Сарапшылар тарапынан Қытайдан шыққан эпидемия, ОПЕК, АҚШ-тың келісімге келе алмауы сынды факторлар мұнай бағасына әсер ететіні талай рет ескертілді. Қолданбалы экономикалық зерттеу орталығының (AERC) басқарушы директоры Олжас Төлеуов қазір қор нарығының дамуы туралы пікір айту қиын дейді. Нарық қазір белгісіздік жағдайында тұр. Бұл фактор үміттенуге немесе позитивті пікір білдіруге мүмкіндік бермейді. «Бір күн бұрын АҚШ президенті Дональд Трамптың эпидемия кезінде әлеуметтік қашықтық қажет екенін айтқаннан АҚШ биржаларындағы баға 12%-ға төмендеді. Айтпақшы, өткен бейсенбіге қарағанда ең үлкен құлдырау орын алды. Бұл өз кезегінде 1987 жылдың 19 қазанынан бастап ең нашар сауда күні болды, сол кездегі қор индекстері 20-22% төмендеді», деді ол.
Мұнай арзандап, доллар қымбаттағанын үш күн сырттан бақылаған Ұлттық банк төртінші күні теңгені қолдан қолдай беру ниетінен бас тартты. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова айырбастау бағамын бұрынғы деңгейде ұстап тұру мемлекеттің валюталық резервінің айтарлықтай төмендеуіне, долларлануға, өтімділік дағдарысына және экономикадағы жағдайдың одан сайын нашарлауына апаратынын ашық мойындады. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттық нәтижесінде доллардың ресми бағамы қазір 1 АҚШ долларына шаққанда – 435,73 теңге. Яғни, екі күнде ұлттық валюта 30 теңгеден астамға әлсіреді. Бұл Ұлттық банк белгіленген мөлшерлемеден ресми түрде бас тартқаннан бергі ең төмен жағдай. Қалай болғанда да, қаржылық тұрақтылыққа қатер төнген жағдайда ұлттық валюта бағамының ауытқуын түзету құқығы Ұлттық банктің қолында.
Ұлттық банктің сырттай бақылауы ғана емес, мемлекеттік деңгейде қолға алынған әрекеттердің 80 пайызы қор нарығын, тұтыну тауарларының қымбаттауын тоқтата алмайтыны сезіліп қалды. Мамандар пандемия және мұнай нарығындағы баға арасындағы текетірес биржаларды бір аптадан артық жабуға шамасы жететінін ескертіп жатыр. Қор биржасы 2 сағатқа қалғып кеткен 17 наурыз күні таңертең Қазақстанда АҚШ доллары 410 теңгеден 440 теңгеге дейін өскенін бәріміз көрдік. Сол күні арада 2 сағат өткенде айырбастау пункттері қауымдастығының президенті Арчин Галимбаев көпшілік алдына шығып, KASE ашылу сәтіне айырбастау бағамы 410 және одан да жоғары болғанын, 10:15-тен 12:00-ге дейін Қазақстанның айырбастау пункттерінде бағамның қай деңгейде болатыны туралы түсінік болмағандықтан теңге құлдырап кеткенін айтып берді. Банктер арасында мәмілелер содан кейін ғана басталып, баға қалыпқа түсіпті.
Отандық сарапшы Андрей Кочетков қазір қор нарықтарының негізгі мәселелерінің бірі коронавирус емес, қаржы жүйесінің тұрақтылығы, бірінші кезекте осыған назар аудару қажет дейді. Оның пайымдауынша, мұнай бағасын тұрақтандыру үшін энергетика нарығындағы ұсыныс пен сұраныс деңгейін теңестіру керек. Себебі экспорттаушы елдердің жасауға тиіс реформасына қарай баға өзгереді. Ол өссін десек, тек халықаралық нарыққа шығатын мұнай көлемін азайтуға тиіс екенбіз. Қазір нарықтағы ұсыныс сұраныстан тәулігіне бір миллион баррельге көп. Бұл нарықтағы онсыз да тұрақсыз жағдайды ушықтырып жіберді. Салдарынан инвесторларда үрей пайда болып, дүрбелең туды.
Макроэкономикалық тұрғыдан қарағанда бізге бір сәттік не қысқа мерзімде мұнай бағасының төмендегені маңызды емес. Сарапшылар экономикалық агенттер мен билік органдарының әрекеттері экономикадағы дағдарыстық құбылыстардың көбеюіне алып келгенін айтып жатыр. «Қазір қор нарығы тек коронавирус немесе арзан мұнай ғана емес, ақпараттық соғыстың қысымында қалды. Сондықтан, ішкі нарық осы үш күштің әсерін әлі ұзаққа дейін сезетін болады», дейді А.Кочетков.
Теңге бюджет үшін салыстырмалы түрде ыңғайлы деп есептелген деңгейге дейін әлсірейді. Оның қандай деңгей екені де әзірге белгісіз. Мұнай өндірушілердің қолында өндірілген артық мұнайды сақтап қоюға мүмкіндік беретін технология жеткілікті, бұл бағаның кенеттен қымбаттап кетуіне жол бермейді. «Коронавирустың әлемдік ІЖӨ-ге әсер ететіні белгілі. Алайда індеттің беті қайта бастағанын, оның таралу аумағы тарылып келе жатқанын байқап отырмыз. Бірақ ішкі нарықта індетке қатысты фейк-ақпараттарды жеке мүддесіне пайдаланып қалғысы келетіндер бар. Бұл дамушы елдер валютасының құлдырауына әсер етеді. Оның қатарында Қазақстан да бар», дейді А.Кочетков.
Қаржыгер Жарас Ахметов сұраныс пен ұсыныс арасындағы тепе-теңдік қалыптасқанша біздің валюта әлсірейтінін тілге тиек етіп өтті. Оның айтуынша, теңгенің нарықтағы құны қанша болады деген сауалға қазір Ұлттық банктің өзі жауап бере алмайды. «Теңгеге деген сұранысқа ШОБ-тың дамуы, ІЖӨ әсер етеді. Мұнымен қоса сыртқы және ішкі факторлардың ықпалы басым. Теңге біз ойлаған деңгейден де төмен құлдырап кетпеу үшін ішкі өндірістің күретамырына қан жүгіртуді бүгіннен бастап ойлау керек. Сонымен қатар ішкі нарықтың инвестициялық тартымдылығын көтеру де маңызды фактор», дейді ол.
Сарапшы-қаржыгер Әнуар Үшбаев әрбір жаңа дағдарысқа экономикалық және әлеуметтік қиындықтардың алдын ала ескерілмегені себеп болып жатқанын айтты. Ол ұлттық валюта ресейлік валюта бағамына сәйкес болады дейді: «Жүйелі маңызы жоқ және негізгі активтері мемлекеттік бағалы қағаздардағы бес-алты қаржы институтын қысқарту қисынды қадам болар еді. Олар теңгеге қауіп төндіреді. Сондықтан банк осы қаржы институттарындағы ақша нарыққа әсер етпеуі үшін мөлшермені көтерді».
Ә.Үшбаев Ұлттық банк валюта нарығын қалыптастыруда өте тиімді құралдарға ие екеніне сенімді. «Ұлттық банктің алдына қандай мақсаттар қойылып отырғаны туралы жан-жақты айтылды. Қазір бірқатар ішкі және сыртқы факторлар теңгеге қысым жасап жатыр. Сондықтан қазақстандық валюта кез келген жағдайда мемлекеттің қолдауы болмаса, әлсірей береді. Алдағы уақытта Ұлттық банктің қаржылық-экономикалық саясатына өзгерістер енгізу керек», дейді ол.
Карантиндегі Қазақстанның қор және қаржы нарығы тек коронавирус пен арзан мұнайдың ғана емес, ақпараттық соғыстың қысымында қалғаны сезіле бастады. Соңғысы Үкіметтің және осы тақырыптың ақ-қарасын ажырата алатын кәсіби модераторлардың біліктілігіне тәуелді болып тұр. Ел тағдырына әсер ететін дұрыс шешімдер сол кезде ғана қабылданады.
АЛМАТЫ