Экономика • 06 Сәуір, 2020

Ауылшаруашылығы мен кәсіпке ден қойсақ

896 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ғылыми–техникалық прогресс қаншама қарыштап дамып жатқанымен, адамзат өркениеттен орта ғасырға бір-ақ аттап топ ете түсетінінің шет жағасын көрсеткендей болды мына аты жаман короннавирус эпидемиясы. Егер де, қарқыны бұдан да күшейіп (құдай оның бетін ары қылсын) күллі адамзат баласы Италия елі құсап игере алмай қалатын болса одан арғысын ойлаудың өзі қорқынышты.

Ауылшаруашылығы мен кәсіпке ден қойсақ

Банк жүйесі мен байланыс жүйесі істен шықса болды, әлемдік экономика көз алдыңда қирайды, яғни, құнды қағаздар, акция, қағаз ақшалар нарығы секілді көпіршік жарылады да әлемдік қаржы нарығының әуселесі белгілі болады. Бұлай болмай ақ қойсын әрине, дегенмен, Қытайдың бір қаласынан шыққан тымау секілді вирустың өзі әлемдік экономиканы тұралатып кеткені жасырын емес. Бәрінің зардабы ертең-ақ, посткарантиндік кезеңде белгілі болады.

Шикізат саласы (әсіресе, мұнай саласы) әлдеқашан әлемдік саяси ойыншылардың ойынына айналған. Қалаған кезде бағасын құлдилатады, қаласа өсіреді. Осыған байланысты мұнайға тәуелді елдердің экономикасы да бір жүріп, бір тұралап жатады.

Қай кезеңде де, қай заманда да ғасырлардан ғасырларға ұласып келе жатқан, ешбір кезеңдік экономикалық дағдарыстар әсер етпейтін бір сала болса, ол – ауылшаруашылық және соның айналасындағы өнеркәсіп салалары (тамақ және мақта –мата, киім өндіру салалары). Біздің еліміз неге екені белгісіз, отыз жылдың ішінде осы аталған салалардың базасының барлығынан айрылды. Оның орнына индустриалды–инновациялық салаларды (цифрлық Қазақстан), банк жүйесін дамытуға ерекше ден қойды. Дұрыс қой, аталған салаларға қарсылығымыз жоқ, бірақ, ауылшарушылық пен өнеркәсіп саласын да қоса алып жүру керек қой. Жаңағы индустриалды инновациялық салалар мен қаржы саласы 100 қазақтың екеуі ғана айналыса алатын салалар ғой. Қалған 98 қазақ қайтпек. Жұмыссыздық деген осыдан шығады. Қалған 98 қазақ айналысатын және еліміздің экономикасын алға  сүйрейтін сала да да осы ауылшаруашылық және өнеркәсіп саласы еді ғой.

Кигенің қытай мен қырғыздың, түріктің киімі болса, жегенің өзбектің көкөнісі, бразилияның еті, қытайдың ұны болса, индустриалды–инновациялық, цифрлық Қазақстаннан не опа, не қайыр? Дағдарыс сайын ұлттық қордан бәленбай млрд. қаржымен банк саласына көмек көрсетіледі де жатады, одан да осы салаға көмек беріліп, баяғы базаларын қалыпқа келтіруіміз тиіс еді ғой. Бұл салаларымыз қалпынша істеп тұрса Кедендік одақ та біздің пайдамызға шешілмес пе еді?

Әлі де кеш емес. Аталған салаларды көтеруді мектеп бағдарламасынан бастауымыз керек. Мектептердегі еңбек кабинеттері толықтай жаңа заманға сай жаңа үлгіде жабдықталуы тиіс. Қыздарға тігін машиналары мен аспаздық кабинеттері, ұлдарға агротехника, ағаш және темір станоктары кабинеттері керек. Сонымен қатар тері илеу, қолөнер, киіз басу, текемет тігу секілді қосымшалардың саны көбеюуі керек. Еңбек пәнінің өзі аптасына бір-ақ рет екен. Жоқ дегенде төрт ретке көбеюі тиіс. Енді осы салалардың арнаулы мектептерінің, яғни кәсіптік–техникалық колледждерінің санын көбейтіп, базаларын толықтай жаңартып, байытып беруге тиіспіз. Осы арқылы жас буынды нақты кәсіпке баулып, біз ең алдымен жұмыссыздықты азайтамыз. Сол арқылы еліміздің экономикасын аяққа тұрғызып, экономикалық тәуелсіздікке қол жеткіземіз. Ал экономикалық тәуелсіздік – шынайы тәуелсіздік!

Әлікен Жәнібек, 
«Ұлағатты ұрпақ» қоғамдық қорының төрағасы