Коронавирус • 31 Наурыз, 2020

Коронавируспен күрес: Оңтайлы тәжірибе – Оңтүстік Кореяда

415 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әлемді жайлаған індетпен күресу жағынан Оңтүстік Корея бәрінен озды.  Басында вирус жұқтыру көрсеткіші жағынан Қытайдан кейінгі орында тұрған Кореяны  қазір алғашқы ондықтан да таппайсыз.  Олардың  тәжірибесіне алпауыт елдер де үңіліп, ұтымды тәсілдерін өздеріне енгізіп жатыр.

Коронавируспен күрес: Оңтайлы тәжірибе – Оңтүстік Кореяда

Оңтүстікте Корея – Қытайдан кейн SARS-CoV-2 вирусы алғаш рет тіркелген елдердің бірі. Мұнда індет бірінші рет 20 қаңтарда белгілі болды. Алғашында Уханнан келген Қытай азаматынан табылған. Кейін инфекцияны елге әкеліп, жаппай таратқан Синчхонджи діни сектаның өкілдері болды. Олар вирус өршіп тұрған кезде Уханға барып, сондағы секта өкілдерімен жиын өткізген. Содан кейін Оңтүстік Кореяның Тегу қаласына оралып, өздерінің діни рәсімдерін жасаған. Осылайша, індет бір мезгілде көп адамнан анықталып, ел ішіне таралып кетті. Бүкіл бір елді әбігерге салғанын мойындаған Синчхонджи діни сектаның басшысы кейін кореялықтардан тізерлеп тұрып кешірім сұрады...

Бүгінде Оңтүстік Кореяда вирус жұқтырғандардың саны 9 мыңнан асты. Дегенмен де, бұл ел аз уақыттың ішінде вирустың өршуін басып, өлім көрсеткішін азайта алды. Дәл қазіргі таңда вируспен күресу жетістіктері жағынан кореялықтар алдыңғы қатарға шығып отыр.

Оңтүстік Кореяның тәжірибесіне үңілсек, олардың аз уақыттың ішінде жылдам жетістікке жетуіне ең алдымен медицинасының төтенше жағдайға дайындығы болса керек.  Елде індет тіркелісімен корея билігі 20 медициналық компанияның өкілдерімен кездесіп, экспресс-тесттерді жаппай өндіруге нұсқау берді. Сөйтіп, дәрігерлер уақыт оздырмай, азаматтарды жаппай тестілеуге кірісті. Нақтырақ айтсақ, медициналық қызметкерлер вирус жұқтырғандармен байланыста болған адамдарды ғана емес, тесттен өткісі келген тұрғындардың бәрін тегін тексерді. Халыққа ыңғайлы болу үшін көптеген орындарда тестілеу пункттері ашылды.  Тіпті азаматтар көліктен шықпай-ақ, вирусқа тексерілу мүмкіндігіне ие болды. Қазір мұнда күніне шамамен 20 мыңға жуық адам тесттен өтеді. Мұндай көрсеткішке тестілеу жүргізуді қолға алған Американың өзі жете алған жоқ.

Оңтүстік Корея ауру жұқтырған адамды бастапқы кезінде-ақ анықтап, оларды қоғамнан дер кезінде оқшаулап отырды. Бұған қоса, тек тестілеумен айналысатын 633 орталық ашылды, оның 50-і автотұрақтарда орналасты. Бұл ауруханаға түсетін жүктемені едәуір азайтты. Ал карантиндегі адамдар жеке телефондары арқылы бақылауға алынды.

Оңтүстік Кореяда халықты қатаң карантинде ұстау шарасы да жасалған жоқ. Дүкендері мен дәмханалары ашық болды. Көптеген қоғамдық орындар әлі күнге жұмыс істеп тұр. Соған қарамастан вирус қатты өршімеді. Бұған кореялықтардың тәртіпке бағынатын мәдениетті мінезі де өз әсерін тигізгені анық. «Халықты жаппай оқшаулау – тығырықтан шығар жол емес. Өзін және отбасының қауіпсіздігін ойлаған әр азамат өзі-ақ саналы түрде сақтанатыны сөзсіз»дейді кореялық инфекционист-дәрігер Ким Ву-Джу.

Оңтүстік Корея жетістігінің тағы бір құпиясы –  ауруханаға жатқызу жүйесінің дұрыс ұйымдастырылуында. Бұл елдің дәрігерлері бірінші кезекте созылмалы ауруы бар адамдар мен қарттарды оқшаулап, госпитальдарға жатқызды. Оларды дерті асқынбай тұрып емдеді.

Вирус туралы деректердің дер кезінде халыққа дұрыс жетуі де ауруды ауыздықтауда ерекше рөл атқаратыны белгілі. Бұл миссияны да кореялықтар жоғары деңгейде алып шықты. Коронавирустың өте жұқпалы әрі қатерлі дерт екені телевизиялық хабарларда, метро жарнамаларында, смартфондарда үздіксіз жарияланып тұрды.  

Осылайша, вирусты өршітпеуге бағытталған жұмыстарды жан-жақты кешенді жүргізген Оңтүстік Кореяда қазір індеттің бәсеңсігені байқалып отыр.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ