Коронавирус • 26 Наурыз, 2020

COVID-19: Елімізде екі адам аурудан айықты

247 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кеше Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-брифингті жағымды жаңалықпен бастады. COVID-19 вирусын жұқтырған екі емделушінің жазылып, ауруханадан шығатынын жеткізген министр пандемияға қарсы төтенше жағдай жариялаған еліміздің жағдайына тоқталды.

COVID-19: Елімізде екі адам аурудан айықты

 

«Брифингті жақсы жаңалықтан баста­ғым келіп отыр. Екі емделуші корона­вирустан айықты. Қазір олар соңғы тексеру сараптамаларын тапсыруда. Бұйыртса, ауруханадан ертең шығады. Бұл біздің коронавируспен күрестегі жеңісіміз», деген ведомство басшысы Үкіметтің және барша қазақстандықтың атынан медицина қызметкерлері мен Денсаулық сақтау министрлігінің қызметкерлеріне алғыс айтты. 

Ақпарат және қоғамдық даму ми­нистрі 109 нөміріне хабарласып, азық-түлікке тапсырыс беруге болады деген ақпараттың жалған екенін, оны таратқан адамдардың заңға сәйкес жазаланатынын айтты. «Кеше ғана мен Президент тап­­сыр­масы бойынша тегін азық-түлік жиын­т­ығы туралы ақпарат жария еткен бола­­тын­мын. Оны азаматтардың 4 санаты ала алатынын еске салғым келеді. Бірін­ші санат: атаулы әлеуметтік көмек ала­тын аз қамтылған отбасылардың 6 жас­тан жо­ғары балалары. 2, 3, 4-санат: ка­ран­тин­дік аймақта тұратын азаматтар. Нақты айтқанда, АӘК алатын отбасылардың бар­лық ересек мүшесі, соның ішінде көп ба­­лалы отбасылар, барлық жастағы 1 және 2-топтағы мүгедектер мен мүгедек ба­лалар, мүгедек баланың күтімімен отыр­ған ата-аналар», деді министр.

Карантиндегі Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласының жағдайына тоқталған Д.Абаев екі мегаполиске көліктер мен адамдар әкімдік тізімі бойынша кіріп-шығаты­нын айтты. Оның айтуынша, «Сергек» жүйесін жасаушы компания полиция департаментінің планшеттеріне арнайы мобильді қосымша енгізген. Полиция қызметкерлері бұл арқылы көліктің нөмірі мен жүргізушінің рұқсат етілген тізімде бар-жоғын анықтап, кіріп-шыққан көліктер мен адамдарды есепке алады.

Тізімнің қатарында қалаға азық-түлік, дәрі әкелетін адамдар мен көліктер енгізілген. Маска мәсе­лесіне тоқталған министр бүгінде елімізде тігін цехтары фарма­цевти­калық компаниялармен бірлесіп күніне 850 мыңға жуық маска тігіп жатқанын атап өтті. Бұл маскаларды Денсаулық сақтау министрлігі барлық өңірге таратуда. Оның айтуын­ша, қазіргі уақытта елімізде 70 тігін цехы маска тігіп жатыр.

Төтенше жағдай режіміндегі шектеулерге қарамастан барлық өңірде тойлар мен жиындар, салтанатты шаралар өтіп жатқанын, кафелер мен интернет-клубтар, балаларға арналған үйірмелер жұмыс істеп тұрғанын жеткізген Д.Абаев осындай 313 дерек анық­талғанын хабарлады. Оның 94-і жауап­қа тартылып, 64-і қамауға алын­ған. «Бірден айтайын, аза­мат­тарымыздың басым бөлігі төтен­ше жағдай режімі талаптарына түсіністікпен қарайды. Деген­мен барлығы бірдей емес. Негізінен заңбұзушылықтар Әкім­шілік құқық бұзу туралы кодекстің 476-бабы бойынша орын алуда. Жауапкершілік шарасы – 10 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 15 тәулікке қамау», деді ол.

Сондай-ақ төтенше жағдай кезеңінде табысынан айырылған Қазақстанның жұмыс істейтін азаматтары Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан ақшалай төлем алады. Жаңа төлем Қазақстан аумағында жұмыс істейтін ел азаматтарына беріледі. Төлем алудың арнайы шарттары бар. Алдымен төтенше жағдайдың жариялануына байланысты жалақысы сақталмай демалысқа жіберілген жұмысшыға әлеуметтік төлем беріледі. Төлем алу үшін төтенше жағдай енгізіл­ген датаға дейінгі соңғы 12 айдың кемінде 3 айында Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына жұмысшы үшін аударым жасалуы қажет. Әлеуметтік төлем орта, шағын және орта бизнес жұ­мысшылары үшін ғана жүзеге асырылады. Жаңа әлеуметтік төлемді тағайындау үшін жұмыс беруші жұмыспен қамту мәселелері жөнін­дегі жергілікті органға жү­гініп, төтенше жағдай кезінде қыз­­меті­нің шектелуіне байланысты жұ­мысшысының кірісінен айырылатынын дәлелдейтін құжат ұсынуы қажет. «Кеше хабарлағанымдай, БАҚ пен азаматтардан түсіп жатқан сауалдардың басым бөлігі төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты табысынан айырылғандарға ақшалай төлем жасауға қатысты болып отыр. Жалақысыз еңбек демалысына мәжбүрлі түрде шығуына байланысты төтенше жағдай кезеңінде кірісінен айырылған Қазақстанның жұмыс істейтін азаматтары Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлем алады. Бір жұмысшыға әлеуметтік төлемнің көлемі айына 1 ең төменгі жалақыны немесе 42,5 мың теңгені құрайды», деді ведомство басшысы.

Министр халық бірінші кезекте тұтынатын тауарлардың тапшылығы болмайтынын тағы да атап айтты. Оның айтуынша, төтенше жағдай­ға байланысты Қазақстан Үкіметі 9 түрлі тауарды экспорттауға ты­йым салған. Оларды қазір сауда же­лі­лері, өңірлік азық-түлік бағасын тұрақ­тандыру қоры, көтерме сауда жасау­шылар сатып алуда. «Сауда ор­та­лықтарындағы кезек азайып келеді. Осы ретте халық бірінші ке­зек­­те тұтынатын тауарлардың тап­­шы­­лығы болмайтынын тағы да айт­­қым келеді. Қазірдің өзінде көп­те­ген өн­діруші өз өнімдерін ішкі на­рыққа бағыттағанын байқап отырмыз. Сондықтан осындай күрделі уақы­тта өз еліне көмектесіп жатқан кәсіп­кер­лерге алғыс айтамыз», деді Д.Абаев.

Министрдің айтуынша, Үкімет коронавируспен күресу үшін бұрын-соңды болмаған ауқымды шаралар атқаруда. Жағдайдың күрделі екенін, халықтан мамандар айтқан қарапайым қағидаларды ұстануын өтінген ол: «Қолыңызды жиі жуыңыз, әр жуғаныңыз 20 секундтан кем болмасын. Үйден шықпаңыз. Далаға шықсаңыз маска тағыңыз және адамдармен 2 метр аралықты сақтаңыз. Көпшілік болып жиналмаңыздар. Қазір той тойлайтын, қыдыратын уақыт емес. Осы қарапайым шараларды жасау арқылы сіздер өзіңіздің, жақындарыңыздың өмірін сақтай аласыздар», деді.

Айта кетейік, кешегі күннің мәлі­меттеріне сүйенсек, елімізде ко­ро­навирусты 80 адам жұқтырған. Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан қала­сында – 41, Алматы қаласында – 31, Шымкент қаласында 2 жағдай тір­келсе, Қарағанды қаласында – 2, Ал­маты облысында – 1, Ақтөбе об­лы­­­сында – 1, Жамбыл облысында – 1, Сол­түстік Қазақстан облысында 1 науқас анықталып отыр.