Қытайда вирус жұқтырғандардың 90%-ы айықты
Қатаң шаралар ең алғаш вирустың ошағына айналған Қытайда қаңтар айында енгізілді. Ел билігі 11 миллион тұрғыны бар Ухань қаласындағы барлық қозғалысты тоқтату туралы шешім шығарған еді. Қара маска киген әскер темір жол вокзалынан бастап өзге де адам көп шоғырланатын орындарды жауып тастады. Қаладағы стадиондар, көрме залдары және өзге де ірі ғимараттарға төсектер қойылып, емханадан гөрі әскери орынға ұқсайтын карантин орталықтары пайда болды. Бір сәтте Қытайдың тірлігі қайнап жатқан ірі қалаларының бірі көшеге адам аяқ баспайтын, тып-тыныш мекенге айнала кетті. Азиядағы ең ауқымды вирус өршуін тоқтату үшін Қытай билігі эпицентрде орналасқан әр үйдің есігін қағып, індет белгілері бар тұрғындарды анықтады. Басында фильм көрінісі секілді болған бұл жағдай кейіннен Қытайдың өзге өңірлері мен әлемнің басқа елдерінде де жалғасын тапты. Ухань қаласы орналасқан Хубэй провинциясында 60 млн адамның күнделікті тіршілігіне әсер еткен қатаң режім адамзат тарихындағы ең ірі карантин саналды. Нәтижесінде 2 айға жуық уақытқа созылған күрес өз жемісін бергендей. Қытай бірнеше күн қатарынан ел ішінде вирус жұқтырудың жаңа дерегі тіркелмегенін хабарлады. Бейсенбі күнгі брифингте Қытайдың Ұлттық денсаулық сақтау комиссиясы елде бір күнде тіркелген 67 науқастың барлығы шетелден келгенін айтты. Johns Hopkins University (JHU) ұсынған ақпаратқа сәйкес, елде 81 782 жағдай тіркелсе, оның 3 285-і көз жұмған. Ал вирус жұқтырғандардың 90 пайызы (73 773 адам) індеттен айыққан. Covid-19 вирусымен күресте Қытай тәжірибесі тиімді екенін көрсетіп отыр.
Вирус өрши бастаған тұста қатаң шаралар қабылдаған мемлекеттер қатарында Гонконг, Тайвань және Сингапур да бар. Соңғы мәліметке сенсек, бұл елдерде індет жұқтырғандар саны бір мыңға жетпеген.
Италияда 7,5 мың адам көз жұмды
Қытайдан кейін вирус кең тараған аймақтардың бірі батыс Еуропа болды. Оның ішінде Италия мен Испанияда індеттен қаза болғандар саны Қытайдан асып кетті. Жоғарыда айтқандай, жалпы елде тіркелген 3 285 өлімнің көпшілігі Хубэй провинциясында болған. Италияда вирус жұқтырғандар саны Қытаймен теңесіп қалды, елде барлығы
74 386 жағдай тіркелген. Дегенмен көз жұмғандар саны Қытайдан екі есе артық (7 503 адам). Испанияда да жағдай мәз емес. 56 188 адам вирус жұқтырған, оның 4 089-ы індеттен көз жұмды. ДДҰ Италияны пандемияның екінші ошағына теңеді. Еуропа елдерінен Германия
(39 502 жағдай) мен Францияда да
(25 604) вирус өршіп тұр.
Еуропа елдері қатаң шараларды Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусты пандемия деп мәлімдегеннен кейін ғана енгізе бастады. Қазірдің өзінде шекарасын жаппаған елдер де бар. Сарапшылар еуропалықтардың бұл індетті көпке дейін қатер ретінде қарамағанын айтады. Вирус ошағына айналған Азия қазір ғаламшардағы ең қауіпсіз аймақ болып тұр. Еуропаның баяу әрекетін сынап жатқандар да жетерлік.
Үндістан 21 күндік карантин жариялады
Жақында қатаң шаралар енгізген елдердің қатарына Үндістан да қосылды. Сейсенбі күні елдің премьер-министрі 21 күндік карантин жариялады. Елде вирус жұқтырғандар санының аздығына қарамастан, мамандар арнайы шара қабылданбаған жағдайда әлемдегі халық саны көп елдердің бірі Үндістанды үлкен қатер күтіп тұрғанын ескертті. Қазір елде 657 жағдай тіркелген, десе де көршілес Пәкістанда вирус жұқтырғандар саны мыңнан асқан.
АҚШ вирус кең тараған үшінші елге айналды
Әлемде коронавирус пандемиясына қарсы күресте әрекет етуге кешіккен елдер қатарында АҚШ та бар. Елде тіркелген 69 197 жағдаймен АҚШ әлемдегі вирус кең тараған Қытай мен Италиядан кейінгі үшінші елге айналды. Нью-Йорк штатының өзінде 30 мыңнан астам адам вирус жұқтырған. Штат губернаторы Эндрю Куомо емханаларда өкпенің жасанды желдеткіштері жетпей жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қазір 4 мың құрылғы бар, ал ауыр жағдайдағы науқастар үшін 30 мың дана керек дейді. Әзірге штат билігі тұрғындардан қажеттілік болмаған жағдайда үйде отыруды сұрап отыр. Эндрю Куомо брифингте вирусты жеңуде үміт бар екенін алға тартқанымен, апта басынан бергі деректер емханаға түсіп жатқандар саны
4 күн сайын екі еселеніп жатқанын көрсетуде.
Осы ретте, вируспен күресте қатаң шаралар қабылдаған елдерде жағдай тұрақталып, індеттің қаупін бағаламаған батыс елдерінде ахуал ушығып бара жатқанын көріп отырмыз.