Бизнес • 27 Наурыз, 2020

Мүмкіндікті кім қалай пайдаланады?

601 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Еуропадан, ЕАЭО елдерінен келетін  бірқатар азық-түлік импорты шектелді. Апта басынан бері жан-жағымыз, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстанның шенділері шектеу салынған импортты енді немен алмастыратынын қайта-қайта айтып, қарашасына ой салып, арзан несиемен демеп жатыр.

Мүмкіндікті кім қалай пайдаланады?

Әзірге импорттан келген азық-түлік тапшылығы сезіле қойған жоқ. Үкіметтің экономикалық блогы елде жарты жылға дейін жететін азық-түлік қоры жететінін айтып жатыр. Сарапшылар «төтенше жағдай мерзімі біразға созылса қайтеміз?» деген мәселені «Б» жоспарына қосу керектігін айтып отыр.  

Бірақ қаржыгер Ерлан Ибрагимнің пайымдауынша, көршіміз Ресейдің жағдайы бізге қарағанда көш ілгері. Экономикасы қуатты. Күні бүгінге дейін азық-түлігінің тек 30 пайызын ғана сырттан алып келді.

- Жаңа мүмкіндіктерді пайдаланып қалу керек, бірақ Ресей нарығында көп өзгеріс бола қоймас. Қазіргі заманда сырттан келетін заттың бәрін бірдей ауыстыра алмайсың, томаға-тұйық, жұрттан оқшау экономиканы да құра алмайсың. Қазір бәрі бір-бірімен байланысқан заман. Бір елдердің алдынан жабылған есік екінші бір елдердің алдынан мүмкіндік болып ашылады. Мысалы, Қазақстан өнімдерін сыртқа шығаруға, әсіресе шекара бойындағы аймақтарға сатуға мүмкіндік туып тұр. Бірақ абайлау керек. Өзбектер Ресейге жіберетін жеміс-көкөніс көлемін арттыруға дайын екендерін мәлімдеп те қойды. Қысқасы, ешкім мүмкіндіктен айрылғысы келмейді. Бірақ қанша дегенмен мұның бәрі Еуропа Одағы, АҚШ, Жапония, Австралия, Канададан келетін өнімдерді алмастыра алмайды, - дейді Е. Ибрагим.

Сондай-ақ, Ерлан Ибрагим Қазақстандағы қарапайым заттар экономикасы туралы ұсыныстың енді кәдеге асар кезін айтады. Кешелі бері үкімет тарапынан қарапайым масканы тігу немесе өткізу үшін ешкандай лиценщияның қажеті жоқтығын. Осы ұсынысты ары қарай жетілдірудің кезі келгенін айтады.

- Төтенше жағдай басталғалы ел-елде маска тігіп жатқандар жайлы жиі естимін. Бірақ дәріханаларда маска жоқ. «Олар қайда кетті?» деген сауал үкіметті ойландыруы тиіс. Себебі халыз үкіметтің ұсынысына сенбейді, салық салып, аз ғана табысымызды бөлшектеп аламыз ба деп қорқады. Сол себепті көпшілік арасында «мүмкіндікті пайдаланыңдар, тірліктеріңді түзеп алыңдар» деген түсіндірме жұмыстары жүргізілуі, бұл ұсыныс журналистер арқылы кеңінен насихатталуы керек. Мүмкін бүгін маска тігіп, жағдайын түзеп алғандар ертең үй киімдерін тігуге, сонан соң сән киімдерін дайындауға көшеді. Халықтың мүмкіндікті пайдаланып қалуына жағдай жасау керек, - дейді Ерлан Ибрагим.

Ал экономист Санжар Ақтілеу  ел ішінде «АҚШ халыққа ақша таратып жатыр» деп Ұлттық қорға қарап елеңдей бастағандардың көбейіп келе жатқанын, бұл қауіптің басы екенін айтады. Мұндай кезде, бейнелеп айтқанда халыққа балық емес, соны ұстап алуға мүмкіндік беретін қармақ керек.

- Мемлекет, мүмкіндік болса 300 мың -500 мың теңгенің айналысындағы шағын несиелер беруді жалғастыра беру керек. Бұл қаржы тігін машинасын сатып алуға, тірлігін бастап кетуге кетеді. Алғашқы жылы салықтан босатылса, арғы тірлікті халықтың өзі-ақ икемдеп алып кетеді, - дейді Санжар Ақтілеу.

Санжар Ақтілеу айтуынша, әуелі Қазақстанға келетін импортты ауыстыру жайын ойластырған жөн. Біз азық-түліктің көбін Ресейден әкелеміз. Бұған көз жеткізу үшін Қазақстанның кез келген супермаркетіне барсаңыз жеткілікті. Алманы қайта түлетіп, сатуға болады, бірақ оны өзіміз де сырттан әкелеміз. Қысқасы, көп «бірақ» болмағанда, біраз нәрсені істеуге болар еді. Статистика агенттігі деректері бойынша, соңғы жылдары азық-түлік импорты көлемін ұлғайтқан Қазақстанға 2019  жылы сырттан 4 миллиардтай доллардың өнімі әкелінген.

- Жергілікті өндірушілер алмаға деген ішкі сұраныстың тек 50 пайызын, ірімшікке сұраныстың 46 пайызын, ал құс етіне сұраныстың 36 пайызын ғана орындай алады. Мысалы, қазір Алматыда жергілікті алмадан гөрі Польша немесе Қытайдан әкелінген алма көп. Сондықтан бізге ең әуелі агросаясатты қайта қараған жөн, – дейді Санжар Ақтілеу.

Бұл пікірді ауыл шаруашылығы мамандары да қолдайды. Экономист-ғалым Атамұрат Шәменов бұл ретте мынадай ұсыныс айтады.

а) Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету халықтың тамақ өнімдерінің он түрінің тұтыну деңгейімен бағаланады. Оған нан және жарма өнімдері, ет және ет өнімдері, балық және теңіз өнімдері, сүт және сүт өнімдері, жұмыртқа, май және мал майы, жемістер, көкөністер, картоп, қант және кондитерлік өнімдер жатады. Болашақта ең басты саналатын осы өнімдерді өзіміз шығаруға барынша ынта танытуымыз керек.
ә) Өндірістік формула «шикізат-тауар». Ол үшін ауыл және аудан көлемінде шағын кластер жасақталуы тиіс. Олар жергілікті жерлерде ауыл шаруашылығы шикізатынан тиімді өндіруге жұмылуы тиіс. Заңдық ұйымдастыру түрлері азаматтық кодекске сәйкес ассоциация, өндірістік кооператив, ЖШС т.б. болуы мүмкін.
б) Шағын кластерлер (микрокластерлер) арқылы мемлекеттік тапсырыс беру, қаржыландыру және несиелендіру ауыл шаруашылығындағы шағын өндірістер мен сервистік қызметтердің бірігуіне жол ашады.
в) Жаңа аграрлық саясатты орындауды бірінші кезекте аудан әкімдеріне жүктеу қажет. Барлық реформаны солардың деңгейінде бастау керек. Әкімдер жергілікті жердегі жағдайды біледі, адам ресурстарын пайдалану жолын табады.
г) Қазақстанның жаңа аграрлық саясаты, тағам өндірісіне деген бетбұрыс, келешекте шынайы түрде тамақ индустриясын қалыптастырады. Сондықтан халықты аш құрсақ етпеу үшін бірінші кезекте отандық азық-түлік шығару мәселесі өзекті болуы тиіс.

Қытайда «дағдарыс мүмкіндікке жол ашады» деген қанатты сөз бар. Қазір асық ойнағандар мен доп қуалағандардың емес, мал бағып, бордақылаумен айналысатындардың күні туып тұр.

Ендеше, көкке қарап, «бұйырған ақша терезенің тесігінен келеді» дейтін күн өтті. Жағдайды түзеп алуды әркім өзінің мүмкіндігінен іздеу керек. Халықтың жағдайы түзелсе, мемлекеттің көші алға жылжиды.

Дәл қазір үкімет халыққа «істегенің бізге жақсы, үйренгенің өзіңе жақсы» деген ыңғай танытып тұр.