Руханият • 13 Наурыз, 2020

Кітап сөзі (Ұғым-түсініктердің бүгінгі мәні)

985 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Заман келбеті

Біз ұғым-түсініктер қайшылыққа ұшы­раған алмағайып заманда өмір сүріп отырмыз.

Кітап сөзі (Ұғым-түсініктердің бүгінгі мәні)
  1. Заман келбеті

Біз ұғым-түсініктер қайшылыққа ұшыраған алмағайып заманда өмір сүріп отырмыз.

Кейбір заттардың атауы өзгерді.

Әредік, белгілі бір құбылыстар ескі мазмұн, көне мағынадан ауытқып, басқа мәртебе, жаңа мән тапты.

Хат-хабарды, ақпар-мәліметті жақынға тез жеткізген, шет-қиырға жылдам жолдаған ақпарат құралдарының бұқаралық сипаты көпшілік аудиторияны қамтыған әлеуметтік желілердің дүниежүзілік масштабынан анық көрінді.

Әлеуметтік желілерде күні ұзақ отырған әрбір қолданушы өз алдына дербес ақпарат көзіне айналды. Бұл шексіз жиын күнделікті жариялаған посттарымен жаңалық тізбектерінің орналастырушылары (қожайындары) атағына ие болды.

Атау мен мәнді бір-бірінен айырған қоғамдық процестер шырқау шегіне жетті. Технология табыстары қоғам келбетін адам танымастай етіп өзгертіп, жаңа қоршаған орта қалыптастырды.

Түпнұсқаның көшірмесі көбейді. Көшірмелер көшірмеден көшірді. Сан мыңдаған көшірме шексіз көшірудің кесірінен орта жолда түпнұсқадан айрылды. Сөйтіп, түпнұсқадан көз жазып қалдық.

Өнерде, өмірде ерекшелік жойылды. Топжарған талантқа жарасқан қайталанбастық, дараға тән оқшау қасиет қоғам аясында жаппай тараған жалпылама сипатқа ие болды. Тұлға табиғатына біткен сирек талант көптің бойынан табыла бастады.

Технологияны еркін меңгерген жас – әуесқой, тіпті, кәсіпқой маман емес, бар болғаны – басқа біреу жасаған бағдарламалық компьютерлік алгоритмдерді пайдаланушы ғана.       

Ғаламтор – жалған білім кеңістігі. Екі мағынада. Тура мағынасында білімнің қайнар көзі, бірақ, санаға бекімеген, жадқа тоқымаған, белсенді қолданылатын, шоғырланған таным-білім нәтижесі.

Демек, ауыспалы тұрғысында – ғаламтордағы ұшан-теңіз білім – негізінен, иесіз білім. Көбіне хатқа түспеген, кітапқа басылмаған, зердеге жазылмаған. Компьютерде туып, компьютерде өніп, компьютерде өмір сүрген – жайт, дерек, мағлұм.

Шексіз ғаламтор кеңістігінде әрбір айтылған сөз, білдірілген пікір жалпы адамзаттық сипат алады. Тіпті, майда-шүйде қателіктің өзі үлкейіп көрінеді. Жер бетіне тарайды. Көкте ел тұрғанда, аспан да ғаламтордың бір мекеніне айналар еді.

  1. Тіл

Есімізде, ауыл/ауылы, мұрын/мұрны. Бір тәртіптің екі түрлі нұсқасы. Негізі, жазу қарпін ерте ойлап тапқан халықтардың грамматикасы өте қызық: қағаз бетіне қалай естілсе, солай түспейді, бір әрпі (әріп) артық жүреді немесе ережені толықтыра түсетін қосымша таңбалардың оқшау тәртібі болады, ол тілдің дамуына оң әсер етеді, көк түріктер кезінде дауысты дыбыстарды жазбағаны белгілі. Таңба дыбысты байламағаны абзал. Латын қарпіне көшкенде осындай жайттарды ескеру керек сияқты.

Тіл дегеніміз түрлі деңгейдегі коммуникация мен трансляцияны жүзеге асырумен қатар пайым қызметін, хат-хабарды қабылдайтын, сақтайтын, түрлендіретін, жеткізетін міндетті атқарушы (сигнал, ақпарат, білім) таңбалар жүйесі.

Бірде phone сөзінің этимологиясын ақтардым. Терең жұмыс емес, барлау тұрғысындағы ізденіс. Бұл сөз көне грек тілінде дыбыс ұғымын білдіреді екен.

Бәріміге белгілі, тілдің бір қасиеті – дыбыс. Тіпті, басты қасиетінің бірі. Тіл дыбысы (звук языка) – тіл қатушының сана-жадында сақталып қалған дыбыс үлгісі (эталоны). Нақты дыбыс емес, абстрактілі үлгі. Әдетте, сөздің дыбысы транскрипцияда беріледі.

Демек, тіл дыбыстан құралады, таңбамен белгіленеді. Яғни, тіл екі құрамнан: дыбыстық үлгі мен таңбалық үлгіден тұрады. Дыбыс пен таңба жүйелері арасына, бір тараптан, теңдік белгісін қоюға болады. Бір тараптан, бірақ, екінші тараптан, біріне үстемдік жасасақ, бүкіл әлем философиясы өзгереді. Жаңа дүниетаным, басқа ғалам пішіні қалыптасады.

Francophone – француз тілін дыбыстаушы. Тіл дыбыс тұрғысында – ауызекі тіл, таңба тұрғысында – алфавит. Қазақтілді – қазақ тілінде бекітілген эталон сөз-дыбыс пен сөз-таңбаны айтушы.

Сондықтан francophone, франкоязычный, франкоговорящий, французтілді, французша, бәрі – бір ұғым.

Әрі кеттік. Сонымен қатар, тіл жеке тұлға мен қоғамдық санада дүниені объектендіретін (объектілендіретін) кешенді жол. Әлемді таныстыратын, бейнелейтін табиғи негізі, алғашқы түсінігі.

Тілді зерттейтін логика, лингвистика, семиотика, психология (психолингвистика), социология (социолингвистика), культурология тәрізді пәндер бар.

Жалпы, тіл адам санасын қалыптастыруда жетекші рөл атқарады. Ойлау қабілеті тілге жүгінеді. Абстрактілі ой тілге сүйенеді.

Тілдің синтетикалық қасиеті – жүйеленуі, бөліктерінің дербес мәні.

Ол – модал немесе модус: іс-әрекет жолын немесе оған деген қатынасты білдіретін категория. Философия, логика және информатика термині.

Бөліктердің дербес мәні (модал, модус) – тілге әмбебаптық қасиет бітіреді, таным мен таным жолын анықтайды. Тіл түйсік, қабылдау, сезу, көңілге тоқу арқылы кейіптеу қасиетіне ие.

Түйсік, қабылдау – тілде ғана өмір сүрмейді, (в виде чувственных образов), ол әрі түсінік, әрі талқы (суждения и рассуждения). Түсінікте білім ғана емес, көзқарас та, ұстаным да бар.

Сана мен таным (сана бөлігі) тілден бөлек емес, екеуі де тіл аясында. Тіл модустары арқылы біз болмысты қамтимыз, түсінік ретінде орнықтырамыз.

Тілдің бұл қызметі арқылы біз санада, танымда жүріп жатқан процестерді, қабылдап, түсініп жатқан үдерістер легін заттық және сезіп-білу формасында елестете аламыз.

  1. Таңба

Тіл – интерсубъекті құбылыс. Оны зерттейтін семиотика немесе семиология – таңба немесе таңбалар жүйесі туралы ғылым.

Тіл құрамына табиғи ауызекі тіл, жасанды, формалды тілдер – табиғат/қоғам жіберетін ым-белгілер жатады:

  • ғылыми теория ұсыныстары жүйесіндегі автоматтар мен машиналардың хал-ахуалы мен түрлі ым-белгілері (сигнал);
  • машина мен адам арасындағы тілдесу алгоритмдері мен программалары;
  • өнер тілі (музыка, кино, театр, бейнелеу өнері);
  • ғылыми теория тілі;
  • визуалды белгілер жүйесі (жол белгілері, живопись);
  • кибернетикалық басқарудың күрделі жүйесі (приборлар, машиналар, автоматтар және бәрінің схемалары);
  • тірі организмдер мен олардың тармақтары (мысалы, орталық жүйке жүйелері);
  • қоғамдық және өндірістік бірлестіктер;
  • социум.

Жеке пән, дербес сала ретінде семиотика XIX ғасырда қалыптаса бастады. Бұл межеге дейін Қасетті Августин, Филон Александрийский, Аристотель, стоиктер, схоластика ілімін жақтаушылар, Джон Локк, Томас Гоббс тәрізді ойшылдар зерттеуге атсалысты.

Философ, логикатанушы, математик Готфрид Вильгельм Лейбниц XVII ғасыр соңына қарай өзінің әмбебап кешенді есептеу жүйесі арқылы математикалық логика мен семиотика ұстындарын қалыптастырды.

Швейцарлық лингвист Фердинанд де Соссюр мен америкалық философ әрі логик Чарльз Пирс бір-бірінен дербес жағдайда семиологияны ғылым ретінде таныды.

Де Соссюр табиғи тілдерді таңбалар жүйесі тұрғысында қарастырды. Таңбалар жүйесі туралы ізденістерін ол семиотика деп атады.

Чарльз Пирс семиотикалық қызмет өлшемдерін (репрезентант – белгілеуші, мысалы түпбейнелер, интерпретант – белгіленетін сол мән, мағына, мазмұн, референт – қайта белгілеуші, яғни белгі немесе белгі арқылы қайта жеткізуші) қалыптады, бұл үш өлшем таңбаның үштаған табиғатын негіздейді. Таңбаларды тұңғыш рет жүйеледі (икондық белгі, индекс және символ).  Белгінің қызметін немесе мәнді қайта қалпына келтіру қасиетін зерттеді (семиозис).

Аталған мәселелермен Умберто Эко, Томас Себеок, Рудольф Карнап, Чарльз Моррис, Готлоб Фрегелер де айналысты.

Бүгінде семиотика – дамыған сала. Бірақ, таңбалар жүйесі туралы ғылымнан гөрі зерттеу методологиясы немесе парадигмаға көбірек ұқсайды.

Жолайырықтағы ғылым.

Таным теориясы ғана емес, жалпы ғылым тілін қалыптастыруда семиотиканың  маңызы аса зор.

Біз зерттеу объектісін танымның семиотикалық парадигмасы бойынша таңбалау арқылы ғана тани аламыз.

Адам дүние туралы тек таңбалар арқылы ойлайды.

Бұл – аса маңызды нәрсе. Интроспекция и интуиция.

Семиотикалық метод тек феноменологиялық философия ұстынына қайшы. Себебі, ол дәнекерге қарсы.

Дүние таңба тәрізді оқылады.

Семиотика таңбалар жүйесін үш топқа бөледі.

Синтактика, таңбаның жүйелік құрылымын – құрылу тәртібін, өзгерісін зерттейді.

Семантика. Таңба мән жеткізуші құрал ретінде қарастырылады.

Негізі, таңба екі мәннен құралады: белгілейтін/белгіленетін. Көрініс пен мазмұн (түсінік).

Фреге мағыналық және өзіндік (заттық) мәндерді айыра білу керек дейді. Объекті туралы түсінік пен объектінің өзі.

Прагматика. Семиотикалық таңба мен оны пайдаланушылар арасындағы мәселелерді зерттейді.

Дискурс – сөз мәнері, сөйлеу тәртібі. Discourse – discursus.

Осы сәт филолог пен лингвист арасында не айырмашылық бар деген ой келеді. Филолог белгілі бір нақты тіл (қазақ филологиясы, орыс филологиясы) мәселесімен шұғылданады, лингвист жалпы тіл болмысын,  қасиеттерін таниды.

Лингвист тілді бой берген көрінісі бойынша зерттейді: ауызекі тіл, сахна тілі, нейропсихология. Тіл құбылысын бақылап-қадағалап, байқаған қасиеттерін қағаз бетіне түсіреді.

  1. Түсінік/категория

Түсінік – ойлаудың бір түріне жатады. Ол зат пен құбылыстың қасиеттерін, байланыстарын, қатынастарын даму, қалыптасу барысында қарастырады.

Түсінік дегеніміз түйсік сезім арқылы қабылдаған нәрсе қасиеттерінің нығыз мазмұны.

 Kategorein – айту.

Категориялар жайлы ілімнің негізін қалаушы Аристотель бірыңғай/жалпылама (единичное и общее) он категория бар деп есептеді: түпнегіз (сущность), сан (количество), сапа (качество), қатынас (отношение), орын (место), уақыт (время), әрекет (действие), мехнат (страдание), иелену (обладание), өзін-өзі табу (самонахождение), орналасу (положение).

Платон төрт категорияны алға тартады: тектестік (идентичность), айырым (отличие), тұрақтылық (постоянство), айнымалы (изменчивость).

Категорияларды предикаменттер деп атаған схоластика алты категорияны таңдады: болмыс (бытие – сущность), сапа (качество), сан (количество), қимыл-қозғалыс (движение – изменение), қатынас (отношение), иелену (обладание).

Декарт пен Локк үш категорияны қарастырады: түпнегіз (субстанция), жай-күй (модус), қатынас (отношение).

Кант ақыл-ес (рассудок) формаларын категорияларға жатқызады. Түйсік сезімсіз ақыл-ес танымдық қызметін жоғалтады, себебі ол өмірді түйсік сезім арқылы көреді, қабылдайды – деректеріне сүйенеді.

Кант ой-талқы (суждение) кестесіне үндес категориялар таблицасын құрастырады. Он екі категорияны үш-үштен төрт топқа бөледі. Алтауын математикалық категориялар деп атайды, ендігі алтауын динамикалық деп айдар тағады.

Сандық категориялар: бірлік (единство – өлшем), көптік (множество – величина), бүтін (цельность – все).

Сапалық категориялар: дүние (реальность), терістеу (отрицание), шектеу (ограничение).

Қатынас категориялары: құзыр, себебі (причинность), тіл қатысу.

Модалдық категориялар: мүмкіндік (возможность), өмір сүру (существование), қажеттілік (необходимость).

Гегель категория санын, тіпті, көбейтіп жіберді.

Шопенгауэр Канттың он екі категориясынан тоғызын қалдырды, себептік тобын алып тастады.

Үнділік философия күрделі категорияларға тіпті толы.

Бүгінде категориялар онтологиялық мәселелер ретінде қарастырылады.

  1. Ұлт / этнос

Саясаттану пәнінің басты категориялары. Біз шағын эссемізде тіл табиғатынан бастап, түсінік мәніне дейін жол кештік. Тілді филологиялық/лингвистикалық тұрғыдан жете түсіне білу – философиялық ізденістер үшін аса маңызды әрі айқын талап.

Әдетте, философияға – филологиялық білім, лингвистикалық тәжірибе жетіспей жатады. Оның себебі бар.

Кез келген философиялық ілім алдына қойған мұратына жету үшін жүйе қалыптастырады, жүйе өз кезегінде таным құралын дүниеге әкеледі, таным модустары – арнайы түсініктер, яғни, категориялар – демек, таным жолында аса маңызды рөл атқарады. Дәнекер модустарға үлкен міндет жүктеледі.

Міндетін мүлтіксіз атқару үшін мүдірмей сөйлеуі тиіс. Дәл сөзден құралған анық категория түсінікті жеңілдетеді.

Мәні айқындалмаған сөз адастырады. Өнбес дауға ұшыратады. Әуелі термин нені білдіретіні туралы келісіп алғанымыз жөн. Сонда дау да жеңіл, дәлел де көп, түсінісу де оңай.

Біз осы тезистің маңыздылығын көрсеттік. Қандай қателік-кемшіліктерге бой алдыруымыз мүмкін, түзу келе жатып, қай жерде ұрынумыз хақ екенін алға тарттық.

Этностан ұлтқа дейін сапар шегіп, этникалық принциптен саяси құрылым үстем түскенде, бір мақсат-мүддеге ұмтылған мемлекет тұрғындарынан ел/халық/ұлт қалыптасатындығына назар аудардық, бірақ бір ұғым бір ұғымды жоймайды.

Тегінде, этнос – мәдени-тарихи түсінік. Нация ұғымына ел/халық ұғымы тең деп алдық, ол – саяси-азаматтық категория. Екеуін шатастыруға болмайды. Ұлт өз алдына – национальность. Кейде этнос/ел/халық/ұлт бір мемлекетте бір жұрттан тұруы (қалыптасуы) мүмкін. 

Неге біз бір этнос деген сөзді халық/ел/ұлт ұғымынан айыру үшін соншама ұзақ сапар шектік? Сөздің жүйесін, түсініктің шығу тегін ұғу мақсатында.

Этнос – ортақ тіл, бір мәдениет, бірыңғай өмір/тұрмыс салты, сана-сезімі, өзіндік атауы, ұжымдық тарихи жады, шыққан тегі жайлы аңыз-әфсанасы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан халықтың тұрақты бірлестігі.   

Немесе, тіл, мәдениет, салт-дәстүр негізінде бір елдің бір шаңырақ астында бірігуі.

Салт-дәстүр ерекшеліктері тұрмыс салтынан көрінеді.

Ел/халық (нация, лат. natio — тайпа, халық) – өз бірлігін түсінген, белгіленген территория көлемінде құзырын, билігін жүзеге асыра алатын белгілі бір елдің саяси бірлігі.

Демек, ел/халық (нация) – жеке бір мемлекет азаматтары жиыны, ұлт (национальность) – белгілі бір мемлекет ішіндегі белгілі бір елдің этникалық туыстық одағы.

Бірақ, нация сөзінің қазақша атау термині немесе баламасы қалыптаспағандықтан, оны екі сөзбен белгілеп отырмыз, ел/халық деп, бір жерінде ел сөзі, бір жерінде халық сөзі ретіне қарай қолданылатын болады, сонда: шыққан тегі, ұлты – қазақ, елі – Қазақстан (немесе, басқа мысал: Он обратился к американской или французской нации, біздің үлгіде: Президент Қазақстан халқына Жолдау жолдады) дей аламыз.

Сол кезде диаспора – Қазақстан халқына жататын, Қазақстан елінің азаматы, бір мемлекетте шоғырланып отырған ұлт өкілдері.

Әдетте шатасу түсініксіздіктен басталады.

Этнос – автохтонды белгілі бір елдің мәдени-тарихи тобы. Национализм (ұлтшылдық) – бүкіл Қазақстан халқы мен оның мүддесін үстем құндылық тұрғысында жариялайтын саяси идеология мен практика.

Яғни, ұлтшылдық – нацизм (фашизм) емес, национализм. Мемлекеттік национализм.

Бірақ, этникалық национализм (этнонационализм) деген бар, ол – бөлек әңгіме.  

Көп тұрғыда өзін өзгеден жоғары қоятын, артықшылығын нәсілдік шыққан тегімен байланыстыратын көзқарастар, түсініктер жиынтығы – нацизм немесе фашизм.

Әсіре-этно-ұлтшылдық – нәсілшілдіктің басы. Фашизм – өзгені сүймегені үшін емес, өзінен басқаны жек көргені үшін қылмыскер.

Жалпы, данышпан Абай айтқан ұлы метафора дүние жүзінің ұстанымына, тіпті, манифестіне айналуы тиіс: адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп...

Post scriptum

1) Сөз-термин мәнін түсінбегеннен шығады: содыр деген сөз өз мағынасында қолданылып жүрген жоқ. Жұрт оны террорист сөзіне балама, қазақша нұсқадағы аудармасы ретінде көреді. Шын мәнінде, содыр – террорист емес. Ол – қарусыз адам, қарусыз тентек, қарусыз алабүлік, ал қарусыз террорист бола ма. Террорист – идеялы, қарулы, қауіпті қылмыскер. Содыр – ауыл маңында жүрген тентек.

2) Жанды дауыс та теріс. Тегінде, жансыз дауыс деген бола ма. Тірі дауыс емес пе. Сонда жанды адам дейміз бе, тірі адам тірлігін жасайды деп жұбатады қазақ. Фонограмма / тірі дауыс. Жанды дауыс орысшадан сауатсыз аударылған сияқты. Мәнін түсінбей. Жан – душа. Живой – тірі. Сондықтан “живой голос”. Жаны бар. Жанды дауыс емес. Ағылшындар да live деп жазады. Alive – тірі.

Шынында да, өлі дауыс деген жоқ. Мен антиномия атауын былай жазар едім; жансыз дауыс (фонограмма) / тірі дауыс.

Әрі қазақ жанды деп айтпайды, тірі дейді...