Коронавирус • 04 Сәуір, 2020

Індеттің атауында қандай мән бар?

556 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Телегей тарихта адамзат баласына қауіп-қатер төндірген талай індеттің келгені белгілі. Кералаң кезеңнің тезінен өткен тәжірибе – төтеннен келген тажалға табан астында қарсы тұрар қару табыла қоймағанмен, сақтық шараларын барынша қатаңдату. Қасіреті қалың өткен күннен алған сабақтың бір мысалы – жер жаһанға жайылған жаманаттың COVID-19 деп аталуы.

Індеттің атауында қандай мән бар?

Басында 2019-nCoV деп аталған коронавирустың жаңа түрінен туындаған ауруға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы биыл 11 ақпанда ресми түрде COVID-19 деген атау берді. Тарқатып айтсақ, бұл атау «2019 жылғы коронавирус ауруы» дегенді білдіреді. Яғни, түпнұсқадағы «coronavirus disease 2019» сөзінің CO – «тәж», VI – «вирус», D – «ауру» деп қысқартылған нұсқасы.

ДДҰ басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус ұйымның талаптарына сәйкес жаңа індетке айдар тағарда жер-судың, жануарлардың, тағамдардың, сондай-ақ белгілі бір мәдениет пен қызмет түрлерінің атауларымен байланыстырудан аса сақ болу қатаң ескерілетінін мәлімдеді. Әлбетте, бұл – әлдебір халыққа, өңірге немесе экономика секторларына теріс ықпал етпеудің, кемсітпеудің амалы.

Бүгінде пандемия деп сипатталған бәлекеттің атауы ресми бекітілгенше, әлемнің түпкір-түпкіріне неше түрлі аты да тарап кеткені анық. Көбіне «Қытай вирусы» деген атау кеңінен жайылды. Кейбір жерлерде індеттің ушыққан ініне қатысты «Ухань коронавирусы» деп те айтылды. Бұлай атаудың түбінде осынау нәубетке Қытайды кінәлаудың да қылаң бергені рас. Бұған қатты шамданған Қытай елі біраз тарапқа қырынқабақ танытып, қынжылысын білдірді.

Ал Қытайдың өзі бұл ауруды уақытша «жаңа коронавирустың пневмониясы» деп атады. Бұл ағылшынша Novel Coronavirus Pneumonia деп аударылып, NCP деп қысқартылды.

Сайып келгенде, бүкіл дүниенің бүтіндігін, адамзаттың амандығын басты мақсат тұтатын ДДҰ-ның жаңа індеттің атауына қатысты шешімі бұрынғыдан алынған сабақ екені түсінікті. Өйткені осыған дейінгі тарихқа таңбасын қалдырған небір нәубеттің белгілі бір адам, ел, жер-су аттарымен астасуы талайға нұқсан келтіріп, қолайсыздық тудырды.

Әрісін айтпағанда, беріде белең алған Эбола безгегі біраз елді дүр сілкіндірді. 2014 жылы Гвинеяда басталған эпидемия күшейіп, Батыс Африка елдеріне, АҚШ-қа және Испанияға тарала бастады. ДДҰ дерегі бойынша бұл ауруға 28,6 мың адам ұшырап, 11,3 мыңнан аса адам қайтыс болған. Қауіпті індет ең алғаш 1976 жылы Батыс Африкада Эбола өзенінің маңында анықталып, атауы да солай қалыптасып кеткен.

Адамзат тарихындағы ең жойқын пандемияның бірі «Испан тұмауы» деп аталған. Бұл дертті жер ғаламшарының үштен бір бөлігі жұқтырып, 60-100 млн арасында адам қаза тапқан. Кейін H1N1 деп таңбаланған вирустың жеңіл түрі 2009 жылы да байқала бастаған. «Испан тұмауы» деп аталып кеткен бұл індет бүгінде «шошқа тұмауы» деп өзгертілді.

Сондай-ақ «Азия» және «Гонконг» тұмауы деп аталған пандемия 1957-1968 жылдары етек жайды. «Азия тұмауы» 2 миллионнан аса адамның өмірін жалмаса, 1968 жылы басталған «Гонконг» эпидемиясынан 1 миллионға жуық адам қайтыс болды. Қазіргі кезде бұл аталған індеттерде құс тұмауының вирустары болғаны анықталған.

Бұған қоса патшалардың атымен аталған обаларды айтпағанда, жекелеген тұлғалардың есімін иемденген қаншама жаманат дерттер де бар. Мысалы, Даун, Туррет, Рейтер, Клайнфельтер, Альцгеймер, Паркинсон синдромдары сияқты аурулардың аты үрей туғызғанымен, бұлар қауіпті ауруларды анықтаған ғалымдардың есімдері екенін біреу білсе, біреу біле бермес. Бұл аурулардың атын басқаша атау туралы мәселе көтеріп, дау шығарған халықтың да қарасы аз болмаған.

Жалпы індеттің атауынан кемсітушілік, қолайсыздықтан бөлек, сескену, үрейлену сезімі де туындайды. Қандай аты болсын, ықылым заманнан адамзатқа төнген зауалдың атын тура атамайтын ырым бар. Мұның мәні аурудың атын атап, сөз ету оны шақырып, таратумен пара-пар дегенді аңғартқан.

Қазақтар кезінде шешек ауруының атын атамай, әулие, қорасан, мейман, қонақ деп өзгертіп айтқан. Сол сияқты, туберкулезді – құрт, обыр немесе қылтамақты – жаман ауру, гонореяны – жіңішке ауру, сифилисті – самал, мұрнына жел түскен деген сөздермен алмастырып, жұмсартып қолданған.

Бұрынғылар «кет, кет, бәлекет, жерге кет» деп бәдік айтса, ал қазір індеттің атын әнге қосып, аластап емес, әспеттеп жатқан сыңайлы. Бәлекеттің атын бұрмалап айту ел арасында ушығып кетеді деген үрейден туған. Жаманатты қайталап, жарыса айту елдің құлақ етін өлтіреді. Ендеше, вирусты жұқтырғандар көбейген сайын саусақпен санағандай әлеуметтік желіде жар салу қаншалықты қисынды?!