01 Сәуір, 2020

"Жымиясың сен неге?!"

1437 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Бүгін – күлкі күні. Ұстаздың жымиған күлкісі тағы көз алдыма келе қалды. Дауысы құлағымда.

Мәдениетті дауыспен мәнерлеп оқи жөнелді:

"Жымиясың сен неге?!"

«Жымиясың сен неге?» Шынымен мен осы неге жымиямын? Мүмкін тереземнен түскен өткір күн сәулесіне тік қарай алмай бетімді тыржитқанымды жымидым деп ойладым ба екен? Мүмкін таң атпай сәуірдің бірі күні мені алдағысы келіп қоңырау шалған құрбымның әзіліне әнтек жымиғанымды есепке жатқызатын шығармын? Мүмкін. Бәрі де мүмкін. Бірақ менің бүгінгі жымиысым басқа.

Біреуді сағына жымию...

Иә, өткен күннің қамсыз күндерінің бірінде сол жанмен не нәрсеге күлгеніміз есімізде жоқ, шек-сілеміз қатып күлгеніміз есімізге түсті ме екен?

Қазақ радиосын қостым. Сатира сардары Көпен аға күлдіріп әңгімесін аяқтап жатыр: «Күле білу – өмір, күлдіре білу – өнер, күлкі болу - өлім».

Иә, мен сол жанды сағынып жымиған сияқтымын...

Абай хакім «Жігіттер ойын арзан, күлкі қымбат» депті.

Қазақ жалпы күлкінің де пәлсапасына тым әріден қарайды екен-ау... Риясыз күлкі, ащы күлкі, мысқыл, орынсыз күлкі, кекесін, дарақы күлкі, жымию, езу тарту, күлімсіреу, қарқылдау...

Жә, осылар да жетер.

Неге жымиып келемін?..

Арқада күлкінің дәстүрлі мектебі өткенін осы күні қайсымыз айтып жүрміз? Айтсаң, күлкілі. Ешбір қазынамызды қорып жүрген жұртқа ұқсамай ыржиямыз. Иә, күлкінің тағы бір түрі қалып барады екен ғой, ыржалақтау... Тіпті ыңғайсыздау күлкі...

Қалың қаракесектің Шаншар абызынан тарайтын жұртты Шаншардың қулары деп атапты. Бойларындағы қуақы мінездерімен, өткір сықақ-келемеждерімен, шанышпа, қағытпа,  ажуа-қалжыңдарымен халық арасында үлкен беделге ие болған тұқым. Кезінде Текебай,  Қантай,Тонтай, Торсықбай сияқты қулар ел есінде әділ әзілдерімен қалыпты.

Ұлы Абайдың нағашылары туралы сөз еткенде тура осы Шаншарлардың еліне соғамыз. Едірей, Егіндібұлақ, Балқантаудың етегіндегі Қу болысының Шаншарлары туралы айтып бастаймыз.  Белгілі ғалым Зарқын Тайшыбай Абайдың нағашылары туралы мақаласында «Ұлы Абай һақында ұлы Әуезовтен сөз қалған ба, Мұхтар не дейді: «Абайдың өз шешесі Қаракесек ішінде Бертіс тұқымы болады. Ұлжанның әкесі Тұрпанмен бірге туысқан Қантай, Тонтай қалжыңмен даңқы шыққан белгілі мысқылшыл, тапқыр күлдіргілер. Бұл әдет - Бертіс, Шаншар руына түгел жайылған мінез. Осы Шаншардың бұрын-соңды заманға шейін аузынан тастамайтын атақты қуы - Тонтай. Тонтайдың барлық өмірі тұтас күлкі боп кеткен. Түгелімен бастан-аяқ жеке-жеке күлкі әңгімеден құралады. Сол әңгімелерге қарағанда Тонтайлар - қалың қазақ ортасының үнемі көңілін көтеріп жүрген, таусылмайтын думан, ұдайы қызық күлдіргісі. Осы Тонтайдың інісі Тұрпаннан  туған әйел бала - Ұлжан. Ұлжанда тұқымының тауып айтқыш қалжыңшылдығы әбден белгілі болған: ... кесек қалжың, әжуаға да Ұлжан көнтерлі, созырлы, тапқыр болған...»

Қатты сырқаттанып, үшкіртуге тағы молла шақыртпақ болған бала-немерелеріне: «Жазыла-жазыла қожа-молдадан да ұят болды, енді өлмесек болмас» деп өз бетін өзі жапқан, пәниден бақиға күліп аттанған әулие атамыз Тонтай – Абайдың нағашыларының бірі. Енді бірде Мұхаң осы ойын өрбітіп: «Ұлжан - мысқылшыл, сатирик, қалжыңшыл адам болған. Міне, осы мінездер Абайға, тегінде, шешесі арқылы енуі керек», деп Зақаң әуелі М.Әуезовке соғады.

Рас, айта берсек Абай атамыздың маңайы да күлкіден кенде болған жоқ... «Абай жолындағы» атақты Жұман қырт қысты күні таңертең дәретке шығып келіп, аздан соң күн бұзылып, қатты жел тұрып, ақ түтек боран болып кетіп, сонда Жұман терезеге қарап, қатынын шақырып алып: ­ Уай, қатын, сен білдің бе? Бағана ұлы жарықта отырып алғаным қандай ақыл болған, ә!» дегеніне күлмей көр... Қиясбайдың ұйқастарына күлмей көр.

Шынымен мен осы неге жымиямын?

Бәлкім Арқаның екінші бір қиырындағы атақты Жынды Ысқақтың марқұм Ақселеу Сейдімбек ағамыз жазып қалдырып кеткен бейпіл сөздері есіме түсе ме екен? Бәлкім Арқаның үшінші қиырынан жынды Әбеннің әзіл әңгімелеріне шегім қата ма екен?

Жалпы, Арқаның бес қазылығындағы біз сілтеген бұл әңгімелер әлі де кешенді зерттеу күтіп миығынан күліп жата тұрсын...

***

Бүгінгі күлкі тым басқа күлкі. Ызалы, ащы күлкі. Еріксіз тартылған езу. Қолда барын қадірлей алмай, қапияда қазынасын жоғалтып алған бейбақтың күлкісіне ұқсайды.

Иә, бейбақ кім, қазына не?

Қазынамыз күлкі еді. «Қымбат күлкі».

«Жымиясың сен неге?» деген пышақтың қырындай ғана қызыл кітапты аштым.

Ұстаздың жымиған күлкісі көз алдыма келе қалды. Дауысы құлағымда.

Мәдениетті дауыспен мәнерлеп оқи жөнелді:

«Құрмет»

«Облыс әкімшілігі Бопыр ақсақалды 80 жасқа толған мерейтойымен құттықтай отырып жастық шағын өткізген жерлерге қыдырып барып қайтуына мүмкіндік жасау үшін жол шығынын өз мойындарына алды. Сөйтіп ол ақсақал Қарлагқа, Степ лагқа және Мәскеудегі Бутырка түрмесіне барып қайтты».

 

Иә, осы ұстаз еді ғой, Валентин күніне алғаш қарсы шығып, 15 сәуір «Қозы Көрпеш Баян сұлу» күні деп атауды ұсынған. Ұсынып қана қоймай, ҚарМУ-дың Студенттер сарайында үлкен кеш ұйымдастырып, үлкен насихатты осыдан он-он бес жыл бұрын бастап кеткен. Көңілді тапқырлар клубында өнер көрсеткен «Ұлдар емес» командасының капитаны Перизат Мырзахметовамен бірге сол кешті жүргізіп тұрдық. Шараға А.Кеңшілікұлы, Е.Төлеутай, О.Жәлел бастаған азаматтар төбе көрсетіп, төрде отырған.

Ол ұстаз жайлы, әрине ұстаз дегенде бізге ұстаз, сырласы, досы жайлы Амангелді Кеңшілікұлы  «Қашан көрсем де жүзі жарқырап, көзі күлімдеп жүретін... Оның біреуге қабақ шытып ренжігенін немесе өкпелегенін өмірімде көрмеппін» дер еді.

Ұстаздың жымиған күлкісі тағы көз алдыма келе қалды. Дауысы құлағымда.

Мәдениетті дауыспен мәнерлеп оқи кетті:

 «Бізге тән елтаңба»

Ресейдің елтаңбасын көрген сайын ойға қаламын. Екі басы бар самұрық құс. Осы бейне олардан гөрі қазіргі біздің елдің болмысын толық ашып көрсететін сияқты. Неге дейсіз ғой? Қараңыз, бізде бәрі екеу. Мәселен, елдің негізгі ұлты қазақты  алайық.  «Дәстүрлі» және «мәңгүрт» болып екіге бөлінеді. Қолданыстағы тіліміз де екеу: қазақ және орыс тілі. Республикадағы негізгі діндер-ислам мен христиан. Мұны да қосып қойыңыз. Сондай-ақ, ең құзырлы органымыз Парламентте Сенат пен Мәжіліс деген екі палатадан тұрады. Астанамыз да екеу. Біреуі кәдімгі ресми, екіншісі  «оңтүстік астана» деп аталатын бейресми. Екі жаңа жылымыз бар: бірін қаңтарда, екіншісін наурызда қарсы аламыз. Соңғы кезде екі әйел алу мәселесі де жиі көтеріліп жүр… Ал енді осыдан кейін менің пікірімнің есі дұрыс емес деп көріңіз».

Ол ұстаз жайлы белгілі өнертанушы, әнші Ерлан Төлеутай да төгілтіп әңгімелеп берер еді. Қарағандыдағы Ж.Бектұров атындағы жасөспірімдер кітапханасы жанынан  «БОТА» клубын құрғандарынан бастар еді қызықты күндерді қимас сағынышпен баяндап... Орталық жұмысында әр жылдарда «Жас қазақ» клубы, журналистердің «Ділмар» баспасөз-клубы, қыздардың «Шынар» клубы қызмет істегенін,  осы орталықта біздің ұстаздың «Білгенге маржан» атты телевизиялық білімпаз ойынының идеясы туғанына куәлік етер еді.  Бұл ойын 6 жыл қатарынан мемлекеттік тілде өткізіліп тұрғанын Қарағанды жұртшылығы жақсы білуі тиіс.  «Білгенге маржан» ойынымен қатар 1999 жылы біздің ұстаз бен Ерлан Төлеутай кітапхана ұжымымен және облыстық телеарнамен бірлесіп, Наурыз мерекесіне арналған «Ғанибет» атты әдеби-музыкалық шоу өткізген. Айта берсек атқарған ісі көп еді-ау...

Ол кісі нағыз кәсіби журналист болатын. Ұстаздың жымиған күлкісі тағы көз алдыма келді. Дауысы құлағымда.

Өзінің ерекше қоңыр дауысымен мәнерлеп оқып тұр:

«Журналист пен қасқыр»

Журналист пен қасқырды бір-біріне қатты ұқсатамын.Оларды аяқтары асырайды. Қазақтың «жүргенге жөргем ілінер» деген мақалы журналистің де, қасқырдың да өмірлік басты қағидасы. Қасқыр қой аңдиды, журналист ой аңдиды. Екеуі де жемтіктеріне жету жолында бастарын қатерге тігеді».

 

Ұстазымызды ақтық сапарған осыдан тура он жыл бұрын аттандырдық...

Жылап-сықтаған жұрт «Шалқыма» концерт залынан ұстазымызды шалқалатып алып шығып, Қарқаралыға қарай жөңкілді...

Ебіл-дебіл жұрттың ішінде жас шәкірті өлең оқып тұрды:

«Жыламайды мәрт ағам жымияды,

Жымиғанын қазақтың қараңыз деп...»

«Қызық»

деп бастады әңгімесін ұстазымыз:

Күн шықты. Жұрт мәз. Жарқырап төбеге көтерілді. Ешкім елең етпеді. Батып бара жатыр. Барша ел қимай тұр».

Біз кейде Мартбек Тоқмырза ұстазымыздың алдында тұрғанда ғана шынайы жымиятын сияқтымыз... Тазалықтың алдында тұрып жымию қандай ғажап!..

Бүгін – күлкі күні.

"Жымиясың сен неге?!"

 

Мирас АСАН,

"Egemen Qazaqstan"