Облыс орталығындағы маршруттардың 40 пайызына «Әулиеатранспасс» ЖШС қызмет көрсетеді. Күн сайын серіктестікке тиесілі 162 автобус 17 бағыт бойынша қатынайды. Мұнда жыл сайын жаңа техникалар қатары толықтырылып, GPS жүйесі енгізілген. Алайда көрсетіліп отырған қызметтердің сапасына тұрғындардың көңілі толмайды екен. Бұл әкім Бердібек Сапарбаев осы мәселеге қатысты тексеру жүргізгенде белгілі болды.
«Соңғы бірнеше күн ішінде азаматтардан шағымдар көп түсуде. Автобустардың өте сирек жүргені мереке күндері тұрғындарға айтарлықтай қиындықтар туғызған. Автопарктер Тараз қаласы әкімдігімен жасалған шартқа қол қойған. Ол сіздерді қоғамдық көлікті таза ұстауға, тасымал кестесін және халықпен қарым-қатынас жасасу мәдениетін барынша сақтауға міндеттейді. Бүгінгі таңда автобус паркінің барлық пункттері бойынша наразылық бар» деген Бердібек Сапарбаев.
Сондай-ақ, әкім енді бұл секілді келеңсіздіктер қайталанатын болса, тасымалдаушы компанияларға қатаң шаралар қабылданатынын айтты. Дегенмен, «Әулиеатранспасс» ЖШС директоры Рашид Пірмановтың айтуынша, ұжыммен түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Бұдан басқа да тасымал мәселесінде бірқатар мәселе бар. Мәселен, бүгінде автобустардың тозуы өткір мәселеге айналған. Нашар жолдардың салдарынан қолдағы бар техникалар жарамсыз күйге түсуде. Бұл ретте Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев облыс орталығының көшелерін жөндеу жұмыстары көп ұзамай басталатынын айтты. Ал, «СапарТранс 2012» ЖШС директоры Бауыржан Әділов «Тағы бір өзекті мәселе – кәсіби жүргізушілердің жетіспеушілігі болып отыр. Бізге жұмыс істеуге көп адамдар келе бермейді» дейді. Сондықтан тасымалдаушы компаниялар өз жұмыстарының сапасын жақсарту үшін жергілікті биліктен тарифті көтеруді немесе субсидиялау арқылы көмек беруді сұрап отыр. Бұл мәселеге Бердібек Сапарбаев «Тарифті көтеру мәселесі мұқият қарауды талап етеді. Себебі ол қала тұрғындары үшін, әсіресе, әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтар үшін оңай соқпасы анық. Менің ойымша, қызмет көрсету сапасын арттыруға қол жеткізбей тұрып, тарифті арттырған дұрыс емес. Оның үстіне мынандай қиын уақытта оған жіті мән беру керек» деп жауап берді.
Айта кетейік, бүгінде автобустарды дезинфекциялау шаралары жүргізілуде. Тараз қаласында коронавируспен күресу үшін санитарлық жұмыстармен айналысатын төрт компания бар. Бұл ретте қоғамдық көлік пен аялдамалар күніне екі рет дезинфекциялануда.
Жамбыл облысы