Руханият • 02 Сәуір, 2020

Тәртіпке көніп, тағдырға бағынатын кез келді

392 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының мәлімдемесінде көп мәселе айтылды. Тек соны жергілікті билік орындары орындай білуі керек.

Тәртіпке көніп, тағдырға бағынатын кез келді

Әсіресе, қазіргідей кезеңде далада егін салып, мал бағып отырған шаруа қожалықтарына барынша қолдау көрсетілсе деймін. Өзім білетін шаруа адамдарына өткен жылы демеуқаржы берілген жоқ. Экономика тұралайды деп әлем шулап, дабыл қағып жатқан мезгілде біздің даламыз назардан тыс қалмауы керек. Жұмыссыздық белең алмас үшін қолдан келгеннің бәрін жасау қажет.

Тағы бір түйткілді мәселе – мектеп оқушыларын қашықтан оқыту жайы. Ауылдарда интернеттің дұрыс жолға қойылмағаны белгілі. Сондай жағдайда балаларды қалай оқытамыз? Бұл да – ойланатын мәселе. Барша ағайынға айтарым: қазір бәріміз үшін сын сағаты туып тұр. Үйден шықпа десе, шықпау керек. Бұл – ешқандай дәріге, ғылымға әл бермей жатқан індет. Ендеше, содан аман қалуды ойлау керек. Індеттен аман қалуға, бәлкім, қайырымдылық, бәлкім, өзіңді өзің сыйлау мәдениетің ия медициналық сауаттылығың, тазалықты сақтай білуің көмектесер. Қыдыруды қояйық, орынсыз жүруді доғарайық! Өз үйіміздің қадірін білейік. Таңда тұрып, «Балам, халің қалай?», «Анам, халің қалай?» дейік бір-бірімізге. Үкіметіміздің айтқанын істейік. Тәртіпке көнейік, тағдырға бағынайық, ұлы күшті мойындайық. Айналайын халқым, абай болайық!

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА,

Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстан Жазушылар одағы Батыс Қазақстан облысы бөлімшесінің төрайымы