Әлем • 27 Наурыз, 2020

Әлем жаңа дәріні жарыса іздеуде

179 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әлем ғалымдары COVID-19 вирусын Жер шарында соңғы 50 жылда адам баласын өте күйзелісте жағдайда қалдырған індет болды деп бағалады.

Әлем жаңа дәріні жарыса іздеуде

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне қарағанда бүгінгі күні коронавирусты әлембойынша 531 мыңнан астам тұрғын жұқтырып, оның 24 мыңнан астамы қайтыс болған. Бұл індет күннен-күнге күш алып келе жатқандықтан әлем ғалымдары вирусқа қарсы тұратын дәрі табу үшін жанталасып жатыр. Мысалы, Сиэтл қаласындағы аллергия және инфекциялық аурулар ұлттық институты коронавирусқа қарсы егілетін жаңа дәріні сынақтан өткізу үшін еріктілерді іздеуде. Сынаққа 45 адам қатысады және олардың әрқайсысына араға 28 күн салып екі мәрте дәрі егіледі. Сосын жыл бойына дәрігерлердің қадағалауында болады. Бұл вакцинаны Массачусетс штатындағы ұлттық институт Modern компаниясымен бірлесіп жасаған. Ғалымдар бұл дәрі індет жұқтырғандардың арасында ажал құшатындардың санын азайтады және науқастардың денсаулығын жақсартады деген сенімде.

Жапонияның Takeda Pharmaceutical компаниясы да бұл індетке қарсы вакцина табуға кірісіп кеткенін жариялады. Ал, орыс ғалымдары бұл дәріні үш айда табуға болатынын айтқан болатын. Жалпы алғанда коронавирусқа қарсы ем табу ісімен әлемнің 66 компаниясы бел шешіп айналысуда. Жапон мамандары қан плазмасынан дәрі жасау ісін бастап кетті. Бұл үшін осы індеттен жазылған жандардың қан плазмасы қажет. Өйткені инфекциядан жазылған жандардың қанында осы вирусқа қарсы тұратын, вирусты әлсірететін иммундық құрам бар екен.

Ғалымдар осы вирусқа шалдыққан науқастарды емдеу кезінде «Фавипиравир» (Favipiravir, сондай-ақ, «Авиган», Т-705 немесе «Фавилавир» атауларымен де белгілі) дәрісі оң нәтиже бергенін айтуда. Коронавирус жұқтырған жандардың ішінде осы дәріні пайдаланғандардың жағдайы жақсарып, қызуы төмендеп, қысқа уақыт ішінде жазылып кеткен. Тіпті, орта есеппен алғанда ем басталғаннан кейін төрт күннің ішінде науқастардың вирусқа тапсырған сараптамасы теріс нәтиже беріп, 11 күннің ішінде дертінен айыққан. Осы дәріні пайдаланғандардың 62 пайызының тыныс алу жолдары бірден жақсарыпты. Бұл дәріні Жапонияның Toyama Chemical компаниясы жасап, 2014 жылы сатылымға шығарған болатын.

Қытай дәрігерлері биылғы жылдың ақпаны айында Ухань және Шэньчжэн қалаларында осы дәріні сынақтан өткізді. Уханьда коронавирус жұқтырған 80 науқастың, Шэньчжэндегі 120 адамның 35-і осы дәріні пайдаланған. Сонда «Фавипиравир» дәрісін ішкендердің екі күнде қызуы төмендеп, жағдайы жақсарса, басқалары төрт күннің ішінде жазылған.

Қазақстандық ғалымдарда жаңа дәрі ойлап табу жолында өз бақтарын сынап көрмек. Нақтырақ айтсақ, Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасы бойынша Ұлттық биотехнология орталығы мен Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты COVID19 коронавирусына қарсы вакцина жасау бойынша бірлескен жұмысты бастады. Қазақстанның бұл саладағы ғылыми-техникалық тәжірибесі жеткілікті. Отандық препараттарды дайындау технологияларын әзірлеу, сынау және қамтамасыз ету үшін мүмкіндік беретін қазіргі заманғы ғылыми база мен жоғары білікті ғалымдар бар. Осы жылдың қаңтар айының соңында Ұлттық биотехнология орталығының ғалымдары 6 күн ішінде COVID-19 коронавирус ауруын жедел анықтауға мүмкіндік беретін сенімді жоғары сезімтал тест-жүйесін әзірлеген болатын. Қазақстандық тест-жүйенің тиімділігі мен жоғары сезімталдығы Ресей және Қытай диагностикумдарымен салыстырғанда расталды. Енді вакцинаны әзірлеу бағдарламасы шеңберінде ең озық биотехнологиялық және гендік-инженерлік әдістерді пайдаланып 5 кандидаттық вакцина жасалатын болады.

Қысқасы, әлем ғалымдары жаңа дәріні жарыса іздеп, коронавирусқа қарсы ем іздеуде барлық мүмкіндікті пайдалануда.