Мәжіліс Төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжановтың жетекшілігімен білім беруді дамытудың жай-күйі мен болашағына қатысты дүйсенбіде өткен Үкімет сағаты отырыс залы дәлізіндегі көрмені тамашалаудан басталды. Мұнда негізінен арнайы әкелінген стендтер мен білім ордаларына сатылып алынатын аппараттар көпшілік назарына ұсынылды.Алдымен баяндаманы Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев жасады. Министр өз баяндамасында білім саласындағы жетістіктерге ерекше ден қойды. Атап айтқанда, еліміз үстіміздегі жылдың 11 наурызынан бастап еуропалық білім беру кеңістігінің (Болон процесі) толыққанды мүшесі болып табылады. Адами даму индексі бойынша 2009 жылы Қазақстан алғаш рет адам әлеуеті жоғары деңгейде дамыған елдер тобына енді. Жансейіт Қансейітұлы бұл жетістіктерді былай сипаттады: “Біздің оқушылардың жеңісі Қазақстанға ең беделді интеллектуалды жарыстың – 2010 жылғы шілдеде Астана қаласында өтетін математика пәні бойынша 51 халықаралық олимпиаданың эстафета жалауын алуға мүмкіндік берді”. Сондай-ақ білім беруге қаржы былтыр оның алдындағы жылмен салыстырғанда 9,5 пайызға (702 миллиард теңге) өсіп, ішкі жалпы өнімнің 4,2 пайызын құраған. Яғни, бір оқушыға кететін шығын 1,3 есеге артыпты. Осы ретте министр 2011 жылды “Білім жылы” деп жариялау туралы көптеген ұсыныстар түсіп жатқандығынан хабардар етті.
Соңғы үш жылда 254 жылпы білім беретін мектеп салынып, Тұңғыш Президенттің 3 интеллектуалды мектебі ашылған. Осындай мектептер желісі 2013 жылға дейін барлық өңірлерде ашылатыны белгілі болып отыр. Министрдің сендіруінше, 2020 жылы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен толық қамтамасыз ету жүзеге асырылатын болады. Алда “ақша мұғалімнің соңынан ереді” қағидаты бойынша біліктілікті арттыру жүйесін ваучерлік қаржыландыру енгізілмекші. Бұдан басқа ағылшын тілін қолданатын мұғалімдер саны 2015 жылы 15 пайызға, ал 2020 жылы 30 пайызға артады деп күтілуде. Ал қазір мектептерде орташа есеппен 18 оқушыға 1 компьютерден келеді екен. Кең жолақты интернет желісіне мектептердің 34 пайызы қосылыпты.
Қосымша баяндама жасаған Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитет төрайымы Динар Нөкетаева 2007 жылы қабылданған білім заңының олқы тұстары көп болғандығын ерекше айтып кетті. Қазіргі кезде “Қазақстан Республикасындағы білім беру туралы” Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу және ғылымға қатысты заң жобалары жан-жақты пысықталу үстінде көрінеді. Алайда осы кезге дейін заңдық құжаттар арасында тиісті байланыстар болмапты. Соның салдарынан ғылым саласында нәтижелерге қол жеткізілмеген. Осы ретте депутат мектепке дейін оқыту жеке меншік құзырына тапсырылса, көптеген ата-аналардың оған төлейтін қаржысы жеткіліксіз екеніне назар аудартып, 12 жылдық орта білім беруді 2020 жылға ысырудың салдары мен себебін егжей-тегжейлі зерделеуге шақырды. Комитет төрайымының пайымынша, 9 сыныптан бастап мектеп оқушыларын гуманитарлық, жаратылыстану, математика бағыттары бойынша және арнайы кәсіптік-техникалық білім беру негізінде оқытуды қолға алған жөн. Сол кәсіптік-техникалық білім беру ошақтарының жанынан өндірістік орталықтар ашу да назардан тыс қалмауы тиіс. Қазақ тілін үзіліссіз оқыту мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуі керек.
Депутаттар министрдің назарын электронды оқулықтарды қаржыландырудың өте мардымсыздығына, интернет желісінің елімізде әлемдегі ең қымбаттығына, мұғалімдер мәртебесінің сын көтермейтіндігіне және өзге де келеңсіздіктерге аударды. Ж.Түймебаев осы ретте білім берудің жай-күйін талдау мен оны ары қарай дамыту 2011-2020 жылдарға арналған білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы жобасында жан-жақты қамтылғандығынан хабардар етті.
Отырысты Палата Төрағасының орынбасары Ж. Кәрібжанов қорытындылады. “Бірінші мәселе – мұғалімдердің мәртебесін, дәрежесін, олардың еңбекақысын көтеру мәселесі. Екінші мәселе – мемлекеттік басқару жүйесін ары қарай дамыту. Егер де Үкімет сондай ұсыныстар берсе, оларды депутаттар қолдайды”, деді Жәнібек Сәлімұлы. Кәсіптік-техникалық білім беру әлі де қанағаттанғысыз. Қазіргі уақытта Президент Жолдауына байланысты индурстриялық-инновациялық бағдарлама жасалып жатыр, оны орындауға қажетті кадрлар керек. Төраға орынбасары білім мен ғылым саласын жаңа өлшемге, жаңа тұжырымдамалы дәрежеге көшірудің қажеттігіне ерекше екпін түсірді. Бірақ оған қалай көшуге болады. Сол сияқты балабақшадан бастап мектеп, жоғары оқу орны, тіпті жұмыс істейтін қызметкерлерге қазақ тілін оқыту, білім саласындағы жемқорлықпен күрестің алдын алу аса көкейкесті проблемалардың бірі болып табылады.
Нәтижесінде, ұсынымдар жобасына депутаттардың айтқан пікірлері мен ұсыныстары енгізіліп, білім беру саласын жетілдіруге қатысты тетіктер туралы ойлармен толықтырылатын болып шешілді. Жан-жақты пысықтаудан өткен ұсынымдар Үкімет пен тиісті мемлекеттік органдарға жолданатын болады.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.