Әдебиет • 20 Наурыз, 2020

Көктемде құстар қайта ма? (әңгіме)

1867 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

Жәудір Нартай Түркістан облысы, Созақ ауданы, Жуантөбе ауылында дүниеге келген. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің көркемсурет факультетін бітірген. Жәудірдің әңгімелері нәзік лиризм, өмірдің өзінен алынғандай шынайылығымен, мистикалық көңіл күйімен ерекшеленеді. Жас қалам иесінің шығармалары республикалық мерзімді басылымдарда жарияланып жүр.

Көктемде құстар қайта ма? (әңгіме)

Мен сол естеліктен қанша рет арылуға тырыссам да арыла алмадым. Ендігі жерде арыла  алмасымды да жақсы білемін. Ол естелік кейде менің жанымды жұлмалап бітеді, ал кейде ұйқымнан жұлып оятады. Сол бір келте ғұмырлы естеліктің мендік тағдырдан ажырамай бірге жасап келе жатқанына да біраз жыл болды. Бұл құс тағдырлы адам жайлы әңгіме еді, жүрегіме орнап үлгермесе де, төбемнен аз айналып ұшып кете барған сол құсты кейде түсімде көремін. Бірге ұшайық дейді, ал мен ілесе алмайтынымды айтып жатып оянып кетемін.

1

    Үшінші курстың көктемі болатын, Қостанайдан Тілеужан есімді жігіт біздің курсқа жаңадан келіп қосылды. Бала кезінен Алматыны көрсем деген ұлық арманы оны ақыры, алып шаһардағы ең ірі жоғарғы оқу орындарының біріндегі, көркем сурет факультетіне жетелеп алып келді. Оны ең алғаш Мәдібековтің сабағында байқадым. Орта бойлы, ақсары келген, дөңгелек жүзді бала екен.

- Бізге жаңадан студент бала келді, есімі – Тілеужан, – деді Айко сыбырлап.

- Әәәә, анау отырған бала ма?

- Иә, кеше живописте обнаженка салғанда ұялғанын көрсең ғой, қабақтай Вераның жалаңаш тәнін жазудан ұялып, байғұстың екі беті өрт болды дейсің, – деп Айко тұншыға күлді.

- Мүмкін обнаженканы бірінші рет салуы шығар...

- Өзі де солай деді, ар жақтағы оқуында кілең натюрморт сала берген сияқты ғой, – деп жымиды.

- Ол орыс топтарының қандайлық жалаңаш мүсіндер жазып жүргенін көрмеген екен.

- Соны айтам-ау! Қайта біздің қазақ топтары бұтында лыпасы бар натурщицаларды жазғанын олжа көріп, мәз боп жүрсе.

- Сызудан қалай екен өзі?

- Сөз жоқ, керемет сызады екен, Мәдібеков дән риза.

Желкелеп жүріп деканатқа бір сүйреп, аудиторияға екі сүйреп үштігін зорға қоятын Мәдібеков сабағында неге екендігін көзге көп түсіп қала беретін студенттің бірі болған соң, төңірегімнен сызуды жақсы сызатын адам іздейтінмін. Болмаса, ақшаға сыздыртатынмын. Иә, иә ақшаға.... Бес жүз теңге берсең, жоғары курстың ұлдары әп-әйбат қып сызып, форматыңды қолыңа ұстататын. Алайда онымды Мәдібеков тез біліп қойды да, сызу сыза алмайсың деп зачеткамды бетіме лақтырып, аудиториядан айдап шықты. Бүгін тағы да Мәдібековтің сабағына кешігіп келгем. Есікті қаққанымда, бүйі көзі бағжаңдап өзі ашты.

- Кір, – деді содан соң зілді дауыспен. Үнсіз тақтаның алдында тұрмын. Ол ақырын еденді сықырлатып жүріп жаныма таянды:

- Осы сен не үшін Алматыға келдің? Әлі бір де бір детальді дұрыстап сызып келген жоқсың, - деді.

-......

- Неге үндемейсің?! Осы сендер, шымкенттіктер, оқымайтындарың бар, қайдан ғана топырлап Алматыға келе бересіңдер іии-ии, – деп шаңқ етті. Аяғының астындағы еден де неге дегендей сықыр етіп үн қатты.

- Ағай, мен бәрібір суретші болмаймын.

- Енді кім болам деп келдің?

- Жазушы...

- Жазушының оқуына түспедің бе ендеше, нең бар көркем суретте? – деп Мәдібеков әдепкі ашуына басып қалшылдады.

- Жазушы  деген мамандықты оқытатын университет жоқ екен, бар болса түсер ем, – дедім томсырайып. Ыпыны келіспеген Мәдібековтің бүйі көзі мені сонау бұрышқа қарата атып ұрғандай болды. Мен ең соңғы қатардағы бос тұрған орынға келіп жайғастым. Жанымда жаңадан келген кешегі бала отыр. Аз-кем үнсіздіктен соң:

- Тілеужан, - деді қолын беріп.

- Айман....

- Қуаныштымын!

 2

Мен сол сәт қуанышты болдым ба, жоқ әлде бүйі көз Мәдібековтің үнемі «Шымкент»  деп кемсітіп, қитығыма тиетінінен мезі болдым ба екен, самарқау бас шұлғыдым да отырдым. Бір қарағанымда Тілеужан менің тапсырмамды орындап отырды. Тіпті епті-ақ, менің апта бойы сыза алмай жүрген деталімнің ішкі-сыртқы өлшемдерін циркулін шыр айналдырып отырып сызып, есептеп шығарып жатты. Сол кезде барып мен оған назар салып анықтап қарай бастадым. Тым үлкен де емес, тым қысыңқы да емес, орташа біткен қой көзді. Бейнебір адам біткенге айыбы бардай қабағының астымен жаутаңдап қарай береді екен. Аздап жымиятын сияқты. Онысы өзіне бөлек кескін беретіндей. Бір сәт қоюлау қара қасына, ұзынша тал-тал кірпіктеріне қызыға қарап қалдым. Мұрны ғана пұшықтау екен, жігіт адам деген – Микеланджелоның Давиді сияқты мұрынды, сұңғыла болса ғой дедім сосын ішімнен. Бірақ оның осынау жас кейпіндегі бар кемшілігі қырша бітпеген мұрны дейін десең, желкесінен төмендеу түскен жирен шашы оны соншалық тартымды көрсететіндей. Соны сезгендей өзі де маңғаздана отырып, мыртықтау саусақтарымен шашын тарақтап отырып, артқа қарата сілкіп қалды. Жүзінен әлі де балаң ұяңдығы кете қоймаған, бірақ ересек көрінуге әбден-ақ тырысып бағады. Оның уыз өңінен тым жас екендігі көрініп тұрды. Мен одан жасын сұрадым. Менен екі жастай кіші екен.

- Сен біздің жатақханаға орналастың ба, – дедім сосын әңгімені өзім бірінші болып бастап.

- Иә, 54-нші бөлмеге орналастым.

- Әлгі спортта оқитын бұзықтар тұрмаушы ма еді онда, неге өзіміздің суретшілермен бірге тұрмадың?

- Суретшілердің қасынан бос орын табылмады.

- Қап-ай, ә.

- Жоқ, ол жігіттер өте жақсы, тек сабақтары таңертегілік, мен үнемі бөлмеде жалғыз қалып қоямын, кілт соларда.

- Кілт жасатып алсаңшы, көк базарда кілт жасайтындар бар ғой.

- Мен әлі Алматыны білмеймін...

- Әәәә, солай екен ғой.

- Иә...

- Көк базар деген мына Панфилов паркінен шамалы жоғары көтерілсең, өзі-ақ көрінеді...

- Әәәә, қашық емес екен ендеше.

- Ал сен театрда болдың ба?

- Жоқ... бірақ барғым келеді...

- Біз Айко екеуміз осы аптаның ішінде театрға барамыз, бізбен бірге барғың келсе, ертіп апарайық.

- Әрине, барамын.

- Келістік!

- Осы...қайсысы қызығырақ, театр ма, кино ма?

- Театр – тірі организм. Сондықтан театр қызық.

      Осы кезде бүйі көз Мәдібековтің анадайдан қадала қарап тұрғанын аңдадым. Ол ақырын таянды да әдетінше танауын көкке көтере, мысқылдай күлді. Бұл жолы Тілеужанға бұрылып:

- Әй, Тілеужан ба едің, кім едің, сен бұл Шымкенттің қызына көп жолай берме, бұлар өте қу келеді. Бүгін сызуын сызып бересің, ертең ғашық боласың, арғы күні үйленем дейсің. Бірақ бұлар уақыты келгенде өз жеріне тартып отырады, - деді. Тілеужан аз-мұз қызарақтап, төменшіктеп үнсіз езу тартты. Мәдібеков өз орнына жайғасқанда:

- Бүйі көз көки береді, – дедім ақырын сыбырлай сөйлеп. Тілеужан үнсіз күліп жіберді де:

- Неге «бүйі көз», - деді таңдана.

- Мен, Бетбақ далада өскем, біздің жақта бүйілер өте көп болатын. Бүйі деген өзі бір өте сұсты, әрі улы жәндік. Аңдамасаң жазды күндері үйге де кіріп кетуі мүмкін. Өздерінің көздері бар ғой құдды Мәдібековтің көздерінен аумайды, тура адамға атылатындай қарайды. Әне-міне уын шашып жіберердей түктері едірейе қалады. Мәдібеков ағайды көрсем сол қап-қара бүйілер есіме түседі, – дедім күліп.

- Суреттеуің жаман емес екен, – деп Тілеужан жымиды.

Біздің әңгімеміз сабақтан соң да жалғасты. Көбісі Алматының көрікті жерлері жайлы болды. Ол өзінің Қостанайын, одан арғы Арқалығын сөз қылды. Мен Алматы мен Шымкентті, арасында Созақ жайлы толғандым.

Кенеттен Тілеужан:

- Адамдарды әртүрлі аң-құсқа, жәндіктерге ұқсата алатын суретшілер ғана деседі. Сен Мәдібеков ағайды бүйіге ұқсатасың, мұның өте сәтті теңеу екен, расында ойланып қарасаң, ұқсастық бар сияқты, ал мені бір қарағанда қандай жәндікке ұқсатқан болар едің, - деді аз ғана миық тартып.

- Сені....сені....

Мен оны бастан-аяқ көзбен шолып шықтым да:

 - Сені құсқа ұқсатам, қорықпа, тауық емессің, сен бар ғой, қара торғайға ұқсайсың, «қара торғай, шықтың зорға-ай» деген ән бар ғой, сондағы қара торғайсың. Сонау Қостанайдан қанатың талмай қалай ұшып жеттің-ей, – деп күліп жібердім.

3

- Сен Шымкенттен қалай жетсең, мен де солай жеттім, – деді ол да күле сөйлеп.

- Демек, сен де мені құсқа ұқсатады екенсің ғой.

- Иә, ақ көгершінге ұқсайсың...

- Аққуға ұқсататын шығар десем...

- Уақыты келгенде аққуға да ұқсап кетерсің, кім біледі, – деп оң көзін қыса күлді.

- Уақыты келмесе ше, кептер болып жүре берем бе, сонда?

- Уақыты келсе ше?

- Аққу....аққу...қызық.

Кенеттен екеуміздің әңгімеміз жараса кеткеніне өзіміз де таң-тамаша болдық, әрі тосылдық. Аз ғана үнсіздіктен соң мен қайта әңгімені жалғадым.

- Білесің бе, Мәдібеков мені неге жек көреді?

- Шымкенттік болғаның үшін шығар.

- Кейбір адамдардың шымкенттіктерді неге сонша жек көретінін түсінбеймін.

- Мен де түсінбеймін...

- Өзің ойлап қарашы, сен Қостанайдан, мен Шымкенттен, екеумізде пәлендей айырмашылық жоқ. Біздер бір дәуірдің адамдарымыз ғой, бір елде өмір сүріп жатырмыз, тағдырымыз да бірдей, бірдей құндылықтар мен заңдар негізінде өмір сүреміз, тіпті ойлау қабілеттеріміз де ұқсас болуы мүмкін. Айналдырған бес-алты қазақ жер-жерге бөлінбей-ақ тату-тәтті өмір сүре берсек, болмас па еді..?

- "Жершілдік пен рушылдық қазақты құртатын қасиет", – дейтін әкем.

- Өте дұрыс айтқан!

Өткен жылы сессияда Мәдібеков мені жазға қалдырды. Сондағысы "қызыл пальто киіп алып универдің алдынан әрі өтесің, бері өтесің, сабақ оқымайсың" деп менің су жаңа қызыл пальтома тиісе жөнелгені. "Ой, ағай енді қызыл пальто киіп алып Жүргеновтің алдында жүрмеймін ғой, көркемсурет факультетінде оқыған соң, өз территориямда жүремін де", - деп айтып аузымды жиғанымша болған жоқ, маған қарата қолындағы борды жіберіп қалғаны. Зымырандай атылған боры бар болғыр, қақ маңдайыма шәәәқ етіп тиді, шекем шодырайды да қалды. Ызамның келгені-ай!

– Өй, өзің де бір кеспірің келіспеген бүйі екенсің! – деп, есікті тарс жауып аудиториядан ата жөнелдім. Содан Мәдібековтің бет-жүзін жазда бір-ақ көрдім.

Тілеужан маған қарап ішек-сілесі қата күлді.

- Неге күлесің?

- Жәй ештеңе....бұл барып тұрған есерлік екен расында, – деген Тілеужан менің бетіме қадала қарайды.

 - Соған қарағанда жазған мұғалімнің бір кездегі ғашығы Шымкенттің қызы болуы керек. Бәлкім, сол қыз бір кездері Мәдібековтің жүрегіне жара салып кетіп, бейшара Мәдібеков сол күннен бастап Шымкенттің қыздарымен мәңгілікке жауласу меморандумына қол қойған сыңайлы дегенімде, - Тілеужанның аузы жаялықтай болып одан сайын күлкіге бассын.

- Неге күле бересің, - деп менің шекем тырысып, шындап ашулана бастадым.

- Фантазияң мықты екен, сенен расымен мықты жазушы шыққалы тұр.

- Рас айтам, болмаса, неге маған кимеле береді? Неге ақтөбеліктерге, тараздықтарға тиіспейді, олар да толып жүр емес пе? Жоооқ... Шымкент, Шымкент! Бейнебір Мәдібековтің өміріндегі күллі сәтсіздіктерге шымкенттіктер ғана кінәлі сияқты.

- Бәлкім, сол баяғы шымкенттік ғашығы саған ұқсайтын шығар, - деді ойнақы кескінмен кекете сөйлеген Тілеужан.

- Құдайым-ай! Жетпегені сол еді!

Біз жатақхананың есігіне келгенде Тілеужан маған тағы да қолын беріп, танысқаныма өте қуаныштымын, – деді. Сол сәтте маған оның мұрны анау айтқандай пұшық емес сияқты көрінді. "Сызудан көмек қажет болса қысылмай айт, сендей күлкілі қызға көмектесуге әрқашан да әзірмін", – деді кеудесіне қолын апарып, ізетпен басын изеді. Өзімнің де күткенім осы сөз болатын.

- Менің сызылмаған сызуларым өте көө-өп, егер қиын болмаса...

-....

- Көмектесесің бе?

- Әрине...

- Тек Бүйі біліп қоймасын.

- Білмей қалады, қорықпа. Жігіттік сөзім. 

Біз қол алыстық.

Апта аяғына таяғанда Айко екеуміз театрға барып, билет алып қою керектігін ойласып, асығыс киініп, сыртқа шықтық. Есіктің алдында Тілеужан жүр екен. Өткен жолғы уәдем есіме түскендей:

- Тілеужан, біз бүгін театрға барып, билет алып келеміз, саған да алайық па, –дедім. Тілеужан біртүрлі қуанышпен:

- Иә, әрине, алыңдар, қазір ақшасын берейін, – деп қалтасын қарманды. – Бұл жолы біз сені театрға шақырамыз, ақшаңның керегі жоқ, – дедік Айко екеуміз бірдей қосақтаса. Тілеужанның жүзі қызарақтап: – Несіне әуре болдыңдар, – деп жымиды.

   Айко екеуміз театрдың кассасына келіп, бүгінгі болатын «Сыған серенадасына» билет сұрағанымызда, билет жоқ болып шықты. Ертеңге қандай спектакль дейміз жамырай сөйлеп.

- «Мәңгілік бала бейне»...

- Балконнан екі билет беріңізші, – дедім кассаның саңылауына ақшамды тықпалап жатып. Айко иығымнан қозғап: «Тілеужанға да бір билет алсаңшы», – деді.

- Қазір қоя тұршы....екі билет балконнан, иә, иә...

- Тілеужанға да бір билет алсаңшы деймін, – деп Айко қосақтасты...

- Айко, білесің бе, ертең Тілеужан келмейтін сияқты.

- Неге?

Білмеймін дегендей иығымды қозғай бердім.

 Сөмкемді бір ашып, бір жауып, тағы ойға шомдым. Тағы бір билет алуға ақшам да жеткілікті, бірақ бір беймағлұм сезім ертеңгі болар спектакльді ойласам, жанымнан тек Айконы ғана көре беремін. Тек, Айко ғана қасымда қосақтасып келе жатқандай.

Жексенбі. Түс әлетіне таянғанда бөлме сүйретпесін сылпылдатып жуынатын бөлмеге келдім. Қабырға айнасынан күп боп іскен бетіме қадала қарап тұрдым. Жанымда көрші бөлмедегі Әсел жуынып жатты. Кенет ол да айнаға қарады да:

- Естідің бе, – деді түсі қаша.

- Нені?

- Тілеужан қайтыс болыпты.

- Аааа... қа..қалай, мен оны кеше ғана...

- Ауырады екен ғой, тілі кетіп қалыпты... не деуші еді әлгі с..с..судорогасы ұстаған.

Менің табанымның астындағы жер қозғалып жатқандай, жүрегім лоблып басым айналды. Раковинаның алдына келіп мұздай сумен бетімді қайта-қайта жудым. Айнадағы жүзіме тіпті қарағым келмейді. Жүгіріп бөлмеге барып, Айконы жұлқып ояттым. "Тілеужан қайтыс болыпты" деймін бар даусыммен. Айко ыңыранып көрпесін бүркенді.

- Тілеужан өліп қалыпты, Айкооо.

- Не дейсің? - деді Айко жастықтан басын жұлып алды.

- Тілеужан енді жоқ, өліп қалыпты, – деймін қайталап.

- Қаш..ааан?  Нееее? - деп есеңгіреген Айко төсегінен асығыс тұрды да киіне бастады. Киініп жүріп: "Байғұс бала-ай, кеше...кеше билет ала салуың керек еді", – деп кемсеңдеп жылап жіберді.

Жедел жәрдем мен полиция көлігі жатақхананың алдына келіп тоқтағанда студенттер топырлап есіктің алдына жиналып қалды. Тілеужанның денесін шығарып жатқандағы көрініске жүрегім шыдамай Панфилов паркін айналып, жоқ болдым. Кеудемді бір ауыр мұң басып алғандай. Жылайын десем, жылай алмаймын. «Ертең Тілеужан келмейтін сияқты» деген кешегі театр кассасының алдындағы сөзім құлағыма жаңғырып келе береді. Ертең Тілеужан келмейтін сияқты...келмейтін сияқты....келмейтін сияқты.

"Неге, неге олай айттым екен, жазған басым-ай! Қайдан ғана сол сөз аузыма түсе қалып еді" деп өз-өзімді жазғырып, орыс шіркеуінің маңайында сандалып жүрдім де қойдым. Мені бір қайғы өртеді, сол қайғы менің емес, өзге біреудің қайғысы болса екен дейтін сияқтымын. Бірақ жаным солқылдайды, жүрегім өрекпіп аузыма тығылады. Мені ар-ұят өртеді. Ол да біреудің ар-ұяты болса екен деймін, жоқ ол да өз ар-ұятым. Сол ар-ұяты бар адамның аузынан әлгіндей сөз шығушы ма еді? Шықты ғой, сол сөзді өзге біреу емес дәл мына мен айттым ғой. Мына мен айттым. Сол бір ғана оқыстан айтылған сөз орны толмас ауыр қайғы әкелгендей менің жанымның сау-тамтығы қалмай өртеніп жатты.

Жатақхананың алдына келгенде бұрыш-бұрышта жылап отырған қыздарды, өңі қашқан ұлдарды көрдім. Олардың қайғысына ортақтасып, әлдене деуге менің шамам келмеді. Бейнебір қылмыс жасаған адамдай, өз-өзімнен оқшауланып, ешкімге жоламаймын. Айкоға қарауға тіпті бетім жоқ. Ол да менен қуыстанатын сияқты. Бөлмеге келіп төсегіме құладым да қалжырап ұйықтап кеттім.

Сол күні мен де ұйқымнан оянбасам ғой деп едім...

Кешкісін бөлмеге Айко келді.

- Бүгін театрға баратын күніміз ғой, есіңде ме, – дейді самарқау ғана.

- Тілеужан бұрыннан ауыра ма екен? 

- Иә, эпилепсиямен ауырады екен. "Алматының ауа-райы жақпаған" депті дәрігерлер. Алғашқы көмек көрсетілмеген, содан тілін жұтып қойыпты.

- Жанында бірге тұратын балдар неге көмектеспеген?

- Олардың барлығы сабақта болған, Тілеужанды сыртынан құлыптап кете берген. Қазір барлығы бөлімшеде көрінеді, сұралып жатыр екен.

- Қиын болған екен.

- Иә, бүгін өте ауыр күн болды.

- Айко.... мен, мен Тілеужанның қайтыс болып кететінін білгенім жоқ, рас айтам, – дедім жанарыма жас айналып.

- Бұлай боларын кім ойлаған, – дейді ол да кемсеңдеп.

- Құдайым-ай! Ол тірі болса, қазір-ақ сүйреп көк базарға алып барып, кілтін жасатқан болар едім, театрға ертіп барып, спектакль көрсеткен болар едім ғой. Бар болғаны жиырма бір-ақ жас, адам жиырма бір жасында не жасап үлгереді, айтшы өзің? Тіпті театрға баруға да үлгермеді емес пе? - деп Айконы құшақтай ала ағыл да тегіл жыладым. Айко да ұзақ егілді.

Содан соң барып Айко:

– Тілеужан көре алмай кеткен спектакльді бірге тамашалап қайтайықшы, – деп қолқалады.

Өмір дегеннің осындайлық екен, алдыңда не боларын ешкім білмейді. Мен онымен кеше ғана таныстым, бүгін ол қайтыс болды. Өмірдің табалдырығын аттап та үлгермеді, есігінен қайтты, есігінің тіпті тұтқасын да ұстаған жоқ.

Әне қайтып барады...

4

Айко екеуміз театрға кешігіп келдік. Балконнан алған орнымызға үнсіз, әрі соншалық қайғылы кейіпте жайғастық. Көрермендер орындарына жайғасқан соң, қасымдағы бос орынға қайта-қайта қарай бердім.

- Айко, қарашы жанымдағы бір орын бос тұр, бұл Тілеужанның орны болушы еді ғой, – деймін.

- Мүмкін билет иесі кешігіп жатқан шығар.

-Жо-жооқ, мұнда Тілеужан отыр.

Айконың өңі әппақ шүберектей бозарып кетті де, менің қолымнан қысып ұстап алды. Жанымдағы орындық спектакль аяқталғанша бос тұрды.

Бос тұрды. Сол бос орындықтан әлдеқалай бір жылу есіп тұрғандай, мен бос тұрған орынға қайта-қайта жалтақтап қарай бердім. Жалт бұрылсам буға айналып ұшып кететіндей, көзге көрінбейтін бір дене дәл менің жанымда спектакль тамашалап отырғандай, әлдеқалай пысылдағандай, көрерменнің ду қол шапалағына қосылып, ол да қол соғып жатқандай, арасында күлгендей, енді бірде егіліп жылағандай болды.

Сахна шымылдығы түсіп, әртістер құрмет-қошеметке бөленген соң, көрермендер дүр қозғалып орындарынан жылжи бастады. Сол кезде байқадым, менің жанымдағы бос орындықтың аяқ жағында көзге көрінер-көрінбес бір бүктеулі қағаз жатты. Жерден көтергенімде, оның театрдың билеті екенін аңдадым. Нөмері де менің жанымдағы бос тұрған орынның нөмеріне сәйкес болып шықты. Айконы ақырын түртіп, аялдай тұруын сұрадым да, өзім әлгі бос орынға жақындап, орындық жақтауларын ақырын сипап көрдім. Қазір ғана адам отырғандай жып-жылы, суымаған орындықтың арқалығына қолым тигенде, маңдайымнан мұздай тер бұрқ ете қалды.

Мен оны бекер-ақ қара торғайға ұқсатқан екем, кеше ұшып келген қара торғай, көктем келгенде қайтадан өз мекеніне ұшты да кетті.

Көктемде құстар қайта ма деп ойладым...

                                                                                           Жәудір НАРТАЙ