ханға кетіп қалған еді делінеді.
Осылайша, Жәңгір хан қазақ тарихында жарқын істерімен қалып, оның есімі қазіргі кезеңдегі қазақ халқы үшін отансүйгіштік пен жанқиярлықтың, батырлық пен ерліктің символына айналып отыр. Болашақта Жәңгір ханға қатысты тың деректер мен материалдар оның тарихи тұлғасын одан әрі аша түседі деген ойдамыз.
Берекет КӘРІБАЕВ,
ҰҒА корреспондент-мүшесі,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы