Қоғам • 01 Сәуір, 2020

Дәстүрді бұлдау ма бұл?!

1064 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Алтын тақпадым» деп жатып кеп өкпеледі орта бойлы келіншек. Шамасы әулеттің «генерал» келіндерінің бірі болуы керек. Аш бүйірін таянған қалпы табан астынан бәле іздеуге бейіл тұр. Жаңа құдалардың алып келген кәдесыйынан күміс қана бұйырғанына бүйі тигендей бүрісті де қалды. Өрісім кеңейеді емес, ұяттан өлдім-ау деген әнтек ойдың жетегіне еріп, әбігерге түсуде. Ағайынның алдында азарда-безер. Өлтірісін өндіріп әкелмеген болашақ құдалардың қылығына күйіп-пісіп барады.

Дәстүрді бұлдау ма бұл?!

Қарақаттай қыздың қалыңмалын сырттан сынап тұрған абысын-ажынның біз де сыбағалы болатын шығармыз деген мінәйі мінезі, көрші-қолаңның күндесше күңкілі мен күбірі, жақын-жұрағаттың кірпідей жиырыла қалуы өз алдына бөлек жосын. Әркім әр нәрседен бір дәметіп, тоғышардай топталып, тілдеп, тіміскілеп тісін батыруда. Араны ашылған ағайынның әбестігін аңдаған су жаңа құдалардың да сөзі сұйылған. Болмашыға бордай тозып, балағаттай жөнелген жамағаттың алдында белге соққан жыландай тұрып қалды. Жинап, сыйлап әкелген дүниең жұмырымызға жұғын болмады, шығып кетер жол әне дегендей, кердеңдеген жүзі суық кісілердің жүрегінің қаттылығына қайран. Бұрымдысының бағы ашылып, барған жеріне тастай батып, судай сіңуіне тілек білдіргеннің орнына киіз кеуделеніп, кесім айтып, кешірімін алмай күсталануы көңілдеріне көлеңке ұялатты. Екі ортада бір-бірін сүйе қосылған екі жастың сезімін табалап, бүгініне бүлік салғаны жандарына батты-ау, сірә. Баласының бақытын ойлап олар үнсіз. Ескі жоралғыны ағаш атқа мінгізбей, аз да болса көптей көруін өтінген жігіт жақ ілтипатпен ізет білдіріп әлек.

Кілем үстіне жайылған жаңа құдалардың жөн-жоралғысы анау айтқандай жаман да емес. Алыстан бақылап тұрған біз соншама таяқ астына алардай мәселе көрмедік, тіпті. Тек адамдардың ниетінің бұзылғаны мен қанағатының қағанағынан қағынғанын ұяттың үлкеніне балап тұрмыз. Ат-шапан айыбына ат мінгізді, сандық толы сыйын берді, алтынмен аптады, күміспен күптеді. Одан артық не керек?!

Әлімсақтан келе жатқан ата дәстүрді аяққа таптаған жоқ. Көрпесіне қарай көсілді. Әдет-ғұрпымыздың әдепкі адымын жасады. Алдын кесіп өтпеді. Ақиқатын айтты. Иіліп жастық, жайылып көрпе болды. Тектіліктен түрен тартты. Жібек орамал жапты. Ақманар шапан кигізді. Ағайынды бөле-жармады. Алысын аңдатты, жақынын жарылқады. Шетқақпайламай, шама-шарқынша үлкенінің де, кішісінің де көңілін аулап, құрқол қалдырмады. «Біздің қыздың үш дипломы бар», – деді долдана, буырқана сөйлеген қатын-қалаш. – «Жұмысында беделді. Қызығып, үй торуылдап жүргендер көп. Жібі түзу жігіт табылады. Қалыңмалын қатырып әкелем дегендер де аз емес. «Тең-теңімен, тезек қабымен» деген. Біз азсынып отырмыз», – деп шымшып сөйледі.

Құда мен құдағи қызара бөртіп, сасып қалды. Не болар екен деп біз де қобалжи бастадық. Достық рәуішпен ымыраға жүгінуін тіледік. Қайта құдай оңдап, қария килікті араға. Істің насырға шауып бара жатқанын аңдаса керек. Ақсақал ағайынға басу айтып, көргенсіздік көрсетпеуін сұрады. Екі жастың ортасына есі кеткен түседі деп ескертті елге. Арғы елмен бергі бұқараға көпір болған екі жастың ыстық махаббатын суытпай, дүбәрә дүниеге құнықпай, ертеңіне елші болар ұлағатты лебіз білдіруін, береке басұйытқы болуын тіледі. Содан кейін қыз жақтағылар қыңыр мінезін қысқартып, сабырға келіп, әңгімесін ары жалғады. «Уһ» деп бір тыныстадық сол мезетте. Досымыздың маңдайынан аққан ащы тер енді құрғай бастағандай болды.

Қазақтың ниеті бұзылғаны ма? Әлде салт-дәстүрдің сорабы ма бұл? Осы екі сұрақ өз иіріміне тарта берді сол сәтте. Дәстүріміздің даңқты дәуірі артта қалса да, жамандыққа қимайды екенсің. Өз қазағыңа тағы да оқ ата алмайсың. Заман құбылған сайын, пенденің пәруайым пейілі де тарылып бара жатқан сияқты. Бұған не дейсіз, алдияр оқырман?

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше