Саясат • 18 Наурыз, 2020

Халықтық IPO һәм биржа (Отандық қор нарығында табыс табудың қандай жолдары бар?)

480 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Орталық Азия аймағында алдыңғы қатарлы бир­жалардың бірі саналатын «Қазақстан қор биржасының» Орталық депозитарийінде жеке тұлғалардың есеп шоты 118 773-ті құрап, өт­кен жылдың бастапқы кезеңімен салыстырғанда 1 949-ға артқан. «Қазақ­стан қор биржасы» АҚ төр­айымының орынба­сары Андрей Цалюк жур­налистермен есепті кез­десуінде осындай мә­лі­меттерді алға тартты. Бир­жа деректері бо­йын­ша ақпан айында KASE сауда-саттығы­ның жиын­­тық көлемі 10 252,9 млрд теңгені құрап отыр. Ал қаңтар айымен салыс­тырғанда 12,2 па­йызға, яғни 1 115,2 млрд теңгеге өскен.

Халықтық IPO һәм биржа (Отандық қор нарығында табыс табудың қандай жолдары бар?)

 

Осы тұста биржасы дамы­ған елдер тәжірибесіне зер сал­сақ, көрсеткіштер қор на­ры­­ғына жеке тұлғалардың 40-50 па­йызының қатысатынын ай­­ғақ­тайды. Сондай-ақ жұрт­шы­лықты қаржы трейди­нгіне тартудың өзіндік әлеу­меттік ерекшеліктері қалып­тасқан. Осы тұста «KASE қазақ­стан­дықтарға қандай мүмкін­діктер ұсынады?» деген заң­ды сауал туады. Бүгінде қор нары­ғын еліміздің қаржы жүйесінің ажырамас бөлшегі ретінде эко­номикаға капитал тартудағы тиімді құрал әрі нарықтық жағ­дайда табыс табу мүмкіндігі ретін­де қарастыратын мамандар бир­жаға қатысуда қаржылық сауат­тылық маңызды екенін айтады.

Қазақстандағы қор биржасы осыдан отыз жылға жуық уақыт бұрын ұлттық валюта нарығын дамыту мақсатында құрылған «Қазақстан қор биржасымен» байланысты. KASE басқарма төрағасының орынбасары Наталья Хорошевская өткен ғасырдың 60-80-жылдары қор нарығына енетін компаниялар үшін салық жеңіл­дік­тері қарастырылған Оңтүстік Корея­ның озық тәжірибесі отан­дық қор нарығына тиімді болғанын айтады. Бұл елде арнайы заңнама қабылданғаннан кейін бірнеше жыл бойы IPO жүргізіліп, листингтен өткен компания­лар саны арта түскен.

Н.Хорошевскаяның айтуынша, қазіргі кезде Оңтүстік Корея қор нарығымен қатар экономикасы да дамыған елдердің қатарында тұр. Қазақстан үшін Тайланд қор биржасының да тәжірибесі тартымды. 2000 жылдардан бас­тап Таиландта жұртшылықты инвестициялау негіздері бо­­йынша қаржы­лық сауаттылыққа оқыту жұмыс­тары жүргізіл­ген. Нәтижесінде 2010-2015 жыл­дарда биржада жекелеген ин­вес­торлардың есепшоттары көбейген.

Отандық қор нарығында сондай-ақ Варшава биржасы­ның тәжірибесі ықпалды. Бү­гінде қазақстандық мамандар бағалы қағаздар нарығын о­рталық Еуропалық Хаб-қа ай­нал­дырған Польшаның зейнет­ақы жүйесін де жіті назарда ұстап келеді.

KASE басымдықтарының бірі – қор нарығындағы үрдіс­тер­дің бұқаралық сипат алуы. Қор, ақша, валюта нарығын біріктіретін MOEX нарығы KASE-ге ұқсас келетіндіктен, Мәс­кеу биржасының тәжі­ри­бесі технологиялық инфра­құрылымды дамытуда тиімді. Қазіргі кезде сауда технология­лары мен есептеулер бойынша Мәскеу биржасы әлемдік биржалардың деңгейінде тұр. ТМД кеңістігінде MOEX ал­ғашқы орында тұрса, КАSЕ екінші орынға ие. Қор нары­ғында салымшылар үшін қазақ­стандық компаниялардың акциялары мен облигациялары, сондай-ақ шетелдік компа­ниялардың бағалы қағаздары белсенді.

Дегенмен қаржы трейдері Арман Бейсембаев отандық қор биржасы экономикадағы міндеттерін атқара алмай отыр деген пікірде. «Қор биржасы инвестицияларды шоғырландыру көзі болғандықтан, белсен­ділігі экспортерлер мен импор­тер­лердің, яғни қор нарығы мен нақты сектордың бір-бірімен тығыз байланысынан көрініс табуы қажет. Өкінішке қарай, нақты сектор мен қор биржасы арасында байланыс жоқ», дейді трейдер. А.Бейсембаевтің айтуын­ша, қор нарығы нақты сек­­тордағы жағдайды көрсе­тетін сергек сала болуы тиіс. Жалпы алғанда қор нарығы дами беруі мүмкін. Ал мұндай жағдайда нақты сектордағы ахуалға кім назар аударады?» деген сауалды алға тарта отырып трейдер мысалы, АҚШ экономикасында қандай да бір өзгерістің КASE индексімен бай­ланыстылығын айтады. Сон­дықтан да отандық қор нары­ғының дамуы үшін либерализация қажет. Сонымен қатар Ұлттық банк тарапынан бақылау шараларының күшеюі нарықты тұншықтыра түсуде. Ал кейбір жағдайда «брокер мен инвестордың қолдан жасаған әрекеттері бар» деген негізсіз желеулер де айтылып қалып жүр, дейді трейдер.

Экономист Айдархан Құса­йынов қор нарығын либерали­зациялағанмен, ақша келе қой­майтыны анық екенін айтады. Бұл үшін қор биржасына кезең-кезеңмен дамуға мүмкін­дік беру керек деген сарапшы қор нарығының әлдеқашан да­мып кету мүмкіндіктерін же­кешелендіру жылдары­мен байланыстыра отырып, сол кезеңде жеке инвесторлар­ға социалистік меншікті үлес­тіруде мүмкіндіктердің бол­­ғанын айтады. «Осы тари­хи кезеңде акциялар кәсіп­орындарға иелік етудің бірден-бір формасы болды. Яғни капиталды бөлуде айтарлықтай диверсификация орын алды. Жекешелендіру жаппай жүріп, акциялар кәсіпорындардың қарапайым жұмысшыларына өтіп, ірі зауыттардың акциясын сатып алу бизнесі қарқын алды. Осы кезеңде нарықтағы пакеттер консолидацияланып, страрегтерге немесе кәсіпорын басшыларына өтіп кетті. Халықтық IPO акциядан пайда тауып, табыстың дәмін татып қалған брокерлік және брокерлік конторлар маңына топтасқанда осы бір өтпелі кезеңде қор нарығы қарқынды дамып кететін еді. Өкінішке қарай, олай болмады», дейді сарапшы. Сондай-ақ голланд ауруының да белең алуы экономикаға айтарлықтай салмақ салды. Отандық өндіріс тоқтап, қор нарығына дәстүрлі емес тұрғын үй, құрылыс нары­ғы, сауда саласы дамыды. Ал капи­талдардың шоғырлануы төмен деңгейде қалып қойды.

«Қазіргі кезде тұрғындардың 50-70 пайызы жалақыға тәуелді. Олардың қор нарығына немесе депозитке салатын артық ауыз қоры тапшы. Киер киім мен ішіп-жемді несиеге алып жатқанда акция туралы сөз айту­дың өзі артық», дейді А.Құ­сайынов. Сарапшының айтуынша, кезінде Халықтық IPO жеке инвесторларды тарту мақсатында құрылғаны белгі­лі. Оны ойластырған кезде жұрт­шылық миллиондап ақша құя­ды деген пікірдің болғаны рас. Нәтижесінде бар-жоғы 30-40 белсенді есепшот ашылды. «Кей жағдайда абстрактілі болжамдарға иек артып жатамыз. Қатысуға мүмкіндігі бар, кредиті жоқ, артық табысы барлар әлдеқашан қор на­ры­ғына еніп үлгерді. Егер  жағдайды жіті бақылайтын болсақ, онда қор нарығында эмитенттің жоқтығына көз жеткізе түсеміз. Ал олигополь­ды құрылымды экономика жағ­дайында кәсіпорындар пай­да көрмейді», деген ойымен бөлісе келе сарапшы экспорт­ты ұлғайтып, халық санын көбейтсе де қор нарығы қар­қынды дамып кетпейтінін айтады. Мысалы, соңғы он жыл көлемінде мемлекет бизнесті қолдап келеді. Субсидия алған өндіріс өнімін белгілі бір сомаға өткізгенімен, әрі қарай дамуға құлықты емес. Осылайша суб­си­дияға иек артқандар ал­дағы уақытта да мемлекеттің қол­дауын күтіп отыра бере­тіні анық. Тығырықтан шығу үшін тұрғындардың табысын көбейтуді ұсынған А.Құ­сайынов нәтижесінде тауар­ларға сұраныс артып, кәсіп­орын үкіметтің субсидиясына емес, сатудан түскен пайдаға жұмыс істейтін болады дей­ді. Сондықтан да мемлекет биз­неске емес, төмен табысты адам­­­­­­дарға қолдау көрсетуі тиіс. Сон­­д­а ғана тұтынушы таңдаған кә­сіп­орын немесе фабрикалар бә­се­кеге жұмыс істей бастайды.

Ал Тәуекелдерді бағалау тобының директоры Досым Сәтпаев қор нарығы бар дегенге күмәнмен қарайтынын жеткізді. «Өйткені елімізде то­лық нарықтық экономика жоқ. Толық нарықтық экономи­ка жағдайында өз акцияларын са­латын бәсекеге қабілетті ком­паниялар көп болуы керек. Кезінде ұрандатып, жария салған Халықтық IPO-дан не ұттық?» дей келе сарап­шы IPO кезінде қымбат акцияла­р­ды сатып алу үшін қор нары­ғы­ның төңірегінде элитамен қатысы бар компаниялардың шоғыр­ланғанын айтады. «Меніңше, бұл бір театр қойылымына ұқ­сайды. Бүгінгі қоғамда көпші­лік­тің акция сатып алатын мүм­кіндігі жоқ. Қаржылық сауат­тылығы төмен», дей келе Д.Сәт­паев қаржы әліппесі мен табыс табуды мектеп жасынан оқы­ту қажеттігін айтады. Ал қара­пайым жұртшылықтың қаржы сауаты артатын болса, бүгінде бармағын тістеп жүрген көпшілік ең болмағанда, несие рәсімдеу барысында банкпен келісімшарттың байыбына бар­ған болар еді.

«Қазақстан қор биржа­сы» АҚ басқарма мүшесі, Бизнес­ті дамыту жөніндегі басқару­шы директор Қайрат Тұрмағам­бетов барлық тәуекелдерді өз ж­ауапкершілігіне алып отырған отандық қор нарығының бел­сен­ді екенін айтады. Бүгінде дамуды көздейтін биржа жолдарын іздестіріп, заңнамалық, нормативтік базасына мән беріп келеді. «Уақыты келгенде жаңа қаржы инструменттері пайда болады. Қазіргі кезде ай­мақтарға жиі шығып, жұрт­шы­лық арасында түсіндіру жұмыс­тарын жүргізудеміз», дейді Қ.Тұрмағамбетов. Сонымен қатар «Бұл жерде мемлекеттің экономикалық саясатының жоғары рөлге ие», деп атап өтті. Ал әзірге Қа­зақ­­станда қара­­пайым жұрт­­шы­лықты айт­па­ғанда, кә­сіп­кер­лердің қаржы­лық сауаты төмендігін алға тарт­қан Қ.Тұрма­ғам­бетов KASE ма­ман­дары­ның өңірдегі түсін­­діру жұмыстарының маңы­з­ды­­лы­­ғына назар аударды. Бү­гінде кәсіпкерлер үшін биржаға шығудың өзіндік талаптары бар. Сонымен қатар KASE ком­паниялар үшін банк несиесі­не балама мүмкіндіктер ұсынады.

Қ.Тұрмағамбетовтың айтуынша, жеке тұлғалардың коммерциялық банктердің депо­зитінде жартылай теңгемен рәсімделген салымы 24 млрд долларды құрайды. Бүгінде табыс көзін іздеп жүрген жеке тұл­ғаларға қор нарығына келу­дің мүмкіндігі мол. Бұл үшін биржада жаңа компания­­лар пайда болуы қажет, дей­ді сарапшы. Нарықта доллар­­мен 1 теңгемен 10 пайыз тартымды инструменттер – еурооблигациялар бар. Жеке тұлғалардың құнды қағаздарды таңдауы өз еркінде. Мысалы, құнды қағаздар Халық банк депозитінде 1 пайызбен болса, биржада нарықтың жағдайы­на қарай еурооблигациялар 4 пайыз болуы мүмкін. Қор нарығында сонымен қатар мемлекеттің салық жағынан преференциясы қолданыста. Мысалы, акцияны 100 теңгеге сатып алып 1000 теңгеге сатқан жағдайда, арадағы 900 теңге­ге салық салынбайды. Жыл соңын­­да алатын дивидендтер де са­лықтан босатылған.

Мамандар пікіріне қарап, биржа әлемінің қарайым жұрт­шылық біле бермейтін жай-жап­сары көп екеніне көз жеткізе түсеміз. Десек те сала мамандары жеке тұлғалар қор нарығына белсенді қатысу арқылы ел экономикасын дамытумен қатар қаржылық мүмкіндіктерге қол жеткізе алады деп сендіреді.

 

АЛМАТЫ