Қоғам • 31 Наурыз, 2020

Ассамблеяның қайырымдылық марафоны жалғасуда

196 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан халқы Ассамблеясы барлық өңірлерде «Біз біргеміз» акциясын жандандырды.

Ассамблеяның қайырымдылық марафоны жалғасуда

Этномәдени бірлестіктер, ҚХА «Жаңғыру жолы» РЖҚ волонтерлері Атырау облысында короновирустық инфекцияның таралуына жол бермеу бойынша алдын алу шараларын күшейтуде. Күн сайын қарт адамдар, мүгедектер және аз қамтылған отбасылар бетперделермен қамтамасыз етіледі, сондай-ақ азық-түлік себеті түрінде көмек көрсетіледі. Украиндық  «Довира» ЭМБ ересектер мен балаларға арналған бейімдеу орталығына теледидар, жеміс-жидектер, тәттілер тапсырды және қонақтарды бетпердемен қамтамасыз етті.

16-24 наурыз аралығында Ақмола облыстық ҚХА волонтерлері #bizbirgemiz республикалық акциясы аясында 4 қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің үйлеріне жалпы сомасы 240 мың теңгеге антисептика құралдарын, маскалар, дәрі-дәрмек және азық-түліктер жеткізіп берді.

Атырау және Қарағанды облысында ҚХА жастары мен Аналар кеңесі «Біз біргеміз» қайырымдылық акциясын жалғастырды.

Шымкент қалалық ҚХА-ның үйлестіруімен және этномәдени бірлестіктердің күш-жігерімен жергілікті кәсіпкерлермен бірлесіп а.ж. 20-26 наурыз аралығында қоғамдық орындарда, саябақ аймақтарында және қоғамдық көлікте 9 мыңнан астам медициналық бетперделер таратылды.

Шымкент қаласы Еңбекші ауданының өзбек этномәдени бірлестігінің мүшелері 1200 дана сабын, ылғалды сулықтар, антисептиктер, қалаға кіру кезінде блок-бекетте кезекте тұрған азаматтарға медициналық қолғаптарды тегін үлестіруді ұйымдастырды. Осы бағыттағы жұмыстарды ұйымдастыру кезінде қалалық өзбек, түрік, корей этномәдени бірлестіктерінің мүшелері белсенділік пен жоғары азаматтық жауапкершілік көрсетті.

Коронавирус  індеті ел азаматтарының пандемияға қарсы тұрудағы бірлігі мен ұйымшылдығын көрсетті.

Бүгінгі таңда індеттің таралуына барша жұрт жұмыла атсалысуда, өзіміздің және жақындарымыздың өмірі мен денсаулығы біздің өз қолымызда. Жалпы нәтиже әрқайсымызға байланысты, сондықтан #bizbirgemiz акциясы жалғасуда.