Суретті түсірген Ерлан Омар, «EQ»
Қауіпті індеттен қорғану мақсатында еліміздегі ірі қалалар мен облыс орталықтарында көшелерді дезинфекциялау шаралары жүргізілуде. Айталық Қарулы Күштердің биологиялық қорғау бөлімшелерінің жеке құрамы Нұр-Сұлтан қалалық дезинфекция қызметімен бірге елорда көшелеріне өңдеу жүргізуді бастап кетті. Дезинфекциялық ерітіндісі бар жеке газсыздандыру жиынтығымен жабдықталған әскери қызметшілер және автомобиль құю стансаларының легі жол бойымен бірдей қозғалып, қаланың бірнеше ірі көшелерін өңдеді. Коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау жөніндегі жедел штабпен өзара іс-қимыл аясында ұйымдастырылған дезинфекциялау жұмыстары аясында арнайы өңдеуге арналған аумақтарды жергілікті атқарушы органдар анықтайды. Жеке құрам мен әскери техниканы жұмыс барысында әскери полиция алып жүреді. Бүгінге дейін Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында вирусты жұқтыру қаупі бар 80-нен астам нысан өңделді.
Ел Президентінің Төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында Қарулы Күштерді көшелерді дезинфекциялауға тарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, ірі елді мекендерде де аталған жұмыстар ұйымдастырылуда. Атап айтқанда, әскери қызметшілер тиісті жергілікті атқарушы органдардың жоспары бойынша Шымкент, Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Тараз және басқа қалаларда нысандарды арнайы өңдеуге кірісті. Осы мақсатта Қорғаныс министрлігі биологиялық қорғау бөлімшелерінің санын ұлғайтпақ.
Жалпы, елордада қала көшелері, тротуарлар, аялдамалар және басқа да қоғамдық орындар күнделікті арнайы ерітінділермен дезинфекциялануда. Қолданылып жатқан ерітінді адамдар мен жануарлар үшін қауіпсіз. Қала аумағын ерітіндімен өңдеуге күн сайын 450 адам қатысады. Сондай-ақ әуежайда, вокзалдарда, әлеуметтік нысандарда, базарларда, сауда ойын-сауық орталықтарында және басқа да адам көп жиналатын жерлерде дезинфекциялау шаралары, санитарлық тәртіп күшейтілді. Жұмыс орындары мен ғимараттарда мұқият өңдеу жүргізіліп жатыр. Қызметкерлер медициналық маскалармен, антисептиктермен және басқа да медициналық қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген. Жоспар бойынша 2 мыңнан астам тұрғын үй дезинфекциядан өтуі қажет. Пәтер иелері кооперативтері мен қызмет көрсетуші компаниялар үйлердің кіреберістерін, есіктерді, лифтілерді, сүйеніштерді, терезе жақтауларын және т.б. дезинфекциялауға міндетті. Елордада коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу бойынша барлық шаралар қабылданып жатыр. Жедел штаб жұмыс істейді. Қала тұрғындары тәртіпті сақтап, қажетсіз үйден шықпауы, барлық қауіпсіздік шараларын сақтауы қажет, деп хабарлады қала әкімдігі.
Ал Алматы қаласында үйлердің кіреберісі мен қоғамдық орындардағы дезинфекциялаудан соң тұрғындардың қауіпсіздігі мақсатында пәтерден бес сағат көлемінде шықпауды өтінген хабарлама таратылды. Сондай-ақ өңдеу жұмыстары алдын ала дауыс зорайтқышпен хабарланады, ал өңдеуден соң кіреберістерге келесі дезинфекциялау шарасының кестесі ілінеді. Шаһарда барлығы 2868 үйдегі 8633 кіреберісті арнайы ерітіндімен өңдеу жоспарланған. Сонымен бірге қала ішіндегі өзендердің жағалаулары да өңделмек.