Иә, шынымен де ел басына үлкен сынақ түсті. Көршілес елдермен шекара жабылып, сыртқы экономикалық байланыстарға біраз шектеулер қоюға тура келді. Мемлекеттік шекараның жабылуы республикалық бюджетке кедендік төлемдер мен салықтардан түсетін қаржының бірнеше есе азаюына және еліміздегі импорттық тауарларға бейімделген сауда орындары мен импорттық шикізатқа тәуелді бірлескен өндіріс орындарына қатты соққы болып тиді. Сондай-ақ ірі сауда, ойын-сауық және тамақтандыру орындарының, тағы басқа да обьектілердің уақытша жабылуы елімізде жұмыссыздық мәселесінің көбеюіне себеп болды. Сондай қиындықтарға қарамастан, бұндай жауапты кезеңде сыртқы шекараны жабу және еліміз бойынша төтенше жағдайдың жариялануын Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың дер кезінде қабылданған сындарлы шешімі деп түсінуіміз керек. Мұндай жағдайда ұлттық және мемлекеттік қауіпсіздіктің салмағы мен құндылығы әлдеқайда басым тұратынын ұмытпауымыз қажет.
Осы орайда еліміздің коронавирус қоршауында тұрып, аталған індеттің өзге елдердегідей етек алуына (Қытай, АҚШ, Италия, Испания, Германия, Франция, Ұлыбритания, т.б. елдермен салыстырғанда) жол бермеуіміз алдын ала профилактикалық шараларды дер кезінде тиімді ұйымдастыра білуіміздің нәтижесі екені сөзсіз. Дәйім солай болғай. Билік халық денсаулығын қорғауға баса маңыз бере отырып, шектеу шараларына байланысты туындайтын әлеуметтік мәселелерді дер кезінде шешу үшін ілкімді іс-қимылдар жасап жатыр. Өкінішке қарай дәл осындай сын сағатта «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарғанның орнына, «жығылғанға – жұдырық» дегендей, ел бірлігіне іріткі салуға және елдегі игі бастамаларды аяқтан тартып, сызат түсіруге тырысатындардың да табылып жатқаны бар.
Айталық, қалыптасқан жағдайдағы қиындықтарды еңсеруге 10 миллиард доллардан астам қаржы бөлінді. Төтенше жағдайға байланысты тиісті пайдадан айырылған 1,5 миллионнан астам адамға 42 500 теңгеден көмек көрсету, көпбалалы отбасыларға, мүгедектер мен орта және шағын бизнес өкілдерінің салық-несие төлемдеріне үш ай айыппұл мен өсімсіз (пениясыз) шегеріс беру, коммерциялық жылжымалы мүлік обьектілерін пайдаланып отырған адамдарды арендалық төлемнен босату, басқа да әлеуметтік көмекті қажет етуші субъектілерге тұрмыстық азық-түлік жиынтығын тегін беру шаралары дер кезінде қабылданды. Бұған қоса коронавирусқа қарсы күрестің алғы шебіндегі дәрігерлерді, құқық қорғау және басқа қызмет мамандарын материалдық ынталандыру шаралары да өте әділетті шешім. Сонымен қатар еліміздегі белгілі бизнесмендер мен меценаттар шамалары келгенше патриоттық танытып, 41 миллион доллар ақшаны Елбасының бастамасымен құрылған «Birgemiz» қоғамдық қорына аударды. Сол-ақ екен БАҚ пен әлеуметтік желілерде бар болса көре алмайтын, жоқ болса бере алмайтын пенделер небір алыпқашпа сөздерді қарша боратты.
Иә, кім қанша көмек көрсетсе де, өзінің шама-шарқына және азаматтық позициясына байланысты жасайды. Бұндай азаматтық белсенділікті сынағаннан гөрі, рахмет айтқанымыз әлдеқайда қайырлы болар еді. Қазіргідей қиын-қыстау кезде миллион долларлап ақша аударып жатқандарға тіл тигізсек, көмек көрсетуге ниеттенген басқа азаматтар тартынып қалуы да мүмкін. Шынымен де солай. Өздері түк бере алмайды. Ал берген адамды сынап-мінегенге шебер-ақ. Егер көмек қолын созған меценаттарға қолдау көрсетіп, бұлардан үлгі алу керектігін көбірек насихаттап, үндеу тастап жіберсе, ел арасында патриоттық шаралар бұдан да көбейетінін сөзсіз еді. Мысалы, көршілес Қытай еліндегі бизнесмендер мен меценаттар Уханьда және басқа де індеттің өршіп тұрған жерлерінде коронавирус атты тажалмен бетпе-бет арпалысып жүрген дәрігерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын сырттай зерттеген. «Кім жалғызбасты ана, кімнің үйі жоқ, кімнің мойнында кредит бар» деген сияқты. Сөйтіп өздері ақылдаса келе дәрігерлердің әлеуметтік проблемаларын сырттай шешіп тастаған. Міне, нағыз идеология, нағыз патриотизм дегеніміз осы. Бізде де солай ұйымдастыруға неге болмасқа? Мысалы, қалалық әкімшіліктер арқылы аурухана басшыларынан сонда қызмет істейтін және әлеуметтік жағдайы тым ауырлау дәрігерлердің тізімін алдырту керек. Содан кейін тиісті комиссия құрып, бизнесмендер мен меценаттарды жинап, осы мәселелерді шешу жағын ұсынса, нұр үстіне нұр болатыны сөзсіз. Міне, сонда ғана жиналған ақшаның қайда және қандай мақсаттарға жұмсалып жатқанын естіген халықтың көздері ашылып, көкіректеріне сәуле қонатынына ешбір шүбә жоқ. Бұлай жасау ел арасында билік пен бизнес өкілдеріне деген сенім мен құрметті оята білудің бірден бір тиімді тетігі болатыны ақиқат.
Бұл қиындықтардан да өтерміз. Осы орайда, жеңіс тұғырына қолымыз жеткен кезде ештеңені ұмыт қалдыруға болмайды, әрине. Әсіресе республикалық дәрежеде үлкен марапатты шараларды ұйымдастыру қажет. Сондай салтанатты шараларды өткізу барысында коронавирус атты тажалмен бетпе-бет айқасқан дәрігерлер мен басқа да мамандарды және құқық қорғау органы қызметкерлерін марапаттау шаралары кезінде меценаттарымыз бен бизнесмендерімізді де шет қалдырмағанымыз абзал. Мысалы, коронавирус індетінен адамдарымыз емделіп шыға бастады. Оларды ажал аузынан аман алып шығуға айтарлықтай ат салысқан дәрігерлердің неге атын атап, түрін түстемейміз? Халық білсін бізде қандай білікті мамандар бар екенін. Себебі аталған індеттің нақтылы емі мен вакцинасы әлі табылған жоқ. Сондықтан да біздің дәрігерлеріміз емдеу барысында қандай озық тәжірибелерді қолданғанын да айта кету керек. Осылайша болашақ ұрпақтың бойына қаншама тәлім мен тәрбиенің, сенім мен мырзалықтың және адамгершілік пен жанашырлық сезімдерін сіңіре аламыз. Ал адамгершілік пен азаматтық, сенім мен тәртіп бар жерде ешқашан жеңіліс пен шегініс болмайды.
Бекен НҰРАХМЕТОВ,
Қазақстан Журналистер одағы С.Бердіқұлов атындағы сыйлығының лауреаты