Абай • 30 Наурыз, 2020

Қазақ  әндері  қайда  кетіп  барады?

683 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Абай Құнанбайұлының: «Әннің де естісі бар, есері бар...» дегеніндегі «есер» ескірмей-ақ қойды. Театр сахнасынан да, теледидар экранынан да, радио арналарынан да «мен мұндалап» шыға келеді.  Мұхиттың арғы-бергі жағындағы елдердің «жұлдыздары» айтып жүрген, әннен бұрын тақылдақ-бақылдақ тақпаққа ұқсайтын жұлқынды, қышқырынды әуенсымақтар біздің «жұлдыздардың» да біразын «баурап алды».

Қазақ  әндері  қайда  кетіп  барады?

Ал жын соққандай құтырық бисымақтары  біздің бишісымақтардың талайын  ұйқы-күлкіден айырды. Ол «өнеге» бізді іздеп тура келген жоқ, алайда Ресейге жеткен жерінде бассалған еліктегіш-солықтағыштарымыз «ұстаздарынан» асып түспесе, қалып қоймады. Соның бір мысалын, теледидардың көмегімен ресейлік эстрада сахналарының түп-төрінен байқап жүргеніміздей, біздің елордадағы, Алматыдағы сахналардың «көркемделуінен»  көрудеміз. Электр қуатымен құбылып, құбыжықтанып, алас-күлес, алқын-жұлқын, айқыш-ұйқыш  аударылып, төңкеріліп, дөңгеленіп, ұшып-қонып, көшіп те жатқан сапырынды көріністер. Залды ары-бері осқылап тұрған электршамдар көзіңді бұлдыратады. Одан беріде, сахнада, әнді сүйемелдеуші аспаптардың даңғыр-дұңғыры, арсыл-гүрсілі, шаң-шұңы әнші дауысын анық естіртпейді. Солардан мезі болып, ән-күй тыңдап та, би көріп те мәз бола алмадым да,  тұрақ-мекенім  Алматының  театрларына баруымды шектедім.

Бірде осы жәйтті әңгімелей қалғанымда  тәжірибелі кардиолог-дәрігер көршім Сырым Қалиұлы: «Біздің бөлімшеге келіп қаралып жүргендердің  арасында жүрегіне, жүйкесіне  салмақ түскендер көбейіп барады. Кейбіреуі кеше театрға концертке барғанын,  оркестрдің  тарс-тұрс, қаңғыр-құңғыры басын әңкі-тәңкі еткенін айтады. Өткен аптада екеуін ауруханаға жатқыздым» деді.

Жас журналшы кезімде айқай-шудың адамға зияны жөнінде мақала жазуды ойлап, сол ыңғайдағы бірнеше кітапты оқығаным бар. Бір ғалым тәжірибе үшін жүк мәшинесін шөптесін далада жүйткітіп келе жатып қалт тоқтата қойғанда 3 метрге жуық маңайындағы шөптердің, гүлдердің мәшине тежегішінің қатты қажалыс-шиқылынан бұйыға, бүрісе қалғанын жазыпты. Екінші ғалым арнаулы сынау цехында ұшақ моторын іске қосып, жанына бос қаңылтыр шелекті қойып кеткен. 2 сағаттан соң барып қараса, шелек үгітіліп қалыпты.

Біздің үлкен-кіші оркестр атаулымыз да тыңдаушыларды шексіз  даңғазалығымен шаршатуда. Әнді сүйемелдеуші  аспап атаулылары үздіксіз дүңкілдеп, таңқылдап, тоңқылдап,  жүйкеңді жұлқылайды. Соларға жем бола бермей, радиоарналарға бет бұрайын, деп ұйғардым да, ұстап жүруге ыңғайлы шағын ғана радиоқабылдағыш сатып алдым. «Бала күнімізден таныс әндерді «Шалқар», «Қазақ радиосы», «Ретро ФМ» деп аталатын арналардан таба аласың, тек жалықпай ізде», деді бажам.  Іздеуге кірістім.  Ескі әндердің бірнешеуін тыңдап рахаттандым.  

Әйткенмен, ол арналар да «заманауи талапқа» бейімделе бастаған ба, қалай, ертеңінде кешкісін біреуінің түймешігін басып едім,  Кенен Әзірбаевтың «Бозторғайы» айтылып жатыр екен. Сөздері орнында,  тек әуені ауытқып-ауытқып кетеді.  Кенекеңнің мұң жоқ,  көңілді қалжың-қылжақ бар. Солайша «жаңартылып» кете берсе, Кенекеңнің «жерге қонбай шырылдаған бозторғайы», көп ұзамай, жеңілтек қарлығашқа айналар-ау!.. Ал одан кейін басталған тапырықты тақпақ-әннен құтылуға асықтым.  Ағаш қазықты ағаш балға-балтамен ұрып тұрғандай дүңкіл-дүрсіл, таңқ-тоңқ мәжбүрледі. «Ағаш қазық қағу» үдеп барады.

«Жаңартылып» дегенде бізде соңғы кезде «әнді өңдеуші сазгерлер» көбейгенін меңзеп отырмын. Мәселен: Әміре Қашаубаев, Жүсіпбек Елебеков, Ермек Серкебаев, Әлібек Дінішев, Жәнібек Кәрменов, басқа да әйгілі әншілеріміз айтқан «Дударайға» бүгінгі «Дударай» шала-мала ұқсайды. Бірде аталған арналарды іздеп отырып: «Ду-у-у-у-да-а-ри-и... Ду-дари... Мәриямның айт-қан сө-зі... Ду-дар...» деп әлде ызыңға, әлде сыңсуға ұқсас әлсіз, үзік-үзік дауысты естідім. Содан кейін әннің екінші  шумағы көтеріңкі үнмен айтылып, қайырмасы үш  рет қайталанып, әлгі ызың мен  сыңсу қайталанды. Еріксіз таңдандым. «Жаңа» әуен, сірә,  «әнөңдегіш сазгердің маңдай тері» шығар. Солардың «ұқтыруынан» болар, кейбір  «жұлдыздарымыз», халық әндерін, Біржан мен Ақан, Мұхит пен Естай... әндерінің басталу, басқа да кейбір тұстарын демінің жеткенінше үздіге созып, авторларының «қателіктерін түзетеді».

Әлбетте, бір ән басқа арналарда да айтылады. Біреуінде түпнұсқасы, яғни көпшілікке аян дұрысы, ал екіншісінде – мына айтылғандай бұрысы. Бұған қосарым: әннің сөздерін құбылтылады. Өнер кестесінде «Дударай» бар әншілердің бірі: «...Орныңа орыс, қазақ таласып жүр» деп дұрысынан жаңылмаса, екінші әнші: «Орныңа өңшең жаман таласып жүр» деп бұра тартады. «...Қор болып сүймес жанға кеткенімше» мен «...Қор болып бір жаманға кеткенімше» де  бәсекелі.

Бірде «Құстар қайтып барадыны» (Н.Тілендиев) тыңдадым. Өкініш-сағынышты баяу қоңыр үнмен айтылуы шарт әнуенді әнші жігіт  жігерлене айтып тұр екен. Қайырмасын аузынан жалын атқандай ахылап екі рет қайталады. Оны сүйемелдей тоңқ-тоңқ еткен тұрпайы бір дабыс «...құлақтан кіріп, бойды...» тітіретті. Шыдай алмай, басқа арнаны іздедім: Ақан серінің «Балқадишасы» кездесті. Естуіме бұйырған бөлігінде түпнұсқада жоқ: «жұлдызым, шолпаным, жарығым, қарағым, жанарым, жаным Балқадиша» деген  жылтырақ сөздерді  тықпалап қойыпты. Кім? Неге?.. 

Жүсіпбек Елебековтің орындауындағы түпнұсқада:

«Кетті» деп Балқадиша естігенде

Құшақтап құсжастықты жылағаным,

-болса, оны:

«Кетті» деп Балқадиша естігенде,

Тауында Жыландының құшақтап қара жерді, еңіреп жылағаным,

еңіреп жылағаным, жаным Қадиша!»,-деп, немесе:

«Құшақтап құз-жартасты жылағаным»,

-деп «жаңартқан». Ақаңның нала-мұң, шарасыздық раймен баяулатып айтқан әні керісінше орындалды. Апырым-ау, әннің де, оның өлеңінің де түпнұсқасын бүдіру қайдан шыққан «өнер»?

Теледидар экранынан жиі көрінетіні –  жастарды еліктіргіш, желіктіргіш есер әндерді сүйемелдеуде «музыкалық қосымша күшейтудің» қолданылуы. Соның «қуатымен» шетелдік, ресейлік, өзіміздік телеарналардың талайын жалаңаштың аз-ақ алдындағы қиралаңдаған, бұралаңдаған, шалқақтаған, еңкейген, тоңқайған, секірген бишісымақтардың жаулап ала бастағаны. Ал театрдағы ондай «құбылыста» залдағы көрермен жастардың көбі орындарынан қол соға ұшып тұрып, теңселе «тамашалайды».

«Теледидар экранынан» дегенде өкінішпен айта отырарым: әу баста концерттері аттарына сай нағыз қазақы, мәдениетті мәнерімен қуантқан «Гәкку», «Той-думан» арналарымыз да енді  (тегі «Музыка» деген арнадан жұқса керек) опыр-топыр, астаң-кестең би жарысына қатыстан болыпты.

Өткен аптада радиоарнаның бірінде сұхбаттасушы бір сазгердің: «Құдайға шүкір, заман түзелді, шет елдерден музыкалық  небір жаңа аспаптарды алдыра алатын болдық, эстрадамыз сол заманауи аспаптармен жабдықталуда» деп масаттана сөйлегенін естідім. Меніңше, сол аспаптарды  қазағымша «дүңкілдек, тоңқылдақ, торсылдақ...» деп атау  керек.

«Бір сазгер, бір арна, бір әнші» деп «жұмбақтап» жазғанымды байқаған шығарсыздар. Оның себебі: радиоконцертті жазудан қолым босаған  сәттерде іздеймін де, көбінесе орта тұсына кезігіп, жүйкеме ши емес, қурай жүгірте бастағандарында жауып тастап тыншимын. Оның үстіне арналардың көбінде:  ән-күй жазылған таспалар пойыздың вагондарынша тіркеле салады, авторлары аталмайды. Аталды дегеннің өзінде сазгердің аты-жөні айтылып, ақын жайына қалады. Бұл сөзіме илана қоймағандардан өтінерім: уақытыңыз болса, радиоарналарымызды 2-3 кеш бойы «аралап» байқағайсыз.

Ал «жаңа» әндердің бірсыпырасы түрлі-түрлі шүберектердің қиықтарынан жасалған құрақ төсеніш сияқты. Бір тұсы бұрынғы анау әнге, бір тұсы мынау әнге ұқсайды. Жиендік-ау. Соны аңғартпау үшін бе, немесе сазгер мен өңдеушінің «жетістігі» ме, әйтеуір, кейде ол құрақ әндердің екі тармақты қайырмасы былай тұрсын, төрт тармақтысын да 3 - 6  рет жөпелдете айтып,  жеке бір сөздерін 10 шақты рет екілене қайталайды. Одан соң қайран қалатыным:  соңғы кездегі жаңа әндердің басым көпшілігінің мән-мазмұны кездесе алмай, тіпті сөйлесе алмай, сөйлесе қалса, түсінісе алмай жүрген екі ғашықтың  нала-зары. Әнге сөз жазатын ақындар сондай күй кешіп жүр ме, әлде «заманауи хал» сондай ма?

Ал «эстрадамыз сол аспаптармен жабықталуда» деп шіренген сазгер рас айтты. Көпдауысты әнді (хорды) ғана ма, тіпті жеке орындаушы әншіні  сүйемелдеуші оркестрлеріміздің кемінде 90 пайызында: домбыра, қобыз, сырнай қолданылмайды. Ол неліктен? Кешегі қазақтың бұл көне ұлт аспаптары бүгінгі қазақтарға «заманауи» болмай қалғаны ма?

Осынау сұрықсыздықтарды мәдениет саламыздың шаруасын реттеу міндеті жүктелген министрлердің кешегісіне де, бүгінгісіне де жеке хаттай     да, гәзеттегі мақала етіп те жеткіздім. Советтік дәуірде Мәдениет министрлігімізде «Көркемдік кеңес» болғанын, ешбір ән, би, күй, пьеса да  оның шешімінсіз сахнаны маңайлай алмағанын, сол дәстүрді жандандыру қажеттігін айттым. Жым-жырт. Езуіндегі көбігі құрғамайтындар албаты жамандап жүрген Кеңес кезінде келіп түскен арыз-шағым хаттарға, баспасөз сынына бір апта ішінде жауап қайтаратын тәртіп болып еді, ал бүгінде ол     жоқ, тегі  шенеуніктер бас-басына тәуелсіздік алса керек.

 

Ғаббас Қабышұлы

Соңғы жаңалықтар