Коронавирус • 27 Наурыз, 2020

«Ұшақта жөтеліп отырған әйелді көрдік»: Індет жұқтырған бойжеткен сұхбат берді (видео)

1124 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

КТК телеарнасының тілшілері коронавирус жұқтырған қазақстандық қызбен эксклюзивті сұхбат жариялады деп хабарлайды egemen.kz тілшісі.

«Ұшақта жөтеліп отырған әйелді көрдік»: Індет жұқтырған бойжеткен сұхбат берді (видео)

Телеарна мәліметіне қарағанда, коронавирус жұқтырып, аурухана төсегіне таңылған бірде-бір науқас дерті жайлы айтқысы келмеген. 

Тек Алина Жанұзақова ғана келіскенге ұқсайды. Ол Алматыда коронавирус жұқтырған 48 адамның бірі. Өзінің айтуынша, ол бұл вирусты Грузиядан Беларусь арқылы ұшуға мәжбүр болғанда ұшақта жұқтырып алған болуы мүмкін.

«Біз ұшақта жөтеліп, ауырып отырған әйелді көрдік. Бірақ ол әйелде диагноз расталды ма, жоқ па - білмеймін. Біз ұшып келген Минск-Алматы рейсінде екі науқас болды. Құрбымыз екеуміз ұшып келдік, сосын бір таксиге отырдық. Вирус жұқтырып қалған болсақ, өзгелерді де жұқтырмайық деп бірге келдік. Үйден шықпай отырдым» дейді Алина.

Алғашқыда дәрігерлер өздері хабарласатын шығар деп ойлаған. Алайда оған дейін вирустың алғашқы белгілері пайда бола бастаған екен.

«Бастапқыда тамағым жыбырлады, - дейді ол. - Құрғақ жөтел болды, ішімде, өкпемде бірдеңе күйіп жатқандай болды. Дене қызуым көтерілген жоқ, қазір де дене қызуым қалыпты - 35,8. Еш өзгермейді. Содан түнгі екіде маған коронавирус анықталғанын хабарлады».

Екі күннен соң жөтел мен тамақтың ауырғаны басылған. Бүгінде бойжеткеннің денсаулығы дұрысталған. Вирусқа қарсы дәрілер қабылдап жатыр. Десе де Алина індетті басқа біреулерге де жұқтырып алған жоқпын ба деп қауіптеніп отыр екен.

«Мен жатқан палатада екі адам болды. Олар да вирус жұқтырды, себебі біз бес күн бір палатада жаттық. Ол қыздар ауруханадан шығарылды, бірақ оларды қайта жатқызатын шығар. Кейін мені басқа бір палатаға ауыстырды. Ол жақта 3-4 адам жатты» дейді Алина Жанұзақова.