Қазақстан • 27 Наурыз, 2020

Індеттің белгілерін онлайн анықтауға болады - Олжас Әбішев

347 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев министрліктің арнайы өкілі Диас Ахметшәріпке берген сұхбатында айтты.

Індеттің белгілерін онлайн анықтауға болады - Олжас Әбішев

«coronavirus2020.kz - мемлекеттің ресми сайты. Қазақстан Республикасында болып жатқан оқиғалардың соңғы мәліметтерінің барлығы тек қана осы сайтта орналастырылған. Тек қана ресми мәліметке жүгіну керек. Ресми мәліметке жүгіне отырып, азаматтар мемлекет тарапынан қандай жұмыс атқарылып жатқанын біле алады. Басқа бейресми чат-боттар, сайттардың ақпарат алатын дереккөзі мемлекеттік не басқа екенін біз тексере алмаймыз», дейді О. Әбішев.

Жиі қойылатын сұрақтар үшін министрлік арнайы телеграм-ботты  (@kz_hls_bot) іске қосқан. 

«Телеграм-бот арқылы ДСМ атынан ұлттық денсаулық сақтау орталығының жүйесінде телеграм ботты іске қостық. Оның негізгі мақсаты: коронавирус дегеніміз не, қалай сақтануға болады, масканы қалай тағу керек сынды ақпараттарды жіберіп отыру. Бұл ботқа Дүниежүзілік ұлттық денсаулық сақтау ұйымымен және ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе отырып, тек қана дәлелденген ақпараттарды жіберіп отырамыз», деді вице-министр.

Қазіргі таңда ботқа 17 мыңнан астам жазылушы тіркелген. Жауаптың бәрі ғылыми түрде бекітілген және Ұлттық денсаулық сақтау ұйымымен расталған.

Індеттің белгілерін онлайн анкетаны толтыру арқылы анықтауға болады.

«Семей медициналық университетімен  бірлесе отырып онлайн анкета жасадық. Мысалы, азаматтардың бірінде күдік пайда болып, симптом белгілеріне қарап коронавирус па, жоқ па деген сұрақтар туындаса, 103 немесе 1406-ға қоңырау шалмас бұрын, сайтқа кіріп, 3-4 сұраққа жауап беруі тиіс. Әрі қарай біз оған нұсқау береміз», деді Олжас Әбішев.

Вице-министрдің айтуынша, онлайн анкетаны толтырған соң 2 секунд ішінде жауап беріледі.