Қалай болғанда, әз Наурыздың түркілік күнтізбеге қатысы бары анық. XIX ғасырда Чжао И есімді әйгілі қытай ғалымы «12 мүшел жыл санау амалы батыста пайда болып, түркі жұрты арқылы Қытайға жеткен» деген пікір айтқан. Көне «Жаңа Таң патшалығының тарихы» кітабында да түркілердің VIII ғасырда 12 жануарлық жыл санау амалын қолданатыны айтылады. Ал Едуард Шаванн бұл күнтізбенің түркілік тамырын бұлтартпас деректермен айғақтайды. Ғұн заманынан пайда болған 12 жылдық мүшел түркі дәуірінде жетіліп, кемеліне келе түскен. Бұл туралы Қашқарлы Махмұт әйгілі сөздігінде «түрік қағаны халқымен кеңес құрып: «кейінгілер жаңылмас үшін, он екі жұлдыз бен он екі айдың санындай он екі жылдың әрқайсысына ат қояйық. Жыл санауымызды осыған қарап жүргізейік», депті. Сөйтіп қаған жабайы аңдарды Іле өзеніне қарай қуыңдар деп бұйрық береді. Аңдардың он екісі суды кешіп өтеді. Өзеннен өткен әрбір аңның аты бір жылға беріледі» деп жазады. Көк түріктердің осы жыл қайыруды жиі қолданғанын білеміз.
Осы жыл санауы бойынша биыл доңыз доғарылып, тышқанның табалдырығын аттағалы отырмыз. Жылнамаға сенсек, ертеде доңыз жылдары қыс жайсыз соғып, қатты жұттар болған екен. Сондықтан халық доңыздың атын тура айтпай, «Қаракиік жылы» деп тергеп атапты. Тіпті көне түркі бітігінде Доңыз жылын «Лағзын жылы» деп тұңғыс-манжұр тілінде атауы да осы жылдың айбатынан сескенген көшпелінің жасаған ырым-тыйымы деуге болар. Жалпы, доңыз, мешін, суырды қазақ адамнан азған хайуан деп әпсанаға қосқан. Доңыз жылы туралы Бекасыл әулие Биболатұлы да «Зикзал» еңбегінде «Егер Доңыз жылы кірсе, қыс қатты болады, қар қалың жауады. Ыстығы көтерілу, жөтел аурулары көп болады... Осы жылдар адамдар өз мекенінен басқа мекенге көшумен әуре болады. Елді қапалық басады, қыс ұзаққа созылады» деп жазған екен. Расында, биылғы доңыз жылы тоңмойын доңыздығын жасады: өркениеттердің текетіресі ушығып, экономикалық қиындықтар болып, әлемді шарпыған індет үрейді үдете түсті. Апаттар көп болды, қар да көп жауды. Соның бәрі осы жылмен кетсін...
Жаңа мүшелді бастап жатқан Тышқан жылына да үмітпен қараймыз. Айлакер, ақылды, еңбекқор болуына байланысты тышқанды мүшел қайыруда жыл басы санаған. «Түйе неге жылдан құр қалды?» дейтін аңызда аңқау түйе ақылды тышқаннан жеңіліп, жылдан құр қалады. Сондықтан түйенің үстіне шығып, атқан таңды, жарық күнді алғаш көрген тышқанды түркі жұрты тұтас цикл – мүшелдің басы санаған. Міне, сол Тышқан жылының табалдырығын аттап, жаңа мүшелге еніп барамыз. Бұл жыл туралы да жарықтық Бекасыл әулие «Тышқан жылы келсе, қысы құрғақ, жазы жауын-шашынды болады. Шөп қалың өседі. Ел ішінде мамыражай, кеңшілік орнығады, шөптер уақытынан ерте көгереді, сел, су тасқыны болады, қыс соңында қарт тышқан қалады», деп болжапты. Жалпы, халық тышқанды ырыздық-несібесі көп, қамбада дәні, қазынада қаржысы мол жиналатын жақсы жыл деп санаған.
Бабаларымыздың бір мүшел аяқталып, тұтас кезеңнің парағы ауысқан өліара мезетте өзгерістер болатынын сезініп, «шарапаттың беті бері, кесапаттың беті әрі болсын» деп айналаны аластап, бозала таңмен таласа тұрып, ізгі тілектер тілеуі тегін емес. Ендеше, оқшауланып отырсақ та отбасымызбен әз Наурызды жақсы қарсы алып, ізгі тілегімізді тілейік, жақсылықтан үміт үзбейік, әлеумет! Ескі жыл есіркесін, жаңа жыл жарылқасын! Тышқан жылы табысты болайық!
Төрлет, жаңа кезең, мүшелдің басы – Тышқан жылы!