Аймақтар • 13 Наурыз, 2020

Қызылорда: Ұлы даланың ұлтаралық тілі

383 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен Достық үйінде «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты кездесу кеші болып өтті.  

Қызылорда: Ұлы даланың ұлтаралық тілі

Айта кету керек, өткен жылы тәуелсіздік күніне орай елордада Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты форум өткен болатын. Тіл туралы әдеттегі жиындардан өзгеше форматта өткен форумда қазақшаны өз тіліндей меңгерген өзге ұлт өкілдері басқаларға үлгі болды. Форум аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев өңірлерге челлендж жолдады. Осы челленджді сырбойылықтар Түркістан облысынан қабыл алды.  

Кездесуде «Қоғамдық келісім» КММ директоры Уәлихан Ибраев ҚХА 25 жылдығы аясында қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру бағытында атқарылып жатқан шаралар жайлы айтып өтті. Осы бағытта Сыр өңірінде «Мың бала» мәдени-ағартушылық жобасы қарқынды жүргізілуде.  Достық үйінде тілдерді оқыту кабинеті жұмыс жасайды. Осы уақытқа дейін 100-ге жуық білім алушы мемлекеттік тіл бойынша білімдерін кеңейтті. Этнос өкілдері арасында «Мәміле» қазақ тілі клубы арқылы сөйлеу шеберлігін арттыру жұмыстары қолға алынды.  

Сонан соң Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы, тіл жанашыры Елена Рыбина сөз алды. Ол журналистикаға қазақша еркін сөйлеуінің арқасында келгенін айтты. Бес жылдай қалалық телеарна редакторы қызметін атқарған Лена қазір Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы. Жолдасым да қазақ тілінде өз ойын еркін жеткізе алады. Қазақ тілін мәртебесін арттыруға үлесімізді қосу мақсатында екеуміз ақылдасып, ұлымызды қазақша балабақшаға бердік. Мемлекеттік тілді ұлтаралық тілге айналдыру бастамасына үлес қоса береміз,- дейді Лена.

1

Қорқыт ата атындағы ҚМУ студенті Елена Пак Абайдың 200-ден астам өлеңін жатқа біледі, «Ескендір» поэмасын бастан аяқ мүдірмей айтады. Оның қазақтың тілі мен руханиятына қызығушылығын оятқан әжесі Светлана екен.

Кездесу кешіне келген қонақтарға №9 орта мектептің мұғалімі, татар этномәдени бірлестігінің белсендісі Елена Ишканова Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін айтып берді.

«Атамекен» балалар ауылының тәрбиеленушілері Анна Нестерова мен Виктор Ленивкин де қазақ тілін қалай үйренгендерін айтып өтті.

Орыс тілді сыныптарға қазақ тілінен дәріс беретін лезгин қызы Альбина Гадирова «Мен үшін қазақы қаймағы бұзылмаған Сыр елінің әрдайым орны бөлек. Дәл осы жерде мен мемлекеттік тілді - қазақ тілін жетік меңгеріп, армандарыма жақындай түстім. Әкем қазақтың салт-дәстүрін берік ұстанып өтті. Мен де сол бағыт-бағдармен, қазақ еліне, тіліне деген сүйіспеншілікпен өз жолымды салып келемін. Менің шәкірттерім әрдайым оқ бойы озық шығып, республикалық, облыстық деңгейдегі ғылыми жобалар сайысынан алдыңғы орындарға ие болып келеді. Ұлттық бірыңғай тестілеуден 25 балдан алып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп жүр», деді.

Тағылымы мол шарада шешен этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Юсуп Саидов қазақ тіліне деген құрметін білдірді.

Сыр өңірінің тіл жанашырлары «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» челленджін  Ақтөбе облысына жолдады.