«Педагогикалық жоғары оқу орындарының ең басты миссиясы – мектеп мұғалімдеріне әдістемелік тұрғыдан көмек көрсету. Қазіргі күнде мұғалім мамандарын дайындайтын ұжымның алдында аталған міндетті жүзеге асырудың орайы туып отыр» деп атап өтті Ж. Асан.
Коронавирус індетіне байланысты еліміздегі мектеп оқушылары мерзімінен бұрын демалысқа шыққаны белгілі. 5 сәуірден бастап олардың демалыс мерзімі аяқталып, ал 6 сәуірден Қазақстандағы орта мектептер қашықтан оқыту технологиясы мен онлайн түрде білім алуға көшуде.
Еліміздегі қашықтан оқыту технологиясы арқылы оқушыларға білім беруді оңтайлы ұйымдастыру үшін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті мектеп мұғалімдері мен оқушыларға нақты қолдау көрсету бойынша бірқатар істі қолға алды.
«Бұған себеп те жоқ емес. Еліміздегі педагог кадрларын даярлайтын іргелі оқу орнының қашықтан оқыту технологиясы бойынша көпжылдық тәжірибесі бар. Университеттің профессор-оқытушылары 8 жылдан бері аталған әдісті сәтті пайдаланып келеді» дейді оқу орнының ресми өкілі.
Қолға алынған шара барысында бітіруші курс студенттері педагогикалық практика шеңберінде мектеп оқушыларына онлайн форматта тапсырмаларды орындауға, тәрбие жұмысы бойынша интерактивті іс-шараларды ұйымдастыруға, сандық технологияларды қолдана отырып сабақтарға дайындалуға көмек көрсетпек.
Сонымен қатар болашақ мамандар мектеп мұғалімдеріне заманауи технологияларды пайдалана отырып сабақтар мен тапсырмаларды даярлауға, ата-аналар және білім алушылармен онлайн түрде өзара қарым-қатынас жасаудың әдіс-тәсілдерімен кеңінен таныстырмақ.
Университеттің профессор-оқытушылары да бұл істен қалыс қалмайды. Олар аталған жоба шеңберінде қашықтан оқыту технологиясының ерекшелігі туралы өз тәжірибелерімен бөлісіп, әдістемелік көмек көрсету бойынша шеберлік сыныптар сериясын ұйымдастыруды бастап кетті.
Атап айтқанда, алғаш болып Информатика және қолданбалы математика кафедрасының аға оқытушылары Назгүл Маметжанова мен Ләззат Рсалина «Білім берудегі онлайн платформалар» тақырыбында вебинар өткізді. Оған Алматы қаласының Алмалы, Алатау, Әуезов, Бостандық, Медеу, Жетісу, Түрксіб және Наурызбай аудандарындағы жалпы білім беретін мектеп, гимназия мен лицейлердің 100 мұғалімі қатысты.
Алдағы уақытта бұл шара жалғасын таба беретін болады. Оған еліміздің өзге де өңірлеріндегі мұғалімдер қатыспақ.
Вебинарлар мен шеберлік сыныптары Қыздар университетінің YouTube желісіндегі ресми парақшасында жарияланады.