Қазақстан • 06 Сәуір, 2020

Карантин кезінде ет бағасы қымбаттайды ма?

438 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елдегі төтенше жағдай кезінде ет нарығындағы жағдай жақсарып, сұраныс артқан. Бұл туралы ет одағының басшысы Мақсұт Бақтыбаев lS-ке берген сұхбатында айтады.

Карантин кезінде ет бағасы қымбаттайды ма?

Қазіргі жағдайда мемлекет басшылығы тарапынан ауылшаруашылығы саласына айтарлықтай көңіл бөлінгенімен саладағы түйіткілді мәселелер әлі де болса оң шешім таппай отыр.

̶ Президент ауыл шаруашылығына басымдық берді. Халықты толықтай арзан азық-түлікпен қамтамасыз ету қажеттігі туындап отыр. Алайда жарияланған шаралар біздің сектордың дамуына жан-жақты жол ашты деп айтуға келмейді. Ет нарығындағы келеңсіздікті жою үшін бірқатар шаралар пакетін ұсындық. Оң шешім жақын арада қабылданады деп үміттенеміз, – деді ет одағының басшысы.

Оның айтуынша, осыдан екі жыл бұрын бұл саладағы фермерлерге 15 жылға 4% жеңілдікпен несие беру бағдарламасы іске қосылған болатын. Сол кезде ауыл шаруашылығы қызметкерлері мүмкіндікті белсенді пайдаланған. Бірақ кейін бағдарламаның шарттары өзгеріп, қолжетімділігі төмендеді, сұраныс күрт кеміді. Ауыл шаруашылығы саласының тамырына қан жүгірту үшін фермерлер өтей алатын несие шарттары ұсынылу керектігін айтады сала мамандары.

Карантин кезінде еліміздегі бас қалаларда сырттан келетін еттің көлемі кемігендіктен базарлар мен сауда орталықтарындаға бар еттің бағасы аспандап шыға келді. Ет сатушылар бағаның қамбаттауы тапшылық салдарынан туындап отырғанын да жасырмайды. М.Бақтибаевтың айтуынша, сиыр етінің өсу теңгенің әлсіреуіне әсер етпейді.

̶ Мысалы, 2015 жылы теңге әлсіреді. Ал ет бағасы бір жылдан кейін ғана қымбаттады. Қазіргі жағдайда да баға бірден қымбаттамайды, ̶ деп сендірді одақ басшысы.

Оның айтуынша, алдағы уақытта сиыр етінің бағасы біртіндеп көтеріле бастайды. Әсіресе, науқан саналатын желтоқсан-қаңтар айларында баға шарықтап кетуі әбден мүмкін. Қазіргі төтенше жағдай кезіндегі бағаның өсуі 5 пайызды құрайды екен.

Елдегі құс еті нарығы да қалыпты деңгейде. Базарлар мен сауда орталықтарында карантин кезінде құс еті мен жұмыртқа бағасы килограммына 650-700 теңге шамасында болады деп күтілуде. Қазіргі уақытта етің бұл түріне тапшылық байқалмайды. Себебі, құс өсірушілерде 3,5 мың тонналық өнім қоры бар. Сондай-ақ, мемлекеттік резерв 7 мың тонна ет сатып алуды жоспарлап отыр.