Қаржы • 20 Наурыз, 2020

Президент айтты – банктер орындауға кірісті

2832 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ұлттық банк пен Қазақстан Қаржыгерлері қауымдастығы шағын және орта бизнесті жеңілдетілген несиелеу бағдарламасын дайындауға кірісті. Ұлттық банктің баспасөз бөлімі ШОБ-ты қаржыландыруға 600 миллиард теңге бөлінетінін хабарлады.

Президент айтты – банктер орындауға кірісті

«Шағын және орта бизнес субъектілеріне, төтенше жағдайдан зардап шеккен жеке кәсіпкерлерге айналым қаражатын толықтыруға жеңілдетілген несие беру арқылы 12 айға дейін жылдық 8% -дан аспайтын мөлшерде 12 айға дейін беріледі. Банктердің қаражатты пайдалану мерзімі - үш ай» дейді Ұлттық банктің баспасөз бөлімі таратқан хабарламады. Бағдарламаның операторы ретінде Қазақстанның тұрақтылық қоры (ҚҚҚ),  AQR-дің сүзгісінен өткен 13 банк анықталды. Бұл банктердің несие тарихында ШОБ-ты қаржыландырғаны туралы оң мәліметтер бар.

«ШОБ-ке бөлінген қаржы мемлекеттік және жеке бағалы қағаздарды сатып алуға, басқа банктердегі депозиттердегі салымдарға, шетел валюталарын сатып алуға және басқа да заңсыз пайдалануға арналған қаражаттың пайдаланылуына тыйым салынады»  деп атап өтті бас банк.

Бұған біз дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ШОБ-ті қолдау үшін 600 миллиард теңгеге тапсырыс бергенін жазғанбыз. 

Ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге, ШОБ өкілдеріне Нұр-Сұлтаннан бөлінген несие там-тұмдап қана тиетіні туралы бұған дейін талай рет сөз болған.

Өткен жылы Үкімет қабырғасында «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының қамқорлығына өтіп, кейін басқа банктерге жұтылып кеткен «Альянсбанк» пен «Темірбанктің» базасында ауыл шаруашылығына қатысты банк құру туралы ұсыныс айтылған. Сала мамандары бұл қадам Қазақстанның ауыл шаруашылығына соны серпін береді деп үміттенген болатын. Алайда үміт ақталмады. Ауыл шаруашылығына қатысты банк ашу туралы ұсыныс Үкімет қабырғаларынан бері аса алмады.   

Кезінде Қазақстандағы «Агропромбанк» басқармасының төрағасы болған Бейсенбек Зиябеков Қазақстанда аграрлық банк құру қажеттігін уақыттың өзі дәлелдеп отырғанын айтады.  Оны мүмкіндігінше тезірек ашу керек.

«Алғашқы кезеңде қаржы ұйымын мемлекеттің балансында ұстап, уақыт өте келе жекеменшікке беру керек», – деді қаржыгер Бейсенбек Зиябеков.

Жыл сайын республикалық бюджеттен бөлінетін несиенің басым бөлігі ірі шаруашылықтарға үлестіріледі де, шағын шаруашылықтар шөміштен қағылатыны талай рет сөз болған. Бұл жолы да мемлекет бөлген қаржы тек ірілендірілген шаруашылықтарға беріліп, ұсақ шаруашылықтар ескерілмей қала ма деген қауіп бар көп көңілінде.  Себебі Ұлттық банк пен ҚҚҚ (Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы )  дайындап жатқан Бағдарламада мемлекет қаржысы қандай субьектілерге және қандай талаптармен берілетіні анық айтылмаған.  Сондықтан сарапшылар бұл жолы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін шағын бизнес иелеріне басымдық берілуін күтіп отыр. 

Осыған қатысты экономист Тоқтар Есіркепов аграрлық банк кез келген дағдарыс кезінде «құтқару жастықшасы» міндетін атқаратынын түсінбей келген ел біз ғана екенімізді айтады. Қазіргідей эпидемия тұсында да жасыл дәліз ашып, қажет өнімдерді өзге елден тасуға шешім қабылдағанымызға осы фактор себеп болып отыр. 

Экономистің түсіндіруінше, ел тұрғындарының 46%-ы ауылда өмір сүреді. Демек кейбіреулер айтып жүргендей аграрлық банк клиентсіз қалмайды, мемлекет бөліп берген қыруар қаржыны үйлестіретін оператор іздеп жанталаспайтын едік.

«Дәл қазір ауыл банктің құзіретін ШОБ-ты қаржыландыратын банк ретінде толықтыруға болады. «Аграрлық несие корпорациясы» тәрізді ірілі-ұсақты бақылаушы және жауапты қаржы ұйымдарының жұмысы біріздендірілмеген. Несиелік серіктестіктер ауылды несиелендіру саясатын жүргізуге қауқарсыз, активтері де, капиталы да аз. «ҚазАгро» немесе «Даму» тәрізді квазисекторлық қаржы институттарын көбейте бергенше, аграрлық банк секілді салмақты қаржы ұйымын ашу керек» дейді Тоқтар Есіркепов.

Сарапшылар Ауыл немесе ШОБ банкін құруға заңнамалық тұрғыда тосқауыл бар екенін айтады. «Қазақстан Республикасының банктер қызметі» туралы заңына сәйкес, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» өзге бірде-бір банк мамандандырылған банк бола алмайды. 

«Егер осы норма өзгертілсе, аграрлық банктің құрылуын қолдаймыз. Біздің ойымызша, мұндай банк агросекторға пайдалы болар еді», – деген болатын бір кездері Ауыл шаруашылығының экс-министрі Асылжан Мамытбеков.

Қаржыгер Бейсенбек Зиябековтың пікірінше, Үкімет аграрлық банк құруға шынымен кіріссе, істі  заңға өзгеріс енгізуден бастау керектігін айтады.  Заңға өзгеріс енгізілсе, аграрлық банк құруға  кедергі жоқ.

Қаржыгер Ілияс Исаев  мұндай банк құрылса, онда мемле­кеттің миллиардтаған қаржысы несиесі ауылдағы ағайының несібесін арттыратынын айтады. «Ауылдың жағдайын көтермей  Қазақстан экономикасы қарыштап дами алмайтынын отыз жылдан бері айтып келеміз. Ауылды дамытуға арналған «Ауыл жылы» (2002-2005), «Ауылдық аймақтарды дамыту» (2004-2010) сынды мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, миллиардтаған қаржының қайда кеткенін қазір ешкім білмейді.  Бірақ барлығы нәтижесіз болды. Нұр-Сұлтаннан бөлінген қаржының тек 15-20 пайызы ғана ауылға жетеді.  Мемлекеттің ауылға бөлген  қаржысын үйлестіріп, қажетті жерге жұмсап отыратын арнайы қаржы институты жоқ.  Сол себепті сарапшылар арасында «ауылға байланысты бағдарлама қабылданса, әлдебіреулердің алақаны қыши бастайды» деген ащы әзіл бар. Себебі күні бүгінге дейін ауылды дамытуға бөлінген қаржы нақты жоба жоқ деген желеумен банк депозиттерде сақталып,  бағалы қағаздарды сатып алуға жұмсалып  келгені шындық. Әлемдік тәжірибеде ауыл  шаруашылығына қатысты мәселелерді  аграрлық, кооперативтік банктер жүйесі немесе мемлекеттік-жекеменшік серіктестік түріндегі банктер шешеді. Бұл механизм бізде жұмыс істемендіктен ауылды дамытуға  бағытталған кез келген бағдарлама  дауылда ескексіз қайықтың күнін кешті. Сұрауы сұралмады. Ауыл шаруашылығын қаржыландыру мәселесі сол банктердің ұсынысы бойынша реттеліп отырады. Ал банктер ұсынысты  жекелеген кәсіпкерлердің бизнес жобасына қарай белгілейді, Біздің елде де ауыл  шаруашылығын несиелендірудің көпдеңгейлі жүйесін енгізудің уақыты әлдеқашан туды», дейді Ілияс Исаев.

Ал біз өз тарапымыздан  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ШОБ-ті қолдау үшін 600 миллиард теңге бөлу туралы ұсынысында бұрын қаперге алынбай тұрған тұстарды ескергенін айта кетуге тиіспіз. Себебі Ұлттық банк пен Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы дайындаған бағдарламада «ШОБ-ке бөлінген қаржы мемлекеттік және жеке бағалы қағаздарды сатып алуға, басқа банктердегі депозиттердегі салымдарға, шетел валюталарын сатып алуға және басқа да заңсыз пайдалануға арналған қаражаттың пайдаланылуына тыйым салынады» деген бап бар. Сондықтан қаржыгерлер бұл осы бап ауыл шаруашылығын несиелендірудің көпдеңгейлі жүйесін енгізуге мүмкіндік береді деп үміттеніп отыр.  Демек, Президент айтты, банктер орындауға кірісті.  Жоғарыда ерекше бөліп-жарып айтып өткен бап жаңа  бағдарламаның бас қаруы болатын шығар деп үміттенеміз.  

 

АЛМАТЫ