26 Тамыз, 2013

Қызылорда облысының әкімі білім гранттарын бөлуді қайта қарауды ұсынды

285 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Крымбек Кошербаев-1

Бүгін Қызылордада облыс педагогтарының дәстүрлі тамыз мәслихаты өтті. Бұл туралы облыс әкімі баспасөз қызметіне сілтеме жасаған «ҚазАқпарат» тілшісі хабарлады.

Кеңесте жиналғандарды Білім күнімен құттықтаған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев білімнің дамуы бүгінгі адамзат өркениетінің өлшемі, қоғам дамуының басты көрсеткіші екенін атап өтті. Сөзінің түйінінде аймақ басшысы мемлекеттік білім гранттарын бөлу ережесін қайта қарап, мемлекеттік жоғарғы оқу орындарына облыстағы тапшы мамандықтар бойынша квота бөлуді енгізуді ұсынды.

«Ол бүгінгі күннің талабына сай келмейді. Себебі, әр аймақтың өзіндік ерекшеліктері бар. Соған сай мамандар даярлануы тиіс. Квота бөлінген жағдайда өңірге қажетті мамандықтарға бөлінетін маңызды гранттарға қол жеткізе аламыз», - деді Қ.Көшербаев.

Әзірге бұл өзекті мәселені аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын мамандықтар бойынша кадр дайындау облыс әкімінің 116 грантын бөлу арқылы ғана жүзеге асырылып жатыр.

«Табаны құмға күйген, маңдайы күнге күйген, тағдырдың теперішін көрсе де, асқақ армандарынан бас тартпаған, алдына ірі мақсаттар қойған, әсіресе, ауылдық жерден шыққан талантты балаларымызды біз қолдамасақ, кім қолдайды?!» - деді аймақ басшысы.

Айта кетейік, осы мақсаттағы гранттың 60-ы Қорқыт Ата атындағы мемлекеттік университетке бөлінген. Келесі жылы бұл көрсеткіш 300-ге дейін жететін болады.

Сәкен Майлыбай.