Экономика • 27 Наурыз, 2020

Тері өндірісі тұралап тұр

1177 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тері өндірісін жолға қоя алмай жатқанда ауылдағылар мал терісін қоқысқа лақтыруға мәжбүр. Себеп жақын маңда қабылдау бекеттері жоқ. Былтыр ақпан айынан бері ірі қара малдың өңделмеген терісін экспорттауға уақытша мораторий жарияланған болатын. Соның салдарынан терінің құны он есеге арзандап кетті. Сұраныс аз. Аудандардың көбісінде тері саудасы тоқтап, ауылдағы ағайын қосымша табыс көзінен айырылды.

Тері өндірісі тұралап тұр

Мал терісінің шетелге, әсіресе көрші Қытайға шикізат түрінде арзанға сатылып, кейін дайын өнім түрінде әлденеше есе қымбатқа кері қайтатынын Мәжіліс депутаттары бірнеше жылдан бері мәселе етіп көтеріп жүр. Олардың дерегінше, шамамен 2 млрд еуро тұратын мал терісі көлеңкелі жолдармен елімізден тысқары шығарылады. Соның салдарынан мемлекеттік органдардың есептеріне енбей қалады.

 Үкімет сапалы тері өндірісін арттыру мақсатында бордақылау алаңдарын ретке келтіру жолдарын іздеуде. Сондай-ақ мал соятын кәсіпорындарды субсидиялайтын бағдарлама жасауда. Бұған бюджеттен жыл сайын 1-1,5 млрд теңге бағытталып отыр.

Алдағы уақытта Иран кәсіпкерлері Қазақстанда аяқ киім тігуді қолға алмақ. Әлемде былғары өңдеуден үштікке енетін бұл елде шикізат жетіспейді. Өйткені, Иранда мал өсірумен айналысатын шаруашылықтар көп емес. Ал бізде бәрі керісінше. Ендеше, жаннан бұрын малдың амандығын сұрайтын ұлтымыз ең соңы тері өңдеу кәсібін де басқаға бере салуға дайын сияқты.

– Егер жеңіл өнеркәсібіміз мемлекеттен қолдау таппаса осы күйінде қала бермек. Шыны керек, біз шикізатқа тәуелді мемлекетпіз. Бұл халықты өнеркәсіпке үйретпейді не табыс әкелмейді. Шикізат сатып байыған бірде бір ел жоқ. Бұл тері өндірісіне де қатысты. Мысалы, біз қойдың етін ғана пайдаға асырамыз. Ал оның терісі мен ішек-қарыны ит-құсқа жем болады. Осыдан-ақ ойлай беріңіз. Ата-бабамыз тері илеудің түрлі тәсілін меңгерген. Байпақ, мәсі, саптама етік тігу технологиясы қазақ топырағынан шыққан. Ал бүгінде бәрі аңызға айналды. Таразда былғары аяқ-киім өнеркәсібі ашылды. Өнімі сапалы. Енді болашақтың қамы үшін сол таза былғарыдан жасалған аяқ киімдерді неге пайдаланбасқа? Сырттан келетін арзан аяқ киімдерді ішке кіргізбеу керек. Оларға деген салық көлемін арттырса мүмкін ішкі өнімге сұраныс көбейер, – дейді белгілі экономист Жангелді Шымшықов.

Осыдан екі жыл бұрын Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов осы саланың проблемасын өткір айтқан еді. «Ұлттық экономика министрлігі қой терісі мен жүнін өндіретін зауытты қай жерге салу керектігін ұсынбайды. Неге біздің барлық қойдың терісі мен жүнін және басқа да өнімін Қытайға тасиды? Өйткені ондағы кәсіпорындар қайта өндеумен айналысады. Бізде мемлекеттік қызметкерлердің психологиясы өзгермеген» деді ол. Бірақ әлі де баяғы жартас сол жартас. Содан бері қанша уақыт өтсе де бұл саланың тірлігі нақты істен гөрі құр сөзбен ғана шешілуде.