Аймақтар • 01 Сәуір, 2020

Б.Сапарбаев: Құрылған мобильдік топтардың жұмысы сәтсіз жүргізілді

484 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жамбыл облысының әкімі Бердібек облыстық жедел штабтың кезекті отырысын өткізді. Жиында азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне жол бермеу және оның алдын алу шаралары әңгімеленді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов өңірде COVID-19 вирусымен ауырған адамдардың саны бұған дейін тіркелген 3 жағдаймен қалып отырғанын жеткізді.

Б.Сапарбаев: Құрылған мобильдік топтардың жұмысы сәтсіз жүргізілді

Өз сөзінде Марат Жұманқұлов құқық қорғау органдарынан азаматтардың дәрігерлердің заңды талаптарына бағынбауына қатысты мәселелерді шешуге атсалысуын сұрады. Мұндай оқиға Қордай ауданында орын алған. Ондағы тұрғын тек ұзақ әңгімелесуден кейін ғана ауруханаға баруға көніп, қажетті талдауларды тапсырған. Абырой болғанда талдау нәтижесі теріс болып шыққан. Ал егер жағдай басқаша  болғанда, онда мәселе тіпті күрделене түсуі мүмкін екен.

Штаб басшысы Бердібек Сапарбаев облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Темірбек Оразымбетовке нақты тапсырмалар жүктеді. Өзіне де, айналасындағыларға да қауіп төндірген, төтенше жағдай режімін бұзған адамдарға қатысты заңды жазалау шараларын қолданудың маңыздылығын баса айтты. Бұл тапсырма Жуалы ауданының әкімі Нарбай Ергебековке де қатысты еді. Аталған ауданға қарасты ауыл  тұрғынының көкпардан жарыс өткізбек болғандығы анықталып, ол уақытша ұстау изоляторына 7 күнге қамаққа алынған. Сондай-ақ, жиында кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандәулет Кенжебековтің азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру жөніндегі жұмыстарының нәтижесіздігін Бердібек Сапарбаев сынға алды. «Бүгінгі таңда халықты алаңдатып отырған басты мәселелердің бірі – баға тұрақсыздығы. Сіз өзіңіз екі апта ішінде негізгі азық-түлік тауарларының құнының не себепті өсіп отырғанына талдау жүргізіп көрдіңіз бе? Бағаның өсуі көптеген сауда желілерінде байқалуда. Басқа өнімдер туралы айтпағаннын өзінде, ең болмағанда тұз бағасын ұстап тұра алмаймыз. Құрылған мобильдік топтардың жұмысы сәтсіз жүргізілді», деді әкім.

 

Жамбыл облысы