Аймақтар • 30 Наурыз, 2020

Түркістан:Төтенше жағдай режимін бұзушылар тыйылмай тұр

210 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Демалыс күні Кентау қалалық полиция бөліміне Қарнақ ауылында коронавирус жұқтыру туралы әлеуметтік желіде ақпарат тарағаны жөнінде хабарлама түскен. Жедел-іздестіру шараларының барысында кентаулық полицейлер жасөспірімді ұстады.

Түркістан:Төтенше жағдай режимін бұзушылар тыйылмай тұр

Қарнақ ауылындағы мектептің 8-сынып оқушысы заңсыз әрекетін толық мойындап, істеген ісіне өкінетінін айтқан. Жасөспірім ата-анасының қадағалауына тапсырылып, олармен тиісті профилактикалық әңгіме жүргізілген. Аталған жайт ҚР ҚК 274-бабы «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бойынша тіркелген. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ендігі жерде жасөспірімнің ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Өкінішке қарай, төтенше жағдай кезінде заң бұзғандар Түркістан облысында аз емес. Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, өткен апта соңына дейін заң бұзушылықтың 12 дерегі анықталған. Талапқа бағынбағандар тиісті жауапқа тартылуда. Мысалы, Сарыағаш ауданында екі бірдей дәмхана иесіне айыппұл салынса, Мақтааралда беташар өткізген 3 бірдей тұрғынға шара көрілген. Бұларға сақшылар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 476-бабы «Төтенше жағдай режимiн бұзу» бойынша хаттама толтырып, құжаттарды қалалық, аудандық соттарға жолдаған. Ал қала орталығында төтенше жағдайға қарамастан заңсыз жұмыс істеп тұрған 1 комьпютер клубы, 5 кафе-ресторан мен 1 кіші футбол алаңы анықталды. Сондай-ақ, кафелердің біріне құдалық, туған күн жасаған азаматтар да жауапқа тартылды. Кезекті рейд барысында Созақ ауданының полицейлері, ауылдардың бірінде букмекерлік кеңсе адам қабылдап, жұмыс істеп жатқанын анықтаған. Полиция қызметкерлері төтенше жағдай жарияланып, тыйым салынғаннан кейін, аталған букмекерлік кеңсеге бірнеше рет ескерту жасаған да екен. Алайда букмекерлік кеңсе әкімшісі оған құлақ аспастан адам қабылдап отырғаны белгілі болды. Бұл жәйтке қатысты аталмыш тұрғынға хаттама түзіліп, аудандық соттың қаулысымен 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алынған.

Бүгінде жалпы 54 жайттың 25-іне шешім шығарылып, оларға 26 мың 510 теңгеден айыппұл салынған. Оған қоса 4 жайт еріктілердің анықтауымен тіркелген.

 

Түркістан облысы