26 Тамыз, 2013

«Астана»велосипедшілері «Вуэльта» көпкүндігінің бір кезеңін ұтты

256 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Велоспорт-Астана-1

Астананың «Астана» велокомандасы бұрнағы күні Испанияда өтіп жатқан әйгілі «Вуэльта» көпкүндігінің бірінші кезеңіндегі жеке сөре алатын командалық жарысында жеңіске жетті.

Біздің жерлестеріміз Вильянуэва-де-Ароса - Санхенхо қалалары аралығындағы 27 шақырымнан тұратын бұл қашықтықты 29 минут 59 секундта жүріп өтті. Осылайша жарты сағатқа жетпейтін мерзімде мәреге бірінші болып келген астаналықтар аламаннды табысты бастады. Екінші орынға «RadioShack-Leopard», үшінші орынға «Omega Pharma-Quick-Step» командалары жайғасты.

Көпкүндіктің бірінші кезеңіндегі бұл жеңісті «Астана» командасына оның Янез Брайкович (Словения), Винченцо Нибали, Паоло Тиралонго (екеуі де – Италия), Якоб Фульсан (Дания), Андрей Гривко (Украина) және Танел Кангерт (Эстония) сынды велошабандоздары алып берді.

Ал кеше екінші кезеңнің жарысы да болып өтті. Ол Понтеведра - Альто до Монте да Гроба елді мекендерінің арасын жалғады. Ұзындығы 177,7 шақырымға созылған бұл аралықта Люксембургтің «Saxo-Tinkoff» командасындағы ирланд жүйрігі Николас Роч топ жарды. Алайда, екі күннің қорытындысы бойынша «Астана» командасының мүшесі Винценцо Нибали 5:05:22 көрсеткішімен бірінші орынға шықты.

Дамир Қожамқұл.