Қазіргі карантин жағдайына байланысты еліміздің бас қаласында көлік қозғалысы күрт азайып, тұрғындардың өзін-өзі оқшаулауы 4,25 балл деңгейіне жеткен. Бұл туралы Нұрсұлтан қаласы әкімінің орынбасары Мәлика Бектұрова Телеграмм-каналында хабарлады.
Жол қозғалысын бақылайтын «Сергек» трафигінің индексі бойынша 2020 жылдың 12 наурызынан бастап, елорда жолдарында көлік саны 71 пайызға азайған. Мамандар «Сергек» жүйесінің карантинге дейінгі және төтенше жағдай жарияланып, карантин енгізілгеннен кейінгі деректерді салыстырған. Сонда бұрын әдеттегі қала тіршілігіндегі күндізгі қозғалыс 0,5 балға тең болса, елорданың түнгі уақыттағы көрсеткіші 4.6 балл болған.
Ал қазіргі карантин кезеңіндегі қалалық қызметтердің, атап айтқанда, полицияның, жедел жәрдемнің, ас-су таситын қызметтердің қозғалысын қоса есептегенде, ең жоғары балл – 4,5-ке ғана жеткен, яғни әдеттегі түнгі кездегі тыныштықпен пара-пар болған. Бұл дегеніңіз бас шаһар тұрғындарының өзін-өзі оқшаулау тәртібін айтарлықтай сақтап жатқанын білдіреді, дейді әкім орынбасары.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ