02 Сәуір, 2010

АДАСҚАН АРМАН АЛЫСТАН ҚОЛ БҰЛҒАЙДЫ

796 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театрында Америка драматургі Джон Стейнбектің “Адамдар мен тышқандар” атты туындысының премьерасы болып өтті. Өнер ұжымының өресін кеңіткен, көрерменді ойлы сезімге бөлеген шығарманы Нұрғиса Тілендиев атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті актерлік өнер және режиссура кафедрасының V курс студенті Болат Абдрахманов сәтті қойып шықты. Биыл өзінің он төртінші мау­сымын бастаған театр еліміздің сол­түстік өңіріндегі қазақ өнерін насихаттаудың ошағы саналады. Бірақ, репертуарының кеңдігімен ерекшеленетін ұжым көптеген шет ел авторларының еңбегін сахналап үлгірді. Әйтседе, бұдан бұрын Америка драматургтерінің жалғыз еңбегі (Вестсайд тарихы) көрер­мен­ге ұсынылған еді. Міне, ұжым екін­ші әрі жауапты қадамға бел бай­лап, оны табысты атқарып шық­ты деуімізге болады. Көрермен “Адамдар мен тыш­қандарға” үш күн бойы қол соқты. Бұл әсте оңай шаруа емес. Стейн­бектің терең фило­со­фия­лық ой­ларын жас режиссер қалайша ойната білді? Адамды сан қырлы дүниенің шаттығы мен наласын, жақсылығы мен жамандығын айыруға үйрететін, келер күнге құлшыныс пен тал­пынысқа бау­литын арман, үміт, сенім ұғым­да­ры ұмтылысқа же­те­лейді. Әр адам­ның жолы әр бас­қа, оның сәттілігі мен жаң­сақ­тығы санадағы ұстын­дарға бай­ла­нысты. Дра­маның бас­ты айтпағы адам­дар­дың күйкі тір­ліктің құр­сауында қалып, ру­хани азғындап, өзінің “меніне” мән бермей, тіпті арман­дауға да мұр­ша­сы келмей, бір күндік тышқаншы өмірдің жетегінде жүріп жығылатынын көрсету болатын. Армансыз тір­ші­лік жоқ. Бұл – мәңгілік тақырып. Сюжет басталғанда екі дос – Джордж (Бағлан Иманғазинов) бен Ленни (Төлеубек Көңбай) күнкөріс қамымен жұмыс іздеп, жер бетін аралап жүреді. Джордж өз пайымы бар романтик жігіт, ал Ленни алаң­ғасар, ұмытшақ та ұрыншақ, ке­мі­ру­шілер ішінен тышқандардың те­рісі жұмсақ әрі нәзік болған­дықтан, өзін де аялап, сипағанды жақ­сы кө­ретін бейбақ. Болмыс-бітімі әртүрлі екі достың арманы біреу ғана яғни, азын-аулақ ранчо сатып алып, жеміс-жидек, жаңғақ бауын өсіру, ми­ллиондаған жасыл, көк түсті қоян­дар асырау. Қызыл-жасыл қиял­дың жетегіндегі жігіт­тер­ді тағ­дыр Қара торының (Мұхит Па­лым­бетов) ранчосына кезіктіріп, сонда жұмысқа орна­ла­са­ды. Ондағы шым-шытырық оқи­ғалар армандарды да ағызып өтетіндігі шынайы сах­на­ла­нып өтеді. Ленни Қара торы­ның жеңіл жүрісті “айдай сұлу” әйелін (Айман Майма­мы­ро­ва) кездейсоқ кіш­кен­тай тышқан секілді қыл­қын­ды­рып, өмірін қия­ды. Өзінің ең жа­қын досын ауыр жазадан алып қалу үшін Джордж оны өлтіруге бел буып, то­сын шешімін жүзеге асы­рады. Леннидің көлдің арғы бе­тін­дегі ор­ындалмас арманына қарап тұ­рып көз жұмуы жан дүниеңді шы­мыр­­латады. Джордж байғұс өмірдің мән-мағынасынан айы­рылып, бұл­ың­­ғыр арманынан алыстап қала береді. Жұмыстың жоқтығы, табыл­ғанның өзіндегі ауырлығы мен аз­аптығы, қара жұмысшылардың, же­ңіл­тек мінезді қыз-келіншектердің тағ­­дыры, өзін жоғары санай­тын­дардың әлсіз бен дәрменсізге дауыс қана емес, қол көтеріп, қысым жа­сауы, ақша мәселесі, әділет­сіз­дік­пен күрес сияқты проблемалар шы­ғарма желісінде барынша ши­ра­тыла түседі. Адам бойындағы ақыл мен парасат, өзара сый­лас­тық, түсі­ністік ұғымдарының жиын­тығы Бой­шаң (Зүлкәпіл Батихан), Кенди (Қайрат Мыр­за­бо­латов) образдары арқылы реалистік және роман­ти­калық желімен берілетіні жұрт­шылықты жылы әсерге бөлейді. Ленни – арман, Кенди – үміт, Джордж – уақыттың ны­ша­ны деп алсақ, шығармада осынау үш ұғымның жалғастығы мен жалғандығы шебер бейне­ленетінін атап өткен жөн. Театр қой­ылымы шығарманың нақты сюжеттік же­лісімен ғана сах­на­лан­байтыны анық. Спектакльде бүгінгі күннің кө­ріністері, тыныс-тіршілігі, қо­ғамдық-саяси, әлеу­мет­тік мә­се­ле­лері қамтыла оты­рып суреттелуі ре­жиссердің та­лан­тына бай­ла­ныс­ты. Бұл ор­айда бо­лашағынан үміт күттіретін да­рын­ды жас режиссер Болат Абдрахманов уақыттың ай­шық­ты, өзекті бейнесін нанымды су­­рет­тей білгендігіне шәк кел­тір­ме­й­міз. Мұнда театр труп­па­сы­ның, әуен, киім, декорация, грим, жа­рық беру мәселесімен ай­­на­лы­са­тын адамдардың жан­қияр еңбегі бөлектеп айтуға тұрарлық. Қойылым соңында Болат Абдрахмановпен аз-кем тіл­десудің сәті түскен. “Дипломдық жұ­мыс­та алдымен нені қою керек екен­дігі таңдалады, дейді ол. Көк­шетауға келгенімде қобал­жығ­аным рас. Бұл өңірдің өнерге қатысты ерек­ше­лігі, өз көрермені бар. Театр­дың репер­туарлық сая­сатының қарымы жоғары екен. Төрт ай бойы әріп­тестеріме бауыр басып, көп нәр­сені үй­рен­дім. Ағайындарыма ал­ғы­сым шексіз. Көк­шетау театры мені ізденіске бас­тады. Гордон Крэг айт­қандай, ре­жиссер толық тә­­уелсіз бола алмайды. Оның ең­бе­гі драматург жазған мә­тінге, труп­­паға, су­ретшіге, ком­по­зи­торға бай­ланысты. Кәсіби тұрғыдан кел­сек, режиссер өз ойының 60 па­йызын жүзеге асыра алса, ба­қытты саналады екен. Мен Көк­ше­таудан осы деңгейлес адам ретін­де атта­на­тыныма қуаныш­ты­мын”. Бақберген АМАЛБЕК,  Ақмола облысы.
Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20