Ең көп зардап шегіп жатқандар кімдер? Он мыңдаған, жүз мыңдаған қарапайым адамның тағдыры нешік?
Қазір осындай қарапайым сұрақтардың өзіне жауап табу, алдағыны болжау оңай болмай отыр. Қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев, Ресейдегі жағдаймен салыстыра отырып, ертеңімізді бажайлап көрді. "Сауда-өнеркәсіп палатасы Ресей экономикасының коронавирустан келген шығынын есептеді. 8,6 миллион адам жұмыссыз қалған, 3 миллион кәсіпкердің шаруасы күйреген. Шағын бизнес өкілдерінің үштен бірі ғана бір тоқсаннан ары мерзімге шыдай алатынын айтқан" - дейді, Андрей Чеботарев.
Ресей мен біздің экономика құрылымы ұқсас. Қазақстанда қазір 8,8 миллион адам жұмыс істесе, 12 пайыздық төмендеуді ескере отырып, 1 миллион адам жұмысынан айрылады деп болжауға болады. Қазір Қазақстанда 841 мың жеке кәсіпкер тіркелген. Олардың 75 пайызы шыдай алмайды десек, онда 640 мың кәсіпкер банкротқа ұшырайтын болады.
Әр жеке кәсіпкер өзінен бөлек кемінде 2 адамға жұмыс беріп отырғанын ескерсек, онда 3 миллионға жуық адам табысынан айрылып, дағдарыспен бетпе-бет келетін болып тұр. Осы 3 миллионның отбасы, бала-шағасы бар. Нәтижесінде шамамен 9 миллион адам күйзеліске ұшырамақ. Бұл Қазақстанның тең жартысы.
"Бізді коронавирус өлтірмесе, одан кейін келетін аштық өлтіруі мүмкін" - дейді, сарапшылар. Америка Құрама Штаттарының карантинді қатаңдатудан үзілді-кесілді бас тартып отырғаны да содан. Ондағы экономика институттары карантинді созғандағы шығынды алдын-ала есептегеннің өзінде жаға ұстаған болатын.