Қазақстан • 27 Наурыз, 2020

Ақтоғай - әлемдегі ең ірі мыс кен орындарының бірі

1149 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақтоғай тау-кен байыту кешенінде өндіріс аясын кеңейту жобасы іске асырылып жатыр. Жоба Ақтоғай мыс кен орнының жұмыс істеп тұрған ашық кенішінен шикізатты қайта өңдеу көлемін 2 есе ұлғайту үшін қосымша байыту фабрикасын салуды көздейді. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ақтоғай - әлемдегі ең ірі мыс кен орындарының бірі

Ақтоғай - әлемдегі ең ірі мыс кен орындарының бірі. Мұнда шамамен 5 млн тонна мыс бар. Мыс қазіргі инфрақұрылымның барлық бағыттарында, электр қуатын өндіру мен таратуда, көлікте, коммуникацияларда, өнеркәсіптік жабдықтар мен электр құралдарын өндіруде маңызды рөл атқарады. Сондықтан мыс өндірісінің көлемін ұлғайту - өзекті мәселе.

Болжам бойынша, жаңа зауыттағы өндіріс көлемі 2022-2027 жылдары аралығында 80 мың тоннаға жуық концентраттағы мыс өндірілмек. Кеніштің одан әрі жұмыс істеу кезеңінде жылына қосымша 60 мың тонна өндіре бастамақ, ол кезде мыстың орташа құрамы минералдық ресурстарда ұстау шегінде – 0,34% болады.

Ақтоғай-II пайдалануға берілгеннен кейін сульфидті кеннен жыл сайынғы мыс өндірісі 2022-2027 жылдар аралығында 170 мың тоннаға дейін және кейіннен 130 мың тоннаға дейін артуы тиіс. 2027 жылға дейін таза ақшалай өзіндік құнның жоспарлы көрсеткіші бір фунт үшін 100-120 АҚШ центі мөлшерінде сақталады. Осылайша аталмыш жоба индустрия бағытындағы аз шығынды жобалардың бірі саналады.

Бүгінгі таңда сульфид фабрикасының ғимараты бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр: іргетасты қалау аяқталды, металл құрылымдары салынды, барлық үш диірмен бойынша тірек плиталары орнатылды. Құрылыс жұмыстарына 2,5 мың адам тартылды. Жоспар бойынша жаңа байыту фабрикасындағы бірінші кен 2021 жылы өңделмек. Сондай-ақ өндірісті іске қосып, жобалық қуатқа шыққаннан кейін кәсіпорында қосымша жұмыс орындарының саны 700-ге жуықтайды.

KAZ Minerals - Қазақстандағы мыс өндіру мен жаңа тау-кен өндірістерін дамытуға бағытталған мыс өндіретін ірі компаниялардың бірі. Оның құрамына: Павлодар облысындағы Бозшакөл және Шығыс Қазақстан облысындағы Ақтоғай ашық түрдегі кен орындары, Шығыс Қазақстандағы 3 жерасты кеніші және Қырғызстандағы ашық түрдегі Бозымшақ алтын жезді кеніші кіреді.

2017 жылдың желтоқсанында KAZ Minerals тобының директорлар кеңесі 2021 жылдан бастап сульфидті кенді қайта өңдеу қуатын екі есеге, 50 млн тоннаға дейін арттыру мақсатында құны $1,2 млрд АҚШ долларын құрайтын Ақтоғай кенін кеңейту жобасы туралы жариялады. Осылайша, өңдеу көлемінің артуына байланысты сульфид рудасын өңдеу мерзімі 28 жылға дейін қысқарады. Жобаны іске асыру өңір экономикасының қарқынды дамуына қосымша серпін беріп, аймақтық және республикалық бюджеттерге салық және басқа да түсімдердің ұлғаюына септігін тигізеді. Сондай-ақ жоба қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беріп, ұлттық кадрларды оқыту және олардың біліктілігін арттыру шаралары жалғасады.