Қоғам • 13 Наурыз, 2020

Ұлтаралық тұтастықтың туы биік

943 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Әлемдік қоғамдастық шеңберінде мемлекетіміз «ұлтаралық келісім мен бейбітшіліктің қазақстандық моделімен» ерекшеленеді. Ұлт саясатындағы қазақстандық модельдің іргетасы бірнеше факторға табан тірейді және ол отандық дара құндылық болып қалыптасты.

Ұлтаралық тұтастықтың туы биік

Мемлекетіміз тәуелсіздіктің ал­ғаш­қы жылдарынан бастап Отаны­мыз­да тұрып жатқан басқа этностар өкіл­­деріне деген толеранттылық қ­аты­­­насты қалыптастыру саясатын мақ­­сатты әрі жүйелі түрде жүр­гі­зіп келеді. Қазақстанда ұлтаралық диа­­лог пен тату­лықты сақтаудың жаңа идео­логиялық моделі құрасты­рыл­ды. Біз бұл идеяны бүкіл елге және барша әлем­ге насихаттап, оған өз жұрты­мыз­ды да, әлемдік қоғам­дас­тық­ты да сен­діре білдік. Конститу­ция­да ұлт­ара­­­лық келісімге нұқсан келтіретін кез келген іс-әрекет «конституциядан тыс» деп танылған. Заңдық және күш­­тік құрылымдар сепаратистердің, тер­ро­­рис­тердің және ұлтшылдардың бас көтеру­лерінің жолын қатаң кесіп отырды.

Қазақстан Республикасының заң­дары қазақстандық азаматтарды шет мемлекеттердің әскери қақтығыс­тарына жалдамалы жауынгер ретінде қатысуға тыйым салады. Елімізде қоғамның сұранысына, тілегіне жауап бере алатын тіл саясаты жүзеге асырылуда. Атқарушы өкіметтің жергілікті және орталық органдарында түрлі ұлт өкіл­дері де жұмыс істейтіндей етіп, тиім­ді ойластырылған кадрлық саясат жүргізіледі. Ең алдыңғы орынға адам­­ның барлық іскерлік қасиеттері қо­­йы­­лып отыр. Тұңғыш Президент – Ел­­басы Нұрсұлтан Назарбаев «Егер де бар­­лық ұлттық мәселелерді біртіндеп және ойластыра отырып, адамдардың са­ғын сындырмай шешетін болсақ қана, Қазақ­стан тәуелсіз, мықты, тұтас және бөлінбейтін мемлекет ретінде сақта­лып қалады», деп тәуелсіздікті ұлтара­лық мәселелерді білікті шешу арқылы сақтап қалу ілімін шегелеп бекітті.

1995 жылы біздің Қазақ елі атты ортақ шаңырағымызда бейбіт­ші­лік пен келісімді қамтамасыз етуге қабілетті Қазақстан халқы Ассамб­леясы құрылды. Ассамблея мүшелерінің бастамасымен және мемлекеттің қолдауымен елімізде түрлі этностардың тілдерін оқытып үйрететін ұлттық және жексенбілік мек­тептер жұмыс істейді. Ұлттық жаң­ғыру мектептерінде 10-нан астам тілді оқып үйрену бөлімшелері жұ­мыс атқарып келеді. Еліміздің Үкі­меті оларды қамтамасыз ету үшін жыл сайын қаржы бөліп, оларға жергі­лік­ті атқарушы орындар да көмек көр­сетеді. Олар Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан ұсынылатын гранттар негізінде жұмыс істейді. Сонау бір жылдары БҰҰ экс-Бас хатшысы Кофи Аннан Қазақстанды: «Әлемнің басқа мемлекеттері үшін ұлтаралық келісімнің, тұрақты әрі баян­ды дамудың үлгісі», деп атаған болатын. Ұлтаралық қатынастардың біздегі тәжірибесіне 2001 жылы Қазақ­станға арнайы сапармен келген Рим папасы ІІ Иоанн Павел де жоғары баға берді.

Жуырда ғана Президентіміз Қа­сым-Жомарт Тоқаевтың Қордайға арнайы барып, орын алған оқиғаның жай-жапсарымен танысуы – Мемлекет басшының ұлтаралық қарым-қатынас саласына мұқият қарайтынын анық білдіреді. Президент ұлтаралық тату­лық Қазақстанның өсіп-өркендеуінде аса маңызды фактор екеніне ерекше мән беріп отыр.

Бір шаңырақ астында мемлекет құраушы қазақ ұлтымен бірге түрлі этнос өкілдері татулық пен келісім шеңберінде өмір сүріп келеді. ХІХ-ХХ ғасырлар бедеріндегі Ресейдің еуропалық бөлігінен шаруалардың жаппай қоныс аударуы мен 1936-1944 жылдары тұтастай халықтардың – неміс, корей, поляк, еврей, кавказ ұлыстары мен қалмақ т.б. депортациялануы Ұлы даланы жер шарының алуан түрлі ұлттар мен ұлыстардың берекелі тірлік құрған мекеніне айналдырды. Қазақ жерінде бейбіт өмір сүрудің, өзара сыйластық пен бір-бірін байытудың, «әр алуандықтағы бірлік» қағидатымен өмір сүрудің қайталанбас әрі ерекше дәстүрі қалыптасты. Елдің диаспоралары өзін барлық ағымдағы заңдар мен жалпы қабылданған тәртіп ережелерінің аясында жайлы, мамыражай, қауіпсіз әрі еркін сезінеді. Бір-бірінің әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерінің үлгілі әрі үздік белгілерін қабылдау, оны сіңіру – азаматтарымыздың өмір­лік қағидатына айналды.

Ұлтымыздың дәстүрлі ділі мен ұлт­тық қасиетінде көп құндылықтар то­ғыс­қан. Көшпелі және малшылық өмір салтын ұстанған көшпелілер соңғы алты мыңжылдықтың ішінде киелі Қазақстан жерінде бойына ұлттық діл мен этностық қасиеттің ашықтық, толеранттылық, қонақжайлық, басқа ұлт өкілдеріне деген сыйластық сияқты тамаша әрі қайталанбас белгілерін сіңіре алды. Мысалы, қазақтардың қонақжайлығы туралы белгілі Ресей ғалымы А.И.Левшин: «Егер де ауылға бір қонақ келе қалса, әсіресе алыстан келсе, сол сәтте барлығы оны тыңдау үшін жинала қалады және дастарқан жайып, күткені үшін әңгімеден басқа ештеңе талап етпейді», деп жазады.

Біздегі дәстүрлі билер соты (дала сот­тары) жат елдіктерді лайықты қар­сы алмаған адамды айып төлеуге мін­дет­теген. Бұл қасиеттерді біз, қазіргі қа­зақтар мен қазақстандықтар, әлі күн­­ге дейін жоғалтпақ түгілі, одан әрі өр­ке­ниетті, жаңғыртушылық арнада дамы­­тып келеміз. Мұны Президент Қа­сым-Жомарт Тоқаев: «Халықтар ара­сын­дағы келісім мен достықтың алтын тамыры қазақтарға тән асыл қасиет­терде жатыр», деп түсіндірген еді.

Бұл ретте біз халқымыздың ұлттық белгілерінің синкреттік сипатын айтпай кете алмаймыз. Үлкен империялар құрған біздің бабаларымыз түрлі этностар мен сан қилы мемлекет өкіл­дерінің жақсы қасиетін бойына жина­ғаны, тегі синкреттік екені белгілі. Басқаша айтсақ, қазақтар әуел бастан және қазір де қандай да бір ырым-жы­рымсыз, соқыр нанымдарсыз, басқа ұлттарды ассимиляциялаушы бас­қын­шылық саясатсыз ұлтаралық бай­ла­ныстарға дайын. Айталық XVII ға­сыр­дағы қалмақтар тегеуірінінен Но­ғай ордасы күйреген кезеңде Кіші жүздің құрамына ноғайлықтардың едәуір топтары қосылды. XVIII ғасыр­да қазақтармен жүз жылдан астам болған соғыстарында жеңіліс тапқан жоңғарлар, қалмақтар да қазақ арасына сіңіп кетті. Атақты Абылай хан жорықта қолға түскен қырғыздары Көкшетауға орнықтырды. Олар өсіп-өніп ХІХ ғасырда Жаңақырғыз және Байқырғыз болыстарын құрады. Қазақ халқының құрамына кіргеніне қарамастан, олар әлі күнге дейін өздерінің бастапқы атауы мен өзіндік санасын жоғалтқан жоқ. Олар үнемі «Біз – тегі қырғыздан шыққан қазақ­тармыз», – дейді.

Көшпелі қазақтар мен олардың түркітілдес ата-бабаларының қозғалыс белсенділігі мен бейімделгіштігінің жоғары деңгейде болуы олардың көрші халықтармен және мемлекеттермен мәдени-тілдік, әлеуметтік, эконо­микалық және саяси байланыс­тарға оңай түсуіне мүмкіндік берді. Ұлы дала тұрғындарының ешқандай жалған нанымдары мен соқыр сенімдері болмады: олар дүние қандай – сол қалпында қабылдады. Олар қоршаған әлемді төменгі немесе жоғарғы дәреже­дегі халықтарға бөлген емес. Дала тар­лан­дарын өзге мемлекеттердің тағы­на немесе әскер басылары ретінде шақыру­лар да сирек болған жоқ. Мысалы, XIV ғасырда Қытай империясы Юань әулетінің қолбасшылары негізінен Қазақстаннан шыққан қыпшақтар еді. Бұдан бір ғасыр бұрын бүкіл Араб Шығысының патша тағына құдіретті де жеңілмейтін мәмлүк билеушісі, әйгілі сұлтан Бейбарыс отырды. Содан 100 жылдан астам уақыт бойы мәм­лүк­терді Қазақ даласынан шыққан сұл­тандар басқарып келді.

Елбасы ұлттық өзіндік сана мен халық­тың біртектілігі мәселелеріне мұқият көңіл бөледі. Осы орайда ол дала­­лық­тардың ашықтығы, олардың әуел бастан қоршаған әлем мен басқа өрке­ниет­терден оқшауланудан бас тарт­қандығы турасында тереңнен пайым­дайды: «Қазақ халқы ешқашан тұйық, оқшау болған емес. Ол тағдыр­дың тәлкегімен, Тәңірдің қалауымен әртүрлі ықпалдарға ашық болды, солай бола тұра ұлттық мәнін сақтап қала алды».

Біздің көпэтностылығымыз басқа мем­лекетке қарағанда біршама өзгеше қалыптасты: көпэтносты карта пат­шалық әкімшілік пен большевиктер жүзеге асырған жаппай депортациялау, жер аудару, аштық, қазақстандық лагерьлерге, түрмеге тоғыту және басқа да саяси аласапырандар бары­сында кескінделді. Сондықтан да мәж­бүр­лікпен қоныс аударушылардың жаны қиналып Қазақ даласына жеткенде, жергілікті қазақтардың соңғы нанымен бөлісіп, баспана беріп, жақын-туыстарынан да жақын болып, аман қалуына себеп болғандығын ешқашан ұмытпайды, олар шынайы достықтың бағасын біледі. Оларды мағынасыз, ағайынның ту сыртынан пышақ ұратын ұлтаралық қақтығыстарға итермелеу қиын. 2015 жылдан бастап түрлі этнос өкілдерінің бір-біріне және әсіресе қазақтарға Алғыс айту күнін енгізуді ұсынуы кездейсоқ емес.

Шетелден келген қандастарымыз жаппай қайта оралуын, ұлтымыздың бірегей ділі мен дінін назарға алатын болсақ, ұлтаралық қатынастар саласындағы тұрақтылыққа ықпал етеді. Мынадай айқын заңдылық бар: елімізге шетелдік қазақтар неғұрлым көбірек келсе, сырттан дөрекі түрдегі килігушіліктер мен іштегі ұлтаралық келісімді шайқалту мүмкіндігі со­ғұрлым аз болады. Тәуелсіздік алған­нан бері елімізге 1 миллионнан астам адам келген. Қазіргі уақытта мемлекет құрушы қазақтардың саны 70%-ға жетті. Ал тәуелсіздікті жариялаған жылдары біздің санымыз жалпы халық санының 40 %-ын ғана құрағанын естен шығармаумыз керек.

Халықты ұйыстыруда қазақ тілі­нің жетекші рөлі зор. Қазіргі таңда мемле­кеттік тіл қолданысы кеңейіп, ол бүкіл Қазақстан халқын ұйыстыру тіліне айналып отыр. Мемлекеттік тілді білу арқылы өзге этностың өкілдері тілдік кедергілерді жойып, «қазақ азаматы» болып кетеді. Біздің азаматтарымыз бірін-бірі жақсы түсінеді. Ұзақ уақыт бойы жергілікті халықтың тілі заңсыз шеттетіліп, КСРО-ның жергілікті және орталық үкіметінің кесірлі сая­са­ты үстемдік етті. Тек тәуелсіздік қа­на қазақ тілінің мемлекеттік тіл дең­­гейіне жетуіне мүмкіндік берді. Елі­­мізде мемлекеттік тілді дамыту бағ­дар­ламасы қабылданған. Бұл орайда, кезін­де Елбасы «Менің сенімім мынада: қазақ тілі мен мәдениетін дамыту мін­де­тін шешпейінше, ұлттық саясат мүмкін болмайды», деп шегелеп айтқан еді.

Қазақстандағы ұлтаралық бейбіт­шілік пен келісім ғасырлар мен мың­жылдықтарға ұласпақ. Бұл үшін біз б­ір-бірімізге қамқорлықпен қарап, төзімділік танытып, елдің аумағында тұратын барлық этнос өкілдерінің тілін, мәдениетін сыйлауымыз қажет. Бүгінгі сыннан өткен саясатымыз бен кешегі тарихымыз Қазақстан – ұлтаралық және конфессияаралық татулық пен келісімнің ұйытқысы болып отырған ел деп нық сеніммен айтуға мүмкіндік береді. Ашықтығымыз бен мейірбан мінезі­міздің өзіндік түп-тамыры тұрақ­тылық пен мығымдылық, өзара түсі­ністік пен баяндылық үшін барлық жағдайды туғызып отыр. Ұлтаралық тұрақ­­тылықтың берік іргетасын кү­шей­ту және нығайту мақсатында бір­тұтас Қазақстан халқы аянбай еңбек ете бермек. Келешек ұрпақтың мін­деті – осы құндылықты көздің қара­шығындай сақтап, оған қамқор болу.

 

Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ,

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры