Жарлықтың негізгі мазмұны – аймақтардағы әкімдерге аумақтық қорғаныс бригадасының штаттық құрамына қарай белгілі бір өңірдің қажеттілігі негізінде әскери даярлықтан өтуге міндетті тұлғаларды шақыруға мүмкіндік беру. Бұл шара ең алдымен азаматтарымыздың қауіпсіздігін тиімді әрі толыққанды қорғауға бағытталып отыр.
Ведомство басшысының айтуынша, Жарлыққа сәйкес әскери жиындар 3 ай мерзімге дейін созылуы мүмкін. Алайда нақты мерзімді жергілікті әкімдер белгілейді. Олар арнайы қаулы қабылдап, әскери жиын ұйымдастырады. Сондай-ақ қажеттілікке және барлық іс-шаралардың орындалуына қарай жиындарды тоқтата алады.
– Бірқатар аймақта әскери жиындарға шақыру мәселесі мүлде қажет болмауы да мүмкін. Әскери бөлімдеріміз орналасқан аймақтарда әскери қызметшілердің басым бөлігі түрлі іс-шараларға жұмылдырылып үлгерді. Әскери қызметшілердің бір бөлігі өзге аймақтарға жіберілді. Жалпы алғанда, Қарушы Күштерге артылған міндеттемелер толықтай орындалуда, – деді Н.Ермекбаев.
«Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Жарлығына сәйкес, әскери есепте тұрған және денсаулығы жарамды деп танылған ел азаматтары арнайы жиындарға шақырылуға жатады. Алайда, мемлекеттік органдарда қорғанысты, қауіпсіздікті және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ететін лауазымдарда жұмыс істейтін адамдар; мемлекеттік, азаматтық және сынақ авиацияның авиациялық қызметкерлері; ауыл шаруашылығында және ауыл шаруашылығы техникасын жөндеу ұйымдарында жұмыс істейтін тұлғалар егіс және орақ жұмыстары кезеңінде; білім беру ұйымдарының күндізгі оқу бөліміндегі педагогтар оқу жылы кезеңіне; білім беру ұйымдарында күндізгі оқу бөлімінде оқитындар; әскери міндетті әйелдер; он сегіз жасқа толмаған үш және одан да көп балалары бар адамдар; қылмыстық заңнамаға сәйкес, оларға қатысты іс жүргізу әрекеттері жүзеге асырылатын адамдар; Парламенттің немесе жергілікті өкілді органдардың депутаттары болып сайланған (тағайындалған) әскери міндеттілер әскери жиындарға шақырудан босатылады.
Жиын кезінде әскери міндеттілер Қарулы Күштердің әскери қызметшісі мәртебесін алады және «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Жарлығына сәйкес, оларға әлеуметтік сипаттағы барлық жеңілдіктер қолданылады. Тамақпен, қажетті заттармен және медицинамен қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар әскери жиындар кезеңінде әскери міндеттілердің жұмыс орны және атқаратын қызметі сақталады. Оларға мемлекет есебінен орташа жалақы, ал жұмыс істемейтін адамдарға – ең төменгі еңбекақы мөлшері төленеді. Мәселен, әскери жиынға шақырылғанға дейін әскери қызметшінің жалақысы 200 000 теңгені құраған болса, жиындағы әр айда ол 200000 теңге алады. Ал ең төменгі еңбекақы мөлшері – 42500 теңге.
Ведомство басшысы әскери міндеттілер денсаулығына, отбасы жағдайына, жасына қарай қорғаныс істері жөніндегі өңірлік бөлімдер (әскери комитеттер) арқылы жиындарға шақырылатынын атап өтті. Жиынға шақыру кезінде еріктілерге бірқатар артықшылық беріледі. Мәселен, азаматтар тұрғылықты жері бойынша жиындарға шақырылатын болса, онда күн сайын қызметтік іс-шараларды орындау аяқталғаннан кейін олар өз үйлеріне орала алады.