Аймақтар • 01 Сәуір, 2020

Қалаға кіріп-шығуға тыйым салынды

308 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қызылордада коронавирус белгісін жұқтырған алғашқы тұрғын 28 наурызда анықталған еді. Іле-шала Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп келген 65 жастағы осы тұрғынның денсаулығын тексерген емханадағы медбикенің де індетке шалдыққаны белгілі болды. Ал 30 наурыз күні бойы вирус белгісі табылған тағы 3 тұрғын тіркелді. 

Қалаға кіріп-шығуға тыйым салынды

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Осыдан кейін-ақ қауіпті індеттің таралып кетуінің алдын алу мақсатында карантин жарияланды. Облыстың бас санитарлық дәрігерінің 30 наурыз күнгі №4 қаулысына сәйкес кеше сағат 00:00-ден бастап қала аумағына көліктің барлық түрлерінің кіруіне және шығуына тыйым салынып отыр.

 Қаулыға сәйкес діни үйлердің, балабақшалардың, базарлардың, сауда үйлерінің, жеке тұрған азық-түлік емес дүкендердің басқа да халық көп шоғырланатын нысандардың жұмысы уақытша тоқтатылды.

 Азық-түлік тауарларын, дәрілік заттарды, меди­ци­налық бұйымдарды, сон­дай-ақ халықтың тыныс-тір­ші­лігін қамтамасыз етуге арналған заттарды тасымалдай­тын және өнеркәсіптік, ауыл шаруашылығы кәсіп­орын­дарының қызметін қамтамасыз ететін автокөліктерге шектеу қойылмайды. Ал жолау­шылар тасымалымен айналысатын авто және әуе көліктеріне 14 тәулікке дейін қала аумағына кіріп-шығуға тыйым салынады. Соңғы стансасы Қызылорда қаласы болып табылатын пойыздардан басқа бағыт жолаушылары қалаға кіріп-шыға алмайды. Облыс орталығына келетін транзиттік жолаушылар Тереңөзек жә­не Шиелі стансаларынан түсіп, жол бойындағы блок-бе­кеттерге куәландырушы құ­жат­тарды ұсына отырып қала­ға жете алады.

 Азық-түлік сатумен айналысатын сауда орындарының, дәріханалардың және бірінші кезекте қажетті тауарлар сататын орындар күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режімде жұмыс істейді. «Клиенттерге дейін жеткізу» қағидаты бойынша жұмыс істеуге көшетін мейрамханалар мен дәмханалар, қоғамдық тамақтану орындарының санитарлық талапты қатаң сақтауы тапсырылды.

Жағдайға байланысты облыс әкімі Гүлшара Әбді­қа­лықова тұрғындарға үндеу жариялап, артынша жедел штаб отырысын өткізді. Оты­рыста тиісті орындарға меди­циналық бетперде, өзге де құрал-жабдық, антисептиктерге қажетті қаржы көлемін нақтылап, есебін облыстық экономика және бюджеттік жос­парлау басқармасына ұсы­ну тапсырылды. Қашықтан оқы­ту бойынша білім беру ұйым­дары мен оқушылардың дайын­дығын қамтамасыз ету де пысықталды.

Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқар­­масы аймақтағы ірі компа­ниялардың өз қаражаты есе­бінен барлық жұмысшысын коронавирусты анықтайтын тестен өткізуіне ықпал етуі қажет.

Азық-түлік қорын молайтып, оны жергілікті жерлерге жеткізу мәселесін реттей оты­рып, әлеуметтік маңызы бар тауар бағаларының шарық­тауына жол бермеу аса маңызды. Осы мақсатта облыс­тық ауыл шаруашылығы бас­қар­масына облыстық тұрақ­тандыру қорын толықтыру жүктеліп отыр.

Облыс басшысы қала және аудан әкімдеріне, тиісті орындар басшыларына төтенше жағдай режіміне сәйкес қа­уырт жұмыс күтіп тұрғанын ескертіп, анықталған деректер бойынша жұртшылықты дереу хабардар етуді тапсырды.

Осындай қиын уақыттағы күрделі мәселенің бірі жұмыс орындарын сақтап қалу.

– Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеу­меттік бағдарламалар бас­қармасы қала және аудан әкімдерімен бірлесіп, өңір­лер­дегі бос жұмыс орындары­на күнделікті мониторинг жүргізуі тиіс. Төтенше жағдай­дың енгізілуіне байланысты халықтың әлеуметтік осал топ­тарын қолдау сапалы әрі уақтылы жүргізілуі керек, – деді Гүлшара Наушақызы.

Кеше, яғни 31 наурыз күні облыстағы Жаңақорған ау­­да­нының өзінде тағы 8 тұр­ғынның бойынан вирус белгісі табылды. Облыс­тық денсаулық сақтау басқар­масының басшысы Жақсы­лық Әбдісәметов олардың аудан­дық ауруханаға жатқы­зыл­ғанын мәлімдеді.

 

ҚЫЗЫЛОРДА