Аймақтар • 27 Наурыз, 2020

Қордай тұрғындарына көмек көрсетілуде

112 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жыл басында Жамбыл облысының Қордай ауданында қақтығыс орын алған болатын. Бүгінде сол қақтығыстан зардап шеккен үйлер демеушілер есебінен қалпына келтірілетін болды. Тұрғын үйлер мен коммерциялық нысандарды қалпына келтіру жұмыстарын осы айда бастау жоспарланып отыр.

Қордай тұрғындарына көмек көрсетілуде

Аудандағы Масаншы, Бұлар батыр, Ауқатты және Қарасу ауылдарында барлығы 40 тұрғын үй, 20 коммерциялық нысан және 5 шаруашылық насындары өртенген. Бұл орайдағы барлық жұмыстар «Щивон» қайырымдылық қоры жинайтын демеушілік қаражат есебінен жүргізілетін болады. Бүгінде өрттен зардап шеккен 39 отбасына облыстық резервтен жалпы көлемі 20,6 миллион теңге қаражат бөлінді. Сондай-ақ, мемлекеттік материалдық резервтен тұрғын үй-жайларды қалпына келтіру үшін 26 тонна арматура, 16 750 м2 жабын материалы, 400 м3 ағаш бөлінген.

Ал, ішінара зақым алған жылжымайтын мүлік нысандары демеушілік қаражат есебінен қалпына келтірілген. Зардап шеккен отбасыларға көмек көрсету мақсатында қайырымдылық қорларына 22,5 миллион теңге қаражат түскен. Қазіргі таңда 9 отбасына асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы тағайындалған. Сонымен қатар, қаза тапқандардың отбасыларына жалпы көлемі 8,2 миллион теңгеден астам қаржыға демеушілік көрсетілген. Ал, зақымдалған көлік иелеріне төленетін өтемақы көлемі қылмыстық істерге қатысты тергеулер аяқталғаннан кейін анықталады. Жалпы, ақпан және наурыз аралығында зардап шеккен отбасыларға 121,6 тонна көлемде гуманитарлық көмек көрсетілген. Олардың ішінде азық-түлік, дәрі-дәрмек, ыдыс-аяқ, гигиеналық және басқа да қажетті бұйымдар бар. Қазіргі уақытта аудандағы ахуал тұрақты.

Жамбыл облысы