Қоғам • 31 Наурыз, 2020

Пандемия: Тарих тұрғысынан пайымдау

2498 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Тарлан тарихқа жүгінсек, адамзат баласына бірнеше рет оба індеті келіп, миллиондаған адамдардың өмірін жалмағанын көреміз. Мәселен, сақ-скиф дәуірінде де аталған індеттің бар болғандығы туралы деректер кездеседі.

Пандемия: Тарих тұрғысынан пайымдау

Б.з.д. III ғасырларда Скифополь деп аталған қаланы оба ауруы жайлағаны туралы грек жазбаларында баяндалады. Еуропа ғұндарының Италияны тастап шығуының бір себебі де осы оба еді. Қытай жылнамаларында Ышбара билік еткен жылдары Түрк қағанатын зұлмат аштық жайлап, халқының арасында оба індеті тарағандығы айтылады. Сол уақытта түрктер ас орнына сүйекті ұнтақтап жеуге мәжбүр болды дейді. Ислам тарихында да халық арасында көптеген жұқпалы аурулардың пайда болып, оны емдеу және алдын алу шаралары туралы хадистер сақталғаны белгілі. ​

Жалпы адамзат тарихында ежелгі дәуірлерден қазіргі уақытқа дейін обаның пандемияға ұласқан үш кезеңі болған. Олардың алғашқысы б.з. 541 жылы басталған және «Юстиниан обасы» ретінде белгілі болған індет. Екіншісі 1330 жылдары жайылып, араға жылдар салып XIX ғасырдың ортасына дейін жалғасқан «қара өлім» деп аталған оба. Ал «Бомбай обасы» (қазіргі Мумбаи қаласының аты) деп аталатын үшінші эпидемияXIX ғасырдың екінші жартысында Оңтүстік-Шығыс Азиядан шығып, бүкіл әлемге тарады және ХХ ғасыр ортасына дейін созылды.

Юстиниан обасы 541 жылдан 750 жылға дейін  созылып, салдарынан 50 миллионнан астам адам қайтыс болған, тіпті індеттің қатты өршіген тұсында күніне мыңдаған адам қайтыс болған. Бұл туралы белгілі византиялық тарихшы Прокопий Кесарийский былай деп жазады: «Бұл обадан ешкім құтыла алмады, тіпті үңгір мен аралға, тау мен тасқа қашқандар да… Көптеген үйлер қаңырап қалды. Сауда-саттық тоқтап, барлық шеберлер шеберханасын тастап кетті».  

​Орта ғасырдағы екінші әлемдік пандемия саналған алапат індеттің бірі – «Бубон обасы» немесе «қара өлім» деп аталды. Араб деректерінде «қара өлім» обасымен ауырған адамдар үш күн ішінде қайтыс болатыны және өлген соң денесі қарайып кететіндігі жазылған. Америкалық зерттеуші В. Макнилланың пікірінше, Еуразия құрлығын түгел шарпыған бұл індет 1331 жылы Оңтүстікытайдағы Хубей провинциясында шарықтау шегіне жетіп, 1333 жылы Солтүстік Қытай, Жоңғария, Моңғолия мен Манчжурияға дейін жайылған. Бірнеше жылдан кейін, 1338-1339 жылдары Ыстықкөл маңында тіркеліп, 1341-1342 жылдары Өзбек  хан тұсындағы Алтын Орда Ұлық Ұлыс даласына жеткен деген пікірлер бар. Ортағасырлық жылнамаларда аталған індет Орданың Еділден Кавказға, Солхатадан (ескі Қырым қаласы) Хорезмге дейін таралып, әр күні мыңдаған өліктер көмілетіні жазылған. Археологтардың зерттеуінше, осы індеттің салдарынан Ұлық Ұлыс қалалары иесіз қалып, өмір сүруін тоқтатқан екен. Орталық Азиядағы көптеген қалалардың да қаңырап қалуының бір себебі осы оба індеті болса керек.

Алтын Орда Ұлық ұлыс территориясындағы оба ауыруының негізгі ошақтары Кавказ аймағы, Каспий маңы мен Еділ-Оралдың далалы жазықтары болды. XIV ғасырдың ортасына таман өршіген бұл індеттің Орталық Азияға таралуының бір себебі климаттың өзгеруі, әртүрлі кеміргіштердің (тышқан, суыр, егеуқұйрық) жаппай мекен ауыстыруы, құрғақ әрі қатал табиғат пен егін шаруашылығы әсер етсе керек. Белгілі түрколог Юлай Шамилоғлының пікірінше, оба ауруы Жошы Ұлысының аумағында бірнеше мәрте болған: алғаш рет 1345–1346 жылдары шарықтап барып, кейіннен 1364, 1374, 1396 жылдары қайта оралып соққан. 1346 жылы оба індеті Ұлық ұлыс билеушілері Өзбек хан мен Жәнібек хан тұсында қатты өршиді. Бұл жылдары обадан адам шығыны болғанымен,індет Ұлық ұлыстың мемлекеттік құрылымына айтарлықтай кері әсерін тигізбеді. Дәл осы кезеңде орданың орталығын Сарай Батудан Сарай Беркеге ауыстыруы кездейсоқ болмаса керек. Ал 1374 жылғы оба індеті Ұлық ұлыстың барлық аймағына тарап, оған жаздың шіліңгір ыстығы мен қыстың ұзаққа созылуы қосылып, мал-жан қырылып, аяғы ұлы жұтқа айналады.  Бұл жылдар Ұлық ұлыс үшін ауыр кезең болды. Салдарынан бүкіл Еуразияны шарпыған «қара өлім» обасының екінші және үшінші кезеңдері Ұлық ұлыстың этникалық құрылымына, саяси экономикалық әлеуетіне, қарамағындағы иеліктердің ықпалына, қалалардың дамуына кері әсерін тигізді. 1440–1470 жылдардағы оба індетінен кейін Ұлық ұлыс құлдырауға айналды. Дәл осы кезеңде саяси үстемдігі әлсіреп, Мәскеу княздығы, Қырым, Қазан және Сібір хандықтарының құрылуына әсер етті. Осылайша, оба індетінің салдарынан тарих дөңгелегі кері айналып, Ұлыс қарамағындағы иеліктер мен ру-тайпалар бірлестігі жеке хандық болып шығуына себеп болды.

Араб жылнамашысы ал-Айни жер жүзін жайпаған бұл індетті былайша сипаттайды: «749 жылы Халеб, Сирия және Египет жерлеріне таралған оба індеті 750 жылға дейін жалғасты. Дерт жұқтырған адамдар қан құсып, үй-жайларынан безіп кетті. Мысыр мен Каирде бір күнде 20 мың, Халебте 5 мың, Шамда мыңдаған адам, яғни халықтың 2/3 қырылып қалды. Халық бұл індетті ұлы жұт деп атады». Кейбір жылнамаларда бір күнде 900 мыңға жуық адам қайтыс болған дейді.  Болжам бойынша «қара өлім» обасынан 200 млн-ға жуық адам қайтыс болған екен. Ұзақ жылдарға созылған індеттің салдары жаһандық экономика мен саясаттың өзгеруіне зор ықпал етті. Соңғы жылдары ғылыми ортада «қара өлім» обасының экономика мен қоғамның дамуына тигізген әсері туралы қайта пайымдаулар жасалды, Бұл туралы таяу Шығыс, Қытай және Батыс Еуропаға қатысты зерттеу нәтижелері алынғанымен, негізгі ошақтарының бірі саналған Жошы ұлысы территориясы тыс қалып келеді дейді зерттеушілер. Дегенмен, Йоханнес Краузе бастаған зерттеушілер тобы обаның пайда болуы мен таралуы туралы Барселона, Бұлғар және Эльванген қалаларындағы ортағасырлық жерлеу орындарынан алынған артефактілерге радиокөміртекті кеңінен талдау жасап, нәтижесінде Барселона (1300–1420), Бұлғар (1298–1388), Эльванген (1486–1627) оба індеті таралған жерлер екендігі анықталып отыр.

Осы орайда, талай нәубетті бастан өткерген қазақ халқы да «жұт жеті ағайынды» деп, оба, шешек секілді жаман ауруларды солардың біріне санап, олар туралы жөнсіз сөз қозғамауға тырысқанын айту ләзім.

Ғалымдар Еуразиядағы «қара өлім» обасы жаһандық климаттың өзгеруімен тікелей байланысты пайда болған деп пайымдайды. Зерттеуші Кэмпбеллдің мәлімдеуінше, аталған індет алғаш рет Цинхай-Тибет таулы аймағында кеміргіштерден адамдарға жұққан. Біраз жылдан соң Еуропаға өткен.

«Қара өлім» обасының Орталық Азияда кеңінен таралғаны жөнінде тарихи деректерде сақталған. Ыстықкөл маңындағы эпитафиялық ескерткіштің бірінде: «Мұнда Құтылық жерленген. Ол ханшасы екеуі обадан қайтыс болған», - деп жазылған. Археолог ғалым Д.Хвольсон Ыстықкөл маңындағы 200-ге тарта ескерткішке зерттеу жүргізе келе, 1338-1339 жылдарға жататын 72 қабір обадан қайтыс болғандарға орнатылған деген пікірге тоқтайды. Сонымен қатар, Солтүстік Кавказ бен Еділ алқабында орнатылған көптеген құлпытас індеттен қайтыс болғандарға арналған деген пікірлер де бар.

Оба секілді жедел жұқпалы індеттердің негізгі тасымалы адами факторлар. Нақты айтқанда, сауда-саттық секілді қарым-қатынас түрлері аурудың таралып, өршіп кетуіне тікелей әсер еткен. Мәселен, Қытайдың солтүстігінде пайда болған «қара өлім» обасы әуелде суыр, егеуқұйрық секілді кеміргіштерден жұғып, Ұлы жібек жолы арқылы Еуропаға таралды деген пікір бар. Еуропа халқының үштен бір бөлігін жалмаған аталған індет Алдыңғы Азия және Жерорта теңізі жағалауына дейін жетіп, айлақтар арқылы ішкі аймақтарға жайылған.

Осман империясы тұсында да халық арасында көптеген оба індеті таралып, әсіресе, «қара өлім» ауруы асқынған. Екінші Осман сұлтаны Орхан Гази Бурсада осы аурудан қайтыс болған деген деректер бар. Фатих Сұлтан Мехметтің індет салдарынан Стамбулдан шығып, Балқан қалаларын бірінен соң бірін басып алуы обадан құтылудың бір амалы болған деседі. Ал шын мәнінде, Константинополь 1361-62 жылдары обаның ошағы болатын. Кейбір мәліметтерде обаның таралуына әскери шабуылдардың әсер еткені жазылады.

Осман империясының 1453-1600 жылдардағы жорықтары оба індетінің таралуын кеңейте түсті. Яғни урбанизация жағдайы эпидемиялық ауруларға қолайлы орта тудырды. Осман империясының індетке қарсы күресінде XVI ғасырдың өзінде карантиндік тәжірибені кездестіруге болады. Мысалы, оба ошағы болған Стамбұл жеті жыл бойы оқшауландырылды. Құжаттарда 1501 жылғы оба індетінде қала халқының 1/4 бөлігі, басқаша айтқанда, шамамен 25 000 адам қайтыс болды. 1592 және 1648 жылдар аралығында обадан күн сайын адам қырылған.

Осман империясының ең күшті кезеңінде, Сафавилер мен Бабур мемлекеттерінің дамыған шағында, XVI ғасырда сауда жолдарының  қозғалысы мен қауіпсіздігін арттыруды қамтамасыз ететін жаңа аймақтар мен коммуникациялық желілердің құрылуымен обаның бұрынғыдан гөрі жедел әрі кең жайылғаны байқалады. XVII ғасырдың аяғынан бастап Батыс Еуропада оба қаупі аздап сейілсе де, Османлы географиясында сауда жолдары арқылы тарала берді. Измир, Алеппо және Салоники сияқты сауда орталықтары, әсіресе, астанасы Стамбұл қаласы оба індетіне байланысты үлкен шығындарға ұшырады. 1830 жылдары іске асырыла бастаған карантиндік шаралар нәтижесінде оба ауруы ішінара бақылауға алынып, індет бұрынғы күшінен айрылды. Алайда, ең бастысы, обадан гөрі қауіпті тағы бір жұқпалы ауру тырысқақ осы кезеңде ғаламдық қауіпке айналды. Үндістанда жергілікті сипатта көрінген тырысқақ ауруы 1817 жылдан бастап Азия, Африка, Еуропа және Америкаға тез тарап, ғасыр пандемиясына ұласты. Осман елінде бір тұтанған ауру ошағы түрліше жалғасып, кейде 50 жылға дейін созылды. Мұндағы эпидемиялық аурулар ХІХ ғасырдың соңына дейін қанша адамның өмірін қиғанын болжау мүмкін емес. Бұл үрейлі індетпен бірге Еуропаның көптеген құндылығы өзгерді. Еуропада оба індеті етек алғанда олар надандықты тастап, шығысқа бет бұрып, Ибн Сина сияқты ғұламаларды оқи бастаған. Әйгілі Ибн Синаның «Қанун» кітабында алапес, қышыма, шешек, оба, туберкулез сияқты аурулардың жұқпалы екенін анықтап, қорғаныс үшін карантин режимін қолдануды ұсынғаны белгілі. Соның арқасында Батыста ғылым мен медицина тез дамыды. Ал Ұлықбек сынды ғұлама басшыларын өлтірген Шығыста керісінше надандық жайлап, қараңғылықтың құшағында қала берді.

Қазір де жер-жаһан жаңа індетпен бетпе-бет келіп отыр. Көптеген құндылық өзгеруде. Осы орайда Қазақстан Президентінің ғылым мен медицина саласына ерекше ден қоюы қуантады. Осы індеттен қорытынды шығарып, елімізде отандық ғылымды дамытуға, соның ішінде медицина саласын өрістетуге мүмкіндік туады деп үміттенеміз.