Жалпы отырыстың күн тәртібінде сенаторлар алдымен «Қазақстан Республикасы мен Бразилия Федеративтік Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасын қарады.
Аталған құжатты депутаттардың назарына Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов ұсынды. Ол алқалы жиынға Қазақстан мен Бразилия арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек, қылмыскерлерді экстрадициялау, сотталған адамдарды беру туралы үш шартты ратификациялау мақсатында келгенін атап өтті.
Оның айтуынша, Бразилия – біздің тәуелсіздігімізді алғаш мойындаған елдердің бірі. 1993 жылы екі арада дипломатия орнаған. Жер шалғайында болғанымен өзара байланыс тығыз. Уақыт өткен сайын қарым-қатынас дамып келеді. Мысалы, екі елдің тауар айналымы 2018 жылға қарағанда былтыр 97%-ға өсіп, 301 млн долларды құрады. 2016 жылдан бері екі ел арасында визасыз режим орнаған. Соңғы жылдары туристер саны көбейіп келеді. Жоғары оқу орындарында студенттер оқып жатыр. Былтыр бізге Бразилиядан 1000-нан аса адам келген. Бізден де ол елге туристер мен бизнесмендер барып тұрады. Дегенмен арасында миграциялық заңды бұзатындар, тіпті қылмыс жасаған фактілер бар.
Екі ел арасындағы шарттарға 2018 жылы Қазақстанда қол қойылған. Бірінші Шарт күдікті адамның кінәсін дәлелдеу үшін қажетті тергеу амалдарын жүргізуді көздейді. Шарт бойынша екі елдің тергеу органдары өзара келісіп, бір-біріне басқа да көмек бере алады.
Ұстап беру туралы Шарт іздеуде жүрген адамдарды қылмыстық жауапқа тарту мен сот үкімін орындау үшін экстрадициялау мәселесін реттейді. Шартта ұстап берудің және одан бас тартудың нақты негіздері бекітілген.
Ал сотталған адамдарды беру туралы Шарт қылмыскерлердің жазасын елінде өтеуге мүмкіндік жасайды.
– Біздің азаматымыз шетелде қылмыс істесе, оларды қорғауға тиіспіз. Оң көзбен қарап, қол ұшын береміз. Шетелде сотталған қазақстандықтар көп ретте сол жердің тілін, дәстүрін білмейді және өз ортасы мен туғандарынан байланысы үзіліп қалады. Бұған қоса шетел ақпарат құралдары Бразилияның түзету мекемелерін жиі сынға алып жатады. Түрмелерінде адам көп. Олар топтарға бөлініп, бір-бірімен жанжалдасып тұрады. Ұстау жағдайы талаптарға сай емес. Сотталғандар саны бойынша Бразилия 23-орында, ал біз – 99-орындамыз. Бразилияда біздің бір азаматша жазасын өтеп жатыр Ол Қазақстанға ауысу туралы өтініш берді. Қазір қаралып жатыр. Осы Шартты ратификациялаған соң бұл мәселе шешімін табады, – деді Марат Ахметжанов.
Депутат Владимир Волков шарттың ратификацияланғаны Қазақстанда қылмысқа қарсы күресте екі елдің тиімді ынтымақтастығын арттыруға бағытталған халықаралық құқықтық тәртіпті қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.
Сонымен қатар сенаторлар 2014 жылғы 15 тамыздағы Көлік құралы паспортының және өздігінен жүретін машина және техниканың басқа да түрлері паспортының бірыңғай нысандарын енгізу және электрондық паспорттар жүйелерін ұйымдастыру туралы келісімге Армения Республикасының қосылуы туралы хаттаманы ратификациялады.
Бұл заң жобасын Индустрия және инфрақұрылымды дамыту вице-министрі Аманияз Ержанов таныстырды.
– Бұл хаттамамен Армения келісімге қосылады және электрондық паспорттар жүйесін енгізу бойынша міндеттемені алады. Келісім бірыңғай кеден аумағында көлік құралдарының, өздігінен жүретін машиналардың және техниканың басқа да түрлерінің еркін айналысын қамтамасыз ету үшін жағдай жасауға ықпал етеді. Сондай-ақ құжат ЕАЭО мемлекеттерінің аумағында өндірілген және тіркеуге жататын көлік құралдары мен техниканың басқа да түрлеріне берілетін паспорттарының бірыңғай, әрі оның ішінде электрондық нысандарын қолдау мәселелерін реттейді. Осы келісімді іске асыру мақсатында Еуразиялық экономикалық комиссиясының 2015 жылдың 22 қыркүйегіндегі шешімімен электрондық паспорттар жүйесінің жұмыс істеу тәртібі, көлік құралдарының және техниканың басқа да түрлерінің электрондық паспорттарын рәсімдеу тәртібі мен құрылымы бекітілді, – деді министрлік өкілі.
Сенатор Михаил Бортник қағаз түріндегі паспорттарды электрондық нұсқаға көшіру ЕАЭО аумағында белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін техниканы айналымға шығаруға жол бермейтінін атап өтті.
ЕАЭО аясындағы қабылданған тағы бір заң жобасы Қырғыз Республикасына қатысты болды. «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуына байланысты Қырғыз Республикасының 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты, Еуразиялық экономикалық одақтың құқығына кіретін жекелеген халықаралық шарттарды және Еуразиялық экономикалық одақ органдарының актілерін қолдануы жөніндегі жағдайлар мен өтпелі ережелер туралы 2015 жылғы 8 мамырда қол қойылған хаттамаға өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» құжатты Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов таныстырды.
– Қырғыз Республикасы екі жыл ішінде үшінші елдермен шекарадан өткізу пункттерін орналастыру және материалдық-техникалық жарақтандыруды қамтамасыз ету міндеттемесін алды. Мерзімдерді ұзарту бойынша Қырғыз тарапы бастама жасады. Өткізу пункттерін жаңғырту жұмыстарын аяқтау үшін оларға қосымша уақыт қажет болып тұр. Мемлекеттердің басшылары Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының аясында 24 айдан 48 айға, яғни 2019 жылдың 12 тамызына дейін өзгеріс енгізу туралы Хаттамаға қол қойды. Дегенмен бұл мерзімде де Қырғыз тарапы үлгерген жоқ. Осыған орай 2019 жылғы 29 мамырда Нұр-Сұлтан қаласында мемлекеттердің басшылары Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының аясында 48 айдан 72 айға, яғни 2021 жылдың 12 тамызына дейін өзгеріс енгізу туралы Хаттамаға қол қойды. Алайда бұл жақын арада Сіздердің қарауларыңызға енгізілетін басқа Хаттаманың нысаны болады. Хаттаманы ратификациялау Қазақстан тарапы үшін ешқандай салдарларға әкеп соқтырмайды және өзгеріс енгізу заңды сипатқа ие, – деді министр.
Қаралып отырған заң жобасында депутаттар тарапынан қолдау тапты.
Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева отырысты қорытындылай келіп, депутаттарды төтенше жағдай кезеңіндегі Сенат жұмысының регламентінен хабардар етті. Атап айтқанда, төтенше жағдай болған кезеңде барлық іссапар мен жоспарлы көпшілік іс-шаралар тоқтатылады. Заңдар бойынша жұмыстар жалғаса береді. Бұл ретте депутаттарға палата мен комитеттердің отырыстарына шақырылғандардың санын мүмкіндігінше шектеу ұсынылып отыр.
Аппараттың 70-тен аса қызметкері үйден істейтін жұмыс тәртібіне көшірілді, қалған қызметкерлер үшін қысқартылған жұмыс күні белгіленді. Сенат ғимаратында күніне бірнеше мәрте қажетті санитарлық-эпидемиологиялық жұмыстар жүргізілуде.
– Мемлекеттің міндеті – азаматтарымыздың өмірі мен денсаулығын сақтау, экономика мен тұтыну нарығының жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Жұқпалы дертпен нәтижелі күресу үшін ерік-жігер керек. Дегенмен сақтықты да қаперден ұстаған жөн. Бізге ертеңгі күнге сеніммен қарап, бойымыздағы үрей мен күдіктен арылу қажет. Біз – талай сында шыныққан мықты халықпыз. Біз бәрін жеңеміз, – деді Дариға Назарбаева.
Сенат басшысы азаматтардың жұмыспен қамтылуы мен табыстары мәселесіне бөлек тоқталды.
– Төтенше жағдай мен карантин іскерлік белсенділікті баяулатуға алып келеді. Көптеген адам уақытша жұмыссыз ғана емес, сондай-ақ күнкөрісіне жететін қаражатсыз да қалуы мүмкін. Алматы қаласында тұрақты немесе уақытша жұмыс істейтін Алматы облысының тұрғындары жөніндегі мәселелер бар екені бізге белгілі. Бұл 500 мың шамасындағы адам және оларға отбасы мүшелерін қосыңыз. Біз проблеманың ауқымын тиісті мөлшерде көре аламыз. Мемлекеттік органдар, депутаттар бұл жағдайға баса назар аударуы тиіс деп есептеймін. Қалыптан тыс, батыл шешімдер қажет, – деді Сенат Төрағасы.
Депутаттар отырыс соңында өздерінің және Сенат аппаратының бір күндік еңбекақысын вируспен күрес қорына аудару туралы шешім қабылдады.