Аймақтар • 27 Наурыз, 2020

Жамбылдағы «Жақсылық акциясы»

196 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жамбыл облысының өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесі індеттің алдын алуда аянбай еңбек етіп жүрген дәрігерлерді қолдау мақсатында «Жақсылық акциясын» ұйымдастырды. Өңірдегі іскер әйелдер кеңесі облыстық мейрамханалар мен қонақүйлер және «Шеберлер мекені» жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары ассоциацияларымен бірігіп жамбылдықтарға барынша көмек көрсетуде.

Жамбылдағы «Жақсылық акциясы»

Мәселен, еріктілер өздері медициналық маскалар тігіп, оларды көпбалалы отбасылардың мүшелері мен зейнеткерлерге таратса, мұқтаж ұйымдарға санитарлық-гигиеналық құралдарды тегін жеткізіп беруде. Ал, балалар үйіне азық-түлік жеткізіліп, жууға қажетті құралдар және балаларға арналған памперстер де таратылды. Сонымен қатар, аталған акцияның ұйымдастырушылары өңірдегі дәрігерлерге дәмді палау ұсынды.

«Осындай қиын уақытта біз барлығымыз болашақ үшін, жақындарымыздың денсаулығы үшін бір-бірімізге  қол ұшын бере білейік. Әсіресе, дәрігерлерге қолдау білдіру аса маңызды. Оларға бүгінде бүкіл ел сенім артып отыр. Біз оларды мақтан тұтатынымызды, әрқашанда қолдайтынымызды көрсетуіміз керек», дейді облыстық кәсіпкерлер палатасы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Айгүл Ақшалова. Ұйымдастырушылар әуелі «Ана мен бала» облыстық оңалту орталығында болып, одан кейін облыстық жедел жәрдем медициналық станциясына барды. Дәрігерлер белсенділерге ізгі ниеттері мен сый-сияпаттары үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ,  барша жамбылдықтарды коронавирустық инфекциядан өзін және жақындарын қорғау үшін қауіпсіздік шараларын барынша сақтауға шақырды. «Біз сіздер үшін жұмыс істейміз, сіздер біз үшін үйде қалыңыздар. Барлық жерлестерімізден  аса қажет болмаса үйден шықпауларын сұранамыз. Қолды жиі жуып және антисептикті тұрақты пайдаланыңыздар. Жағдай күрделі, дегенмен дәрігерлердің нұсқаулықтарын жіті орындасаңыздар, деңдеріңіз сау болады», деді облыстық жедел жәрдем медициналық станциясының диспетчері Наталия Турдыматова. Бұдан кейін акция ұйымдастырушылары Байзақ ауданы Мырзатай ауылындағы облыстық туберкулезге қарсы диспансеріне барып, онда стационарда карантинде жатқан азаматтардың жағдайымен танысты. Мұндағы дәрігерлер емделушілердің жағдайының жіті бақылауда екенін айтты. Осындай акциялар облыстың Қордай, Жуалы және Мойынқұм аудандарында да өтуде. Аудандардағы санитарлық-бақылау бекеттерінде ондаған медиктер мен полицейлер тәулік бойы қызмет атқаруда.

Жамбыл облысы