Медицина • 21 Наурыз, 2020

Вируспен күрес жалғасуда

175 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласына шетелдерден келген отандастарымыздың арасында вирус жұқтыру ықтималдығы жоғары деген және тапсырған сынамаларында вирус барлығы анықталған жандар елордадағы Көпсалалы медициналық орталық дәрігерлерінің үздіксіз бақылауында стационарда жатыр.

Вируспен күрес жалғасуда

Клиника директоры Мұхтар Төлеутаевтың айтуынша, қазіргі уақытта вирус жұқтырған 28 адамның жағдайы қалыпты күйде. «Күнделікті температура, қан қысымдары тексеріліп, дәрігерлер мен мейірбикелердің бақылауындағы жандарда  клиникалық аурудың белгілері жоқ,  тек тапсырған сынамаларынан вирус табылғаны болмаса», деген Мұхтар Есенжанұлынан орталықтың жұмысының жай-жапсарын сұрап білдік.

Халық «Жаман айтпай жақсы жоқ», «Қамданған қапы қалмайды» деп бекер ой толғамаса керек. Сондықтан жан-жақты қамданған орталықта бүгінде 60-тан астам дәрігерлер мен басқа медицина қызметкерлер күні-түні үйлеріне кетпестен орталықта төтенше жағдайдың қажеттілігіне орай жұмыс атқаруда. Вирустың адам өкпесіне тигізер зиянын, сондай уақытта өздігінен тыныс ала алмай қалатынын есепке ала қаладағы өзге клиникалардан оған қажетті аппараттар жеткізіліпті.

- Құдай бетін аулақ қылып, керек еткізбесін бірақ әлдеқандай күн туса біраз аппараттар дайын. Мұнымен қоса негізгі вируспен күрестегі мамандардың басымдығы біздің орталықтан, алайда,  басқа емдеу мекемелерінен көмекке дәрігерлер келді. Ал емдеу шаралары Денсаулық сақтау министрлігінің халықаралық стандарттар негізінде бекіткен хаттамалары бойынша жүзеге асырылады, сол хаттамаларды қолданбай-ақ аман өтсек дейміз, - дейді дәрігер қауымы.

Күні бойына қорғаныш киімдерімен тұмшаланып еңбек ету оңай емес, бірақ бұл медицина қызметкерлерінің өздері үшін де, пациенттер мен карантинде жатқан 245 адам үшін де маңызды, бақылаудағы адамдарды күніне бірнеше рет тексеру толықтай қорғаныш киімін киюмен ғана атқарылады. Бұлай жасамаса болмайды, қауіпсіздік үшін қажетті қадам,  ал мұндай киімдер жеткілікті. Көпсалалы орталық тек вирус деп қана отырған жоқ, әшейіндегі қалыпты, жоспарлы жұмыстар да жүріп жатыр, ал індет ілмегіне іліккендерді қамтуға орталықта 387 орын бөлініпті.

- Бұл вирус тұтас қоғам үшін сын болып отыр. Мені бұл індет айналып өтеді деп ешкім де кепілдік бере алмайды, сондықтан әр адам өз жеке басының тазалығын сақтаумен қатар, көпшілік жиналатын жерден аулақ жүргені, қоғамдық орындарға бармаулары біріншіден-өзін кеселден сақтағаны, екіншіден, маңайын, жақын-жуықтарын қорғағаны болып шықпақ, ал біздер дәрігерлер қолымыздан келгенді атқаруға тас-түйін дайынбыз. Бүгінде қандарының құрамында вирусы бар адамдарда кликалық белгілер болмағанына қарамастан, жағдайға жіті қарау міндетіміз, - дейді Мұхтар Төлеутаев.